«Егемен Қазақстан» газетінің 8 қазан күнгі санында Александр Тасболатовтың «Абайлаңыз... айықтырғыш!» тақырыбымен материал жарияланған болатын. Онда мемлекет тарапынан ішімдікке қарсы күрес жүргізудің түрлі амал-әрекеттері тиісті заңнамалық негізде жасалып жатқанымен, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отырғаны жайында жазылған еді.
Енді, міне, осы мәселеге байланысты ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев медициналық айықтырғыштарға қатысты арнайы түсіндірме жасады. Құзырлы орган өкілі өз мәлімдемесінде 2010 жылы 32 медициналық айықтырғыш (қазіргі уақытта Уақытша бейімдеу және оңалту орталықтары) денсаулық сақтау органдарының құзыретіне берілгенін және бұл ретте мас адамдарды тиісті орындарға жеткізу функциясы ішкі істер органдарының құзыретінде қалдырылғанын айтады. Сонымен қатар, ол: «ел ішінде осындай 29 орталық жұмыс істейді, оларда барлығы 598 төсек-орын болғанымен, қажеттілік толық қамтамасыз етілмейді. Біз қолданыстағы орталықтарды 240 төсек-орынға кеңейтуді ұсынамыз және 595 төсек-орынды қамтитын қосымша тағы да осындай 38 орталық ашуды ұсынып отырмыз», – дейді А.Садубаев.
Оның айтуынша, мұндай мекемелер барлық аудан орталықтарында болған. Қазіргі уақытта олар тек қалалар мен облыс орталықтарында жұмыс істейді. ІІМ мұндай орталықтармен еліміздің барлық аудандарын қамтуды көздеп отырған жоқ. Ал кейбір жекелеген үш-төрт аудан үшін бір орталық бөлсе, жеткілікті болады деп болжануда.
Айта кетейік, қазіргі уақытта мас күйінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар саны шарықтау шегіне жетіп тұр. Ағымдағы жылдың 9 айында мас күйінде 14 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылықтар жасалған болса, өткен жылдың 12 айында бұл көрсеткіш 12,7 мыңды құраған. Сонымен қатар, мас күйінде құқықбұзушылық жасағаны үшін ұсталған адамдар саны да күн санап артып келе жатқанын статистикалық деректер растайды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»