19 Қазан, 2016

«KazSat-4» жерсерігі қашан ұшатыны анықталды

618 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «KazSat-4» жерсерігін ұшыру мәселесін қарастыруда, деп хабарлайды "Егемен-ақпарат" ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің алқа мәжілісінде аталған ведомствоның вице-министрі Сәкен Сәрсенов телекоммуникация саласын дамыту жайына кеңінен сөз қозғады. «Біз қалалық жердегі инфрақұрылым бойынша барлық мәселені шештік, ал ауылдық жерде «өсіру» қажеттігі бар. Желілік дайындық бойынша біз әлемде 39-шы орындамыз. Еліміздің өте үлкендігін, ал халқымыздың аз екендігін ескерер болсақ, бұл өте жақсы көрсеткіш. Осы ретте, бұл салаға инвестициялық шығындардың жоғары әрі тәуекелді екендігін түсінген жөн. Бірақ, оған қарамастан байланыс саласы қарқынды даму үстінде», - деді ол. Оның айтуынша, ауылдық елді мекендерді интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету жобасы аталған қызметтермен қосымша 2,1 млн қазақстандықты қамтуға мүмкіндік береді. Дегенмен, оны жүзеге асыру аяқталғаннан кейін де шамамен 900 мың қазақстандық жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алмайды. «Бірақ,бұл мәселені біз балама технологиялармен шешетін шығармыз. «Қазақтелекоммен» және басқа да операторлармен бірлесіп бұл мәселені талқылаудамыз. Алайда, бұған қоса, К диапазонында «KazSat-4» жерсерігін ұшыру туралы мәселені көтеру қажет шығар. Меніңше, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында біз рұқсат беретін боламыз», - деді вице-миинстр.