18 Қазан, 2016

Ажырасулар азаймай тұр

270 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
rastorzenie_brakaҰлттың ұлт болып ұйысуында аналардың алар орны ерекше. Дей тұрғанмен, сол ана атанар қыз-келіншектерімізді қорғау мен қолдау жайы қалай деген сұрақтар көкейді мазалайтыны тағы рас. Нәзік жандылардың қызмет бабындағы жағдайы, жұмыссыздық, балаларын жалғыз өзі тәрбиелеу қиындығы немесе басқа да көптеген келеңсіздіктерге ұшырауы қолдау мен қорғаудың жеткіліксіздігін ашып беріп тұрғандай. Әрине, бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда және арнайы комиссиялар да құрылған. Мектептерде өтетін әдеттегі ата-аналар жиналысынан қалмауға тырысамыз. Сондай бас қосулардың бірінде мұғалім бір қыз баланың сабағы нашарлап кеткендігін, оның себебі, әлгі оқушының әкесі мен шешесінің ажырасуынан екендігін алға тартты. Не керек, әлгі қыз біртіндеп мектепке де келуді қоя бастаған, бірде анда, бірде мұнда түнедім деп сабағына да селқос қарауды шығарыпты. Ата-анасының назарынан тыс қалған мұндай бала қатарынан қалып қоятыны да рас. Ата-ананың жылуын көрмеген, мейіріміне қанбаған балалар ертең еліміздің тұтқасы бола ала ма? Осы тұрғыдан келгенде, көптеген отбасылардың шаңырағы ортасына түсіп, өмірлері ойран болуда. Сосын оның астарында нендей себеп жатыр деп айта аламыз. Қазіргі кезде біз батыстық құндылықтарға еліктеп, еркек пен әйелді теңестіреміз деп жүріп, бір-бірін ерегістіріп қойдық. Ерлердің істегенін біз де істей аламыз дейтін нәзік жандылар өздерінің жаза басқандарын білмей де қалады. Еріне мойынсұнбаған әйелден не қайыр?! Қызмет пен қызық қуған қыз-келіншектер моральдық нормадан аттап, күйеуінің алдындағы құрметінен айырылып жатуы да сондықтан. Ақша тауып, өздерінің жүріс-тұрысына еркіндік алған кейбір нәзік жандылар жылулық пен құрметті сырттан іздеп те жатады. Соның салдарынан ортада пайда болған жарықшақты қанша жамасаң да жалғай алмайсың. Өздерін сабырға шақыра алмай жүрген ерлі-зайыптыны алдап-арбап олардың бірінің әйелін, бірінің күйеуін тартып алушылар да аз емес. Адам ба, әлде қоғам азды ма? Жақында Шымкентте денесін күйік шалған (55 пайыз) 1971 жылғы Дильбар атты әйел есін жия алмастан бақилыққа аттанды. Оның мұндай қадамға баруына жұбайымен ажырасуы себеп болған. Қоғамнан теперіш көрген еркектердің қиналғанынан жары мен балаларын тастап кетіп жатқанын босқа кінәлау да орынсыз болар. Бірақ жалғызбасты аналардың қиналып жүрген жағдайын көргенде еріксіз күмілжуге тура келеді. Біреулер тұрмыстың тауқыметінен өзіне қол салып жатса, екіншілері денесін саудалап байлыққа бата қалмақшы... Өкінішке қарай, соңғы кезде ажырасулар азаймай тұр. Неке бұзылуы ең төмен елдердің қатарында діні мен ділі ұқсас елдер – Өзбекстанның көрсеткіші 8 пайыз, ал Тәжікстанда 6 пайыз көрінеді. Қазақстан 27 пайыздық көрсеткішпен ерекшеленіп тұр. Бұл – өте алаңдатарлық жағдай. Ажырасуға көптеген факторлар ықпал етеді, соның ішінде ерлі-зайыптылардың арасына үшінші жақтың араласуы, қаржы жетіспеушілігі, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жұмыссыздық, бала көтермеу мен бедеулік және тағысын-тағылар бар. Бұл тұрғыда балалы әйелдерді қорғау бағытында нендей шаралар қолға алынған дейміз? Атап айтқанда, қазіргі кезде «Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы» тұжырымдама, 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік стратегия және «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заң жүзеге асырылуда. Алайда, көптеген мәселе қаржыға барып тірелерін ескерсек, бұл құжаттардың орындалуы үшін нақты қаржылық қолдау қажет екені даусыз. Әсіресе, қазіргі жаһандық экономикалық дағдарыстық жағдайда жергілікті жерлерде ана мен баланы қорғау мен қамқорлық көрсету ерекше мәнге ие. Еліміз тұрғындарының 50 пайыздан астамы нәзік жандылар екендігін ескерсек, еңбекке жарамды азаматтарымыз ішінде әйелдердің 40 пайыздан астамы ғана жұмыс істейді. Және де ішкі жалпы өнімге қосқан әйелдер үлесі де осыншама деп бағаланып отыр. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»