Қарағандыдағы қарашаңырақ – Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық драма театры өз тарихында 85-ші маусымының шымылдығын түргеніне көп бола қойған жоқ. Бұл күнде абыз ақсақалдың жасына жеткен өнер ордасы осы уақыт аралығында өнерсүйер қауымға қаншама қуаныш, тағылым, рухани ләззат сыйлады десеңізші!?
Театр биылғы мерейтойлық маусымын да үлкен шығармашылық әзірлікпен бастап отыр. Репертуарындағы алпысқа жуық қойылымдарына тағы да бірнеше жаңа сахналық туынды қосқан.
Жаңа белеске қадам басқан Сәкен театрының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы осы өнер мекемесінің директоры, Мәдениет қайраткері Сансызбай Бекболатовпен әңгімелескен едік.
– Сансызбай Нұрсияұлы, Қарағандының бас театрын Арқа жұрты жақсы біледі десек те, «Егемен Қазақстанның» барша оқырмандары, яки республика халқы үшін қысқаша
тағы бір таныстырғанның артығы болмас.
– Қазіргі Сәкен атындағы өнер шаңырағы алғаш сонау 1932 жылы жұмысшы жастар театры ретінде құрылған. Тұңғыш қойылымы Ж.Шаниннің «Зәуре» пьесасы бойынша дайындалған спектакль болыпты. Басты рөлді әйгілі актриса, кейін Қазақстанның халық әртісі болған Жәмила Шашкина сомдаған. Содан үзбей жұмыс істеген театрда сан алуан драмалық шығармалар сахналанып, өмір айнасындай өнердің небір майталмандары қызмет етті. Ал ғимарат мәселесіне келсек, Сәкен театры бертінге дейін өз алдына жеке шаңырағы болмай, орыс театрымен бір сахнаны бөлісіп келген еді. Алғашқы кірпішін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі қалаған, заман талабына әбден лайық қазіргі ғимаратымыз 2008 жылдың соңында пайдалануға берілді. Ұжымның да, қазақ театры көрермендерінің де сол кездегі қуанышын көрсеңіз. Сәулет өнерінің озық үлгісі деуге тұратын сегіз қабатты театр ғимараты 705 орындық үлкен және 200 орындық кіші залдар мен қосымша блоктан тұрады. Театр залдарының сахнасы заманға сай үлгідегі жарық және дыбыстық құрылғылармен жабдықталған. Әр әртістің жеке бөлмесі бар. Сонымен қатар, сырттан гастрольдік сапармен келген театр ұжымдарына арналған қонақжай да қарастырылған. Қысқасы, біздің театр үшін ғимарат мәселесі біржола шешілген. Сол үшін де бұл іске өзі тікелей араласқан Елбасымызға мың да бір рахметімізді айтамыз!
– Театрдың әр маусымы жаңалық сыз болмайтыны белгілі. Әңгімені алда болатын жаңа қойылымдарға бұрсақ.
– Еліміз Тәуелсіздігін алып жатқан кездің өзінде біздің театр алпысыншы маусымын ашқан екен. Қарап тұрсаңыз, осынша уақыт ішінде бұл шаңырақта небір саңлақтар өнер көрсетіп, небір ғажап туындылар дүниеге келді. Еліміздің тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет болғанына ширек ғасыр толып отырғаны, әрине, айтулы белес. Бұл, әлбетте, театрымыздың назарынан тыс қалмайды. Режиссер Сламбек Жұмағалидың биылғы маусымды ашқан «Әлихан Бөкейханов» тұсаукесер қойылымы да алдымен осы мақсатты көздеген. Одан бөлек, «Өмір», «Ромео мен Джульетта» спектакльдері де – жаңа маусымның көрерменге арнаған тың тартулары болмақ. Оңтүстік Қазақстан облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, режиссер Қуандық Қасымов Шекспирдің «Гамлетін» біздің театрда өзгеше қырынан әзірлеуде. Балаларға базарлық ретінде режиссер Айбек Қырықбаев жаңажылдық ертегі дайындап жатыр. Жалпы, алдағы уақытта біз қазақ драматургтері мен әлем әдебиетінің классикалық туындыларына ден қойсақ деген ниеттеміз.
– Театр түрлі фестивальдар мен өнер байқауларына қатысып, шетелдерге де шығып жүргенін білеміз. Бұл дәстүр алдағы маусымда да жалғасын табатын болар?
– Мұндай шаралар – өнер адамдарының тәжірибе алмасуына, бір-бірінің деңгейін көріп серпілуіне таптырмас амал. 2012 жылдан бері әр маусымда екі реттен шетелдерде болып қайтып жүрміз. Франция, Германия, Түркия елдерінде өткен өнер байқауларына қатыстық. 2014 жылы Сербияда өткен Еуропа театрларының фестиваліне М. Әуезовтің «Қарагөзін» апарған болатынбыз. Жасыратыны жоқ, іштей «Түсінер ме екен?!» деген күмәніміздің болғаны рас. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін меңзеп, «Сіздерде мұндай салт-дәстүр әлі сақталған ба?» деп таң қалысты. Ата-баба дәстүрін бұзбай келе жатқанымызды біліп, «Сіздер онда
ұлы халық екенсіздер!», – деп бас шайқасып жатыр. Міне, сахна құдіреті дегеніңіз!..
Театр труппасының бір бөлігі жақында Ақтөбеде өтетін драма театрларының республикалық фестиваліне барады. Биыл Әзербайжан Республикасында өтетін халықаралық фестивальға да шақырту алған едік, алайда, қаржы тапшылығына байланысты, ол байқауға бара алмадық. Ал театрымыздың көркемдік жетекшісі Дунай Еспаев Бакуде өтетін түркітілдес театр жетекшілерінің дәстүрлі жиынына барады. Онда, сәйкесінше, түркі тілдес театрлардың проблемалары мен келешегі талқыланады. Былтырғы жиынның қорытындысы бойынша арнайы альманах шығарылып, соған қазақ драматургтерінің екі туындысы енгізілген болатын.
Келесі жылға Македония мен Ялтада өтетін өнер додаларына шақыру алдық. Оларға, мүмкіндігімізге қарай, барып қатысуға тырысамыз. Негізі, театрдың да, басқа мекеме-кәсіпорындар сияқты, орындауға тиіс жоспарлары болады. Сол жоспар орындалса, қаржы да түсіп жатады. Шетелдерге шығуға сондай қаражатты пайдаланамыз.
– Театрдың өзіңіз басқарып отырған қазіргі ұжымы туралы айтып өтсеңіз. Аға буынның жолын жалғай өсіп келе жатқан жастар да жоқ емес шығар?..
– Әрине, театр труппасына кез келген жастағы өнерпаздар қажет. Театрда қазір 182 адам қызмет істесе, соның 52-сі сахнада өнер көрсететін әртістер. Нұржібек Жансүгірова, Гүлсара Рәшқалиева, Қайрат Кемалов, Мадияр Қойшығарин, Рахат Қосжанов сияқты көрермендерімізге жақсы таныс байырғы актер-актрисаларымыздың ізін баса келген жас өнерпаздарымыз Ғайни Бердімбетова, Бауыржан Нұрмағанбетов, Мәдина Матамова, Бибігүл Жағыпарова мақтанышымызға айналып үлгерген. Жастарымызға пәтер беруге мүмкіндік болмаса да, жайлы жатақханамыздан орын беріп, қолдан келген жағдайды жасап отырмыз. Бұл тұрғыда, орайы келген тұстарда айтып жүрміз, бұл мәселе де көп ұзамай оң шешімін табады деп үміттенеміз.
– Театр мерейтойына әзірлік барысы қалай?
– Иә, театр тойын келесі жылы осы маусымды қорытындылап барып атап өтеміз деп жоспарладық. Өнер ордасының арғы-бергі тарихын өзек ететін үлкен альбом-кітап әзірленуде. Мерейтой аясында түрлі кездесулер ұйымдастырылады, гастрольдік сапарларға шығамыз. Соның бәрін түйіндей келе, сахналық мерекелік бағдарлама өткізбекпіз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды