18 Қазан, 2016

Әуезов театрында «Ақтастағы Ахико» спектаклі қойылады

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алдағы демалыс күндері М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында екі күн қатарынан «Ақтастағы Ахико» драмасының премьерасы болады. Театрдың жаңа маусымын тағатсыздана күткен өнесүйер қауым дарынды актер Дулыға Ақмолдамен соны рөл арқылы қауышпақ. Жаңа қойылым туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында театр директоры Ерлан Біләл, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, спектакльдің қоюшы-режиссері Асхат Маемиров, Ахико Тэцуро ролін орындайтын актер  Дулыға Ақмолда кеңінен баяндады. «Ақтастағы Ахико» драмасы – театрдың 91 маусымының алғашқы премьерасы. Театр бұл жаңа қойылымын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап отыр. «Қарлаг» – Кеңес Одағындағы лагерьлердің бас басқармасы ГУЛАГ-тың Қазақстандағы еңбекпен түзеу лагерьлерінің бірі болғаны белгілі. Қуғын-сүргінге ұшыраған бір миллионға жуық адам Карлагта небір азапты күндерді бастан өткерді. Олардың арасында қазақтармен қатар орыстар, украиндар, латыштар, эстондар,  поляктар, еврейлер, немістер, жапондар, француздар, италиялықтар, тағы да басқа көптеген ұлттар өкілдері болды. Солардың бірі - жапондық Ахико Тецуро.

Ақтасын сағынған Ахико

Спектакльге осы Ахиконың қилы тағдыры арқау болды. Нақтырақ айтқанда, Кеңес үкіметі кезінде сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, 17 жасында жазықсыздан жазықсыз атақты Қарлаг түрмесіне түсіп, жастық шағын азапты өмірмен өткізген, босап шыққан соң, Қарағанды маңындағы Ақтас қаласында тұрақтап, қоныстанып қалған Ахико есімді жапон азаматының тағдыры көркем баяндалады. Кейін әкесімен және бауырларымен қауышқан Ахико Тецуро өзінің тарихи Отанына барады, бірақ, Қазақстанға қайта оралады. Қазір Ахико ақсақал 85 жаста. 11 немере, 5 шөбере сүйіп, үлкен әулеттің басы болып отыр. Ахико Тецуроның тағдыр жолы – сталиндік зұлмат жылдарында Қазақстанға қоныс аударған, айдалып, жазықсыз сотталып лагерлерге әкелінген мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің тағдыры. Қойылымда Ахиконың тағдыры арқылы, ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңде, азап лагерлерінде отырып, өзінің адами бейнесін сақтап қалған рухы мықты, жасампаз жандардың жиынтық бейнесі жасалған. Қазақстанның театр кеңістігінде тұңғыш рет көзі тірі саяси қуғын-сүргін құрбанының тағдыры деректі драмаға арқау болып, сахнадан алғаш рет көрсетіледі. Ахико Тецуро бейнесі – барлық қазақстандықтарды елдік пен бірлікке, келісім мен ынтымаққа үндейді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемиров сахналаған бұл қойылым театр ұжымының Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған үлкен жобасы. Спектакль  премьерасы 22, 23 қазанда болады. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар