Дін саласына қатысты ақпараттық саясатты оңтайлы жүргізудің қоғамымыз үшін пайдасы зор екені белгілі. Осы орайда өткен жұма күні Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Ақпарат комитеті арнайы семинар ұйымдастырды.
Мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысқан семинар «Дінаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру және БАҚ-та лаңкестік пен діни экстремизм мәселелерін жариялау ерекшеліктері» тақырыбын қамтыды.
Жиынды Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин ашып, көрсетілген тақырып бойынша хабарлама жасады.
– Елімізде 18 конфессия бар. Олардың өкілдері бір-бірімен ынтымақтасып, қоғамымызға қажетті түрлі әлеуметтік шараларды бірлесе атқаруда. Бұл Қазақстандағы конфессиялар арасындағы жарасымды қарым-қатынасты көрсетеді, – деді Ғ.Шойкин. Сондай-ақ, комитет төрағасы мемлекеттік органдардың заңды тіркелген діни ұйымдармен тығыз байланыс орнатып отырғанын, олардың қызметін заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуде тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылып келе жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, спикер дін саласындағы кейбір маңызды мәселелерге де тоқталды.
– Діннің атын жамылып, ел ішіне іріткі салып, түрлі алауыздықтар тудырғысы келетіндер қоғамымызда бар. Бұл жағдаят қазіргі таңда күн тәртібіндегі өзекті жайттардың бірі болып тұр. Аталған мәселе тек біздің елімізге ғана тән емес. Ол бүкіл әлемді толғандырады. Діни экстремизм мен терроризм өзінің ауқымын кеңейте түсті, – деді спикер. Оның айтуынша, еліміздегі дін саласындағы келеңсіз көріністер негізінен діни сауатсыздықтан туындауда. Дінге жаңадан бет бұрған кейбір отандастарымыз жат ағымдардың уағыздарына ұйып немесе ғаламтордағы кесірлі, кереғар бағыттағы діни насихаттармен танысып, соның нәтижесінде қоғамда діни сенімі бөтен азаматтар пайда болуда.
Одан әрі спикер ел ішінде ақпараттық түсіндіру жұмыстарына баса мән беріліп отырғанын сөз етті.
– Біз Қазақстан мұсылмандар діни басқармасымен бірлесіп, ел ішінде зайырлы мемлекет деген ұғымның мәнін, адамдардың құқықтарын, осы салада жүргізіліп жатқан саясаттың мақсатын түсіндіру шараларын қолға алып отырмыз. Бұл, әсіресе, дінге жаңадан бет бұрған жандар үшін маңызды. Сонымен қатар, кереғар пікірлердің жетегінде жүрген нақты топтармен жұмыс жүргізуге ерекше көңіл бөлінуде, – деді Ғ.Шойкин. Оның айтуынша, діни экстремизмге қатысты істі болғандарға, діни жат ағымдардың өкілдеріне білікті дінтанушылардың қатысуымен түсіндіру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.
Сондай-ақ, комитет төрағасы жат ағымдардың қоғамымызға еніп кетуінің себептерін, олардың заңсыз әрекеттеріне қарсы тиісті шаралар қолға алынып жатқанын, қызметі заңмен шектелген ұйымдардың астыртын заңсыз кітаптар таратып, кереғар уағыздар айтып, шаралар өткізуіне тосқауыл қою ісі басты назарда екенін жеткізді. Бұлардан бөлек, Ғ.Шойкин аталған мәселеде бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне тоқталды.
Бұдан кейін Ақпарат комитеті «Талдау және ақпарат орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны директорының орынбасары Михаил Комиссаров «Лаңкестікке қарсы шараларды жүргізу кезінде дәйексіз және арандатушылық пиғылдағы хабарларды әлеуметтік медиа және интернет-БАҚ-та мониторинг жасау» тақырыбында хабарлама жасады. Ол өз сөзінде кейбір сайттарда, әлеуметтік желілерде қисынсыз, дәлел-дәйексіз мәліметтер, қоғамда үрей тудыратын жалған хабарлар қылаң беріп қалатынын атап өтті.
Семинар соңында спикерлер қандай да бір экстремистік және лаңкестік әрекеттер тұрғысында материал жариялау барысында бұқаралық ақпарат құралдарының барынша ыждағатты болу қажеттігін атап өтті.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»