18 Қазан, 2016

Ауыл бизнесіне тағы бір қолдау

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
100-850Кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары  Айгүл Мұхамадиева 2016-2017 жылдары экономикалық өсімді ынталандыру және жұмыспен қамту бойынша қосымша шаралар аясында аталған холдингке республикалық бюджеттен   51,7 млрд теңге бөлінгендігін мәлімдеді. Бұл қаражат ағымдағы жылдың 1 шілдесіндегі Индустрияландыру қорытындылары туралы кеңесте Мемлекет басшысы белгілеп берген ауыл шаруашылығындағы жекелеген бағыттарды қаржыландыруға жұм­салмақ. Атап айтқанда, ауылдағыларды өнімді жұмыспен қамтуды күшейте түсуге, халықтың табысын арттыруға, сон­дай-ақ, ауылшаруашылық өнім­дерінің экспортын ұлғайтуға көмек көр­сетуге бағытталатын болады. Айгүл Мұхамадиеваның айтуынша, бірінші бағыт бойынша өнімді жұмыспен қамтуды жоғарылатуға және тұрғындардың табысын арттыруға көмек беру мақсатында қазірдің өзінде сүт қабылдау пункттерінің желісін құруға және отбасылық сүт фермаларын қолдауға, отбасылық бордақылау алаңдарын құруға және оның базасында ауылшаруашылық кооперативтерін ұйымдастыруға, ауылшаруашылық кооперативтерін құруға және жеміс-көкөніс өсіру бойынша жеке қосалқы шаруашылық (ЖҚШ) құруға арналған жобаларды қаржыландыру бойынша жұмыстар атқарылуда. «ҚазАгро» холдингі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы шең­берінде шағын несие­леуге алынған қа­ражат есебінен және холдингтің мен­шікті қаражаты есе­бінен жобаларды қар­жыландыру бойынша жұмысты бас­тап кетті. Жобаларды қаржыландыру жыл­дық 6%-дан аспайтын жеңілдікті мөл­шерлеме бойынша жүзеге асы­рылады және 9 000-нан астам жұмыс орны құрылады. Ет, сүт, жеміс пен көкөністің өндірісі бойынша 192 мың жеке қосалқы шаруашылықты көлең­келі айналымнан шығаруға мүмкін­дік береді, сүт зауыттары мен ет ком­бинатының өндірістік қуаттарын арт­тырады, салық төлемінің түсімін ұлғай­тады», деді Айгүл Мұхамадиева. Ауылшаруашылық өнімдерінің экс­портын арттыруға көмек беру шең­берінде халықаралық талаптарға сай өндірістегі экспортқа бағдарланған инвес­тициялық жобаларды қаржы­лан­дыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта екінші бағыт бойынша қарастырылу үстін­дегі 43 жоба бар. «ҚазАгро» хол­дингі өтінімдерді қабылдауды жалғас­тыруда. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында холдинг екі қа­дамды іске асыруға атсалысады: 60-шы қадам бойынша – сүт және сүт өнім­дері өндірісін дамыту үшін және 61-ші қадам бойынша етті қайтадан өңдеу мен оның өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту көзделуде. Ет пен сүтті қайта өңдейтін және өндіретін жобаларды қаржыландыру Үкіметтің шешіміне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан холдингке бөлінетін қаржысы есебінен іске аспақ. Холдинг компаниялар тобындағы тағы бір маңызды бағыт ауылдық кооперативтерді дамытуды қолдау болып отыр. 2006 жылдан бері Аграрлық несие корпорациясы ауылдық тұтыну кооперативтері мен ауыл тұрғындары үшін бірлескен өндірісті дамыту, дайындау мен тұтыну, сақтау, ауыл­ша­руашылық өнімдерін тасымалдау, тауарлы материалды құндылықтарды жабдықтау бағдарламасын жүзеге асы­румен айналысады. Бұл бағдарлама бо­йынша 147 кооператив жалпы сома­сы 12,3 млрд теңгеге қаржы­лан­дырылды. 2015 жылы холдинг тарапынан астық өндіру саласындағы ұсақ және ш­а­ғын ауылшаруашылық тауар өн­дірушілерін біріктіру үшін және оларды екінші деңгейлі банктер арқылы қар­жы­ландыру бағытында жаңа қадам жасалды. Бұл жерде «Азық-түлік келісім­шарт корпорациясы» Ұлттық компа­ниясы» АҚ кооперативтерден кепілден­дірілген астық сатып алу тетігі ар­қылы шаруалардың қаржыны қайта­руына кепіл бола алады. Биылғы жылы Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы 10 осындай бірлестік қаржыландырылды. Ол жердегі 212 қатысушының егіс алқабы 726 мың гектардан астам жерді құрады. Бе­ріл­ген қаржы сомасы – 8,3 млрд теңге. Ко­о­пе­рациялардан алынған мұндай оң­­ды тәжірибиені холдинг болашақта ауыл шаруашылығының басқа да са­ла­ларында жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімдер көлемін жеке ауыл шаруа­шы­лықтарының мүмкіндігін пайдалану есе­бінен арттыру мақсатында холдинг­тің еншілес компаниясы «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 2016 жылғы 8 тамыздан бастап, «Жұ­мыспен қамтудың жол карта­сы-2020» және «Бизнестің жол карта­сы-2020» бағдарламаларының қаржы­ларын пайдалана отырып, шағын несие беру­дегі жаңа өнімдерді жүзеге асыруға іске кірісті. Бүгінгі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылдық жер­­лердегі шағын несие беру нары­­ғы­­ның 90 пайыздан астамын қаржылан­дырып отыр. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»