Алдағы жылы елімізде өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне әзірлік шаралары Қарағанды облысында қарқынды жүргізілуде. Осы көрме аясында шетелден келетін қонақтарға арналған қызықты туристік бағыттардың бірі – көмірлі Қарағандының шахталарын аралау, дәлірек айтқанда, кәнігі кеншілер сияқты жер астына түсу болмақ. Шахта түгіл, ғарыш сапарына тәуекел етіп, тіпті сол үшін миллиондаған доллар қаражат төлеуге дайын тұратын кей жандар үшін бұл бір тартымды саяхат болуы тиіс. Қонақтар үшін қауіпсіздік шаралары қаншалықты дәрежеде екенін бағамдау мақсатында облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков тиісті шахталарға алдымен өзі түсіп, көз жеткізуді жоспарлап отыр.
Кәсіпкерлік пен білім басқармалары басшыларының мәлімдеуінше, шетелдік қонақтар үшін осындай саяхат ұйымдастырудың екі жолы бар. Оның бірі жұмыс істеп тұрған шахталардың бірінде қарастырылып жатса, екінші жоба колледж шәкірттерін тәжірибеден өткізуге арналған қауіпсіз тәжірибелік лавада жүзеге асырылуы мүмкін.
– Қалай дегенмен, кеншілер мен бұл саладан хабары бар болашақ мамандар өз алдына, қарапайым адамдар, яғни туристер үшін кен өндіру орнында еш қауіптің болмайтынына әбден көз жеткізуіміз керек, – дейді өңір басшысы.
Ал әзірге ЭКСПО-2017 көрмесінің Қарағанды облысы бойынша алты туристік бағыты ресми түрде бекітілген. Оларға жауапты «NomadicTravelKazahstan», Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Павлин-Тур» туристік операторлары «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойысқан. Бұл туралы облыстың кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева мәлімдеді. Осы бағыттар Инвестициялар және даму министрі мен Мәдениет және спорт министрінің ортақ бұйрығымен бекітілген ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қонақтарына арналған туристік бағыттар тізіміне енгізілген.
Бұған қоса, шетелдік қонақтар үшін «Шебер» қолөнер орталығы да есігін айқара ашпақ. Мұнда келушілер қазақтың ұлттық қолөнерімен, оның бүгінгі туындыларымен танысып қана қоймай, естелікке тері мен киізден жасалған заттарды, зергерлік бұйымдарды, тағы да басқа ыңғайлы дүниелерді ала алады.
Шетелдік қонақтарды қабылдауға қазірдің өзінде жалпы саны 13 мың орындық 220 қонақ үй әзір. Олар туралы ақпараттар онлайн-броньдаудың
www.booking.com сияқты әлемдік жүйелеріне орналастырылған. Көрмеге билеттерді де онлайн жүйе арқылы алуға болады. Мезгілі таяғанда қаланың халық көбірек шоғырланған орындарында арнайы кассалар ашылады. Туроператорлар өз қонақтары үшін 8 мың билетті алып та қойды. Әр билеттің құны 4-7 мың теңге аралығында болмақ.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Қарағанды филиалының директоры Қанат Шайминнің мәлімдеуінше, Астана–Теміртау автодаңғылы
1 желтоқсанға дейін толық дайын болады. Жол жөндеушілер, сонымен қатар, Қарқаралы ұлттық паркі мен Ұлытау табиғат қорығына апаратын жолдарды да тақтайдай етуді, жол бойынан қосымша павильондар мен демалыс орындарын іске қосуды жоспарлап отыр.
Қарағандылық өндірушілер ЭКСПО-2017 нысандарын салушыларға, сондай-ақ темір-бетон бұйымдарын, жылу радиаторларын, құбырлар, құрылыс қоспаларын, бояу-сырлау өнімдерін, өрт сөндіру жүйелері мен құралдарын жеткізіп беріп отыр. Облыстық басқарма Астанадағы құрылыстардың барысына тұрақты мониторинг жасап отырады. Жыл соңына таман негізгі нысандар іске қосылады. Яғни, сол кезде оларға басқа да өнімдер қажет болады. Мата, жиһаз, басқа да керек-жарақтарды өндірумен айналысатын ұйымдар сол кезде жаңа келісімшарттар жасасуға дайын болуы керек.
ЭКСПО-2017 көрмесі ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге де тиімді болмақ. Олар Астананың күрт өсетін сұранысының арқасында өздері шығаратын өнім көлемін едәуір арттыра алады. Облыс әкімі жоғарыдағы жиында айтқандай, бұл орайда мейлінше ширақ қимылдау керек. Бұрыннан бар жеткізу тәсілдерінен бөлек, шаруа қожалықтары өз өнімдерін тікелей алып бара алатын нысандарды көздеу қажет.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ