Үстіміздегі жылдың 19 қазанында Өзбекстан мен Қырғызстанның сыртқы саясат ведомстволарының өкілдері 2016-2017 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы бағдарламаға қол қойды. Қол қою рәсімі Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Эрлан Абдылдаевтың Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарының аясында жүзеге асты.
Екі көрші ел арасындағы қарым-қатынаста айтарлықтай жылымық басталғалы аса көп уақыт бола қойған жоқ. Сарапшылар мұны Өзбекстан президентінің міндетін атқарушы Шавкат Мирзиеевтің жаңа бағытымен байланыстырады. Өзбек басшылығы Қырғызстан азаматтарының Өзбекстанға кіру және одан шығу режімін жеңілдету жағына қарай қайта қарауы ықтимал деген де ақпарат естілген еді.
Екіжақты қарым-қатынасты жақсарту жағына қарай нақты қадам Қырғыз Республикасының вице-премьері Мұхамметкалый Абулғазиев бастаған ауқымды делегацияның достық сапарынан бастау алған-тын. Сол кезде, осы қазан айының басында Өзбекстанның Әндіжан облысына құрамына мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін өзі басқару органдарының қызметкерлері, мәдениет қайраткерлері мен жастар өкілдерінің көшбасшылары енген 130 адамдық делегация барған еді. Олардың арасында Ош, Баткен және Жалал-Абад облыстары өкіметтерінің өкілетті өкілдері бар болатын.
Тараптар бірқатар кездесудің қорытындылары бойынша достық рәуіште екіжақты қарым-қатынас пен әрі қарайғы өзара іс-қимылдың перспективаларын талқылады. Екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары аталған оқиғаны тарихи ретінде сипаттап, Ташкент пен Бішкек арасындағы байланыстарды әрі қарай жақсарта түседі деген ыңғайда үлкен үміт артатындарын білдірді.
Қырғыз-өзбек қарым-қатынасының қазіргі жағдайы мен перспективалары бұдан да жоғарырақ деңгейде Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловтің Қырғызстанға жұмыс сапары барысында талқыланды. Сапар барысында А.Камиловті Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев қабылдады. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауларына қарағанда, тараптар екі жаққа қатысты аса шетін мәселелерді, олардың ішінде шекара, су проблемалары және тағы басқа мәселелерді талқылаған.
Көріп отырғанымыздай, екі ел сыртқы саясат ведомстволары басшыларының осы жолғы кездесуі алдында түрлі деңгейлерде бірқатар сапарлар алмасу жүзеге асса, бұл үдерістердің бірте-бірте Қырғызстан мен Өзбекстанның екіжақты ынтымақтастығын нығайта түсу үшін негіз қалап отырғаны байқалады. Мысал үшін айтсақ, осы аптада Ташкентте өткен Өзбекстан мен Қырғызстанның Сыртқы істер министрлері Абдулазиз Камилов пен Эрлан Абдылдаевтың кездесулері шеңберінде тараптар сауда-саттық, инвестициялар, шекара және су салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Өзбекстанның бұқаралық ақпарат құралдары атап өткендей, келіссөздер барысында тараптар екіжақты байланыстарды түрлі деңгейлерде және нақты нәтижелерге жеткізу бойынша белсенді ете түсуге өзара мүдделілік танытқан.
Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынастың Қырғызстанның оңтүстігіндегі белгілі оқиғалардан кейін айтарлықтай нашарлағаны мәлім. Оның үстіне, сол кезден бері екі елдің шекарасында оқтын-оқтын талас-тартыстар пайда болды. Енді, екіжақты өзара қарым-қатынастардың бірте-бірте жақсаруына орай, екіжақты шетін мәселелер оң шешіледі деуге де негіз бар секілді.
Бірінші кезекте, бұл шекарадағы талас туғызып келе жатқан телімдерге қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауларына қарағанда, бұл бағытта қазірдің өзінде нақты қадамдар байқалып отыр. Екі ел өкілдерінен құралған жұмыс тобы 14-20 қыркүйек аралығында ортақ шекараның 23 талас туғызып келе жатқан телімдері бойынша демаркациялау мәселелерін қарастырды.
Өзбекстан мен Қырғызстан саясаткерлерінің жоғары деңгейдегі соңғы кездесуінен көрініп отырғанындай, екі ел басшыларының саяси ерік-жігерлері қарым-қатынасты жақсартуға ыңғай танытатынын анық аңғартты. Мәселен, Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігінде екі ел министрлерінің кездесуінен кейін екіжақты қарым-қатынастың даму сипаты оң динамикаға қарай бұрылғаны атап өтілді. Мысалы, Эрлан Абдылдаев пен Абдулазиз Камиловтің кездесуінен шығатын бір қорытынды: тараптарға мәселелердің барлық кешені бойынша әрі қарайғы ынтымақтастықты жүргізуге мүмкіндік беретін «жол картасын» дайындау қажеттігі болып отыр. Ол саяси, сауда-экономикалық, шекаралық, мәдени-гуманитарлық және басқа да мәселелерді қамтиды.
Кездесудің қорытындылары бойынша қырғыз тарапы өзбек жағына жақын арада жауап сапармен шекара маңындағы ынтымақтастықты нығайту аясында Ош қаласына келіп қайтуға ресми шақыру табыстауы екіжақты қарым-қатынастың оң сипат ала бастағанының қисынды жалғасы болды деуіміз керек.
Руслан ІЗІМОВ,
cаясаттанушы