Ұлттық музейдің «Астана» ұлттық сурет галереясында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала мұрасы» атты сәндік-қолданбалы өнер туындыларының көрмесі ашылды.
Қолөнер – атадан балаға даритын кәсіп. Соның айғағындай, ел ішінде он саусағынан өнері тамған, қолөнердің сан саласын меңгерген ісмерлер аз емес. Оған қоса, бұл күнде жоғары оқу орындарында қолөнердің түр-түрі бойынша арнайы мамандар даярланып шығады. Галереяға қойылған өнер туындылары ішінде жеке адамдардың да, жоғары оқу орындары оқытушылары мен студенттердің де үздік жұмыстары болды. Бұл орайда Қазақ ұлттық өнер университеті мен Қазақ технология және бизнес университеті оқытушылары, Қытайдан келген қандастарымыз керемет әшекейленген, әсем бояулы, ағаш, тері, сүйектен жасалған бұйымдарын қойды. Сондай-ақ, тоқыма, киізден жасалған туындылар қойылды. Бұл бұйымдардың бірқатары зергерлік өнердің биік дәрежесіне жетіп, халықаралық көрме, фестивальдерге қатысушы шеберлердің қолынан шыққан екен. Көрме жайында пікірін білдірген «Астана» ұлттық сурет галереясының бөлім басшысы, көрмені ұйымдастырушы Ғалия Бәкірланова көрменің жас ұрпаққа керемет патриоттық, эстетикалық тәрбие беретінін, рухани азығын сыйлайтынын айтты.
– Біз осындай тамаша туындыларды көргенде өзіміздің бай мәдениетіміз үшін, халық ішінде керемет талантты адамдардың бар болғаны үшін мақтаныш сезімде боламыз. Өйткені, бұл кез келген адамның қолынан келе бермейді. Асқан шыдамдылықты, ұқыптылықты, ең бастысы – талантты қажет ететін өнер бұл. Әсіресе, көрмеге келіп жатқан жастар еліміздің мәдениеті мен өнерінен жан азығын алатыны қуантады. Екіншіден, ертеңгі күні ЭКСПО-ға алдымен осындай қолөнер бұйымдарын шығарамыз ғой. Сонда «Қазақстанда жасалған» деген белгі үшін де марқаятын боламыз, – дейді Ғалия Бәкірланова.
Көрме соңы қолөнердің әр түрінен, атап айтқанда, киіз бұйымдарын жасаудан, тері өңдеуден, біз кесте мен ине кестені қолданып, ою-өрнектер салудан, ағаш өңдеу мен қыш өңдеуден шеберлік сыныптары өткізілді. Шеберлік-сыныптарын өз салалары бойынша 17 шебер жүргізді.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»