Елордада тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуының 25 жылдығына арналған «Ғарышқа ғылым арқылы» тақырыбымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға алыс-жақын шет мемлекеттердің ғалымдары мен отандық ғарыш саласының үздік мамандары және университет студенттері қатысып, адамзаттың аспан әлемін танып-білу мен ғарышты игеруге қатысты соны жаңалықтарды сөз етті.
Халық қаһарманы, КСРО-ның ұшқыш-сынақшысы, техника ғылымдарының докторы, «Тұран-Астана» университетінің профессоры Тоқтар Оңғарбайұлының ғарышқа алғаш ұшуы мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойының тұспа-тұс келуі айрықша атап өтерлік жайт. Соған сәйкес, жастардың ғылымға бет бұруында баспалдақ саналатын университет шаңырағында ұлт батырымен арнайы кездесу өткізудің астарында терең мән жатыр.
«Бұл жерде біздің көздегеніміз, бүгінгі жастарымызға өз ғарышкерлерімізді үлгі, өнеге ете отырып, ғылымды насихаттау. Осылайша, олардың зерттеулері мен интеллектуалдық әлеуеттерін кейінгі толқын іні-қарындастарымызға оқытып, үйретсек деген ниетпен жүзеге асырылып жатқан шара», – дейді аталмыш оқу орнының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Темірхан Толқынбаев.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған конференция болғандықтан, мұнда бас-аяғы 122 баяндама тақырыптық сессияларға бөлініп, тыңдалды. Отырысқа жетекшілік еткен «Тұран-Астана» университетінің ректоры, профессор Гүлжамал Жапарова: «Қос мерекенің қатар келуіне орай, жастарымыз үшін біз осындай танымдық тұрғыда берері мол кездесу ұйымдастыруды жөн көрдік. Бүгінгі жиынға ұлтымыздың қос мақтанышы – Тоқтар Оңғарбайұлы мен үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетов ғана келген жоқ, Ресейді айтпағанның өзінде, Ұлыбритания мен Түркия, Болгария, Қытай, Украина сынды мемлекеттердің де ғарыш саласына еңбегі сіңген үздік ғалым, мамандары шақырылып, арнайы дәріс оқуда. Біз үшін бұл – зор жетістік. Жастарымыздың ғылымға бет бұрып, отандық ғарыш саласының, жалпы ғылымның дамуына үлес қосуы осындай конференциялардан бастау алса керек», – деді.
«Қазақстан ғарыш сапары» ҚК» АҚ пен еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарының және Ресей, Украина, Болгария, Түркия, Қытай университеттерінің атсалысуымен өткен жиынға ғарыш саласы бойынша танымал отандық және шетелдік ғалымдар, Қазақстан мен Ресей ЖОО ректорлары да қатысты. Сондай-ақ, азаматтық авиация өкілдері мен Мәжіліс депутаттары және қоғам қайраткерлері үн қосып, пікір алмасқан алқалы жиында Тоқтар Оңғарбайұлының құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырылып, арнайы сый-сияпат жасалды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»