24 Қазан, 2016

Н.Нығматулин Женевада Парламентаралық одақ ассамблеясына қатысты

271 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин Женевада өтіп жатқан Парламентаралық одақтың 135-ші Ассамблеясына қатысты. «Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланады. Қысқа мерзімде еліміз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүргізілген саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалардың арқасында орасан табыстарға қол жеткізді. Сонымен қатар, жалпыға бірдей сайлау құқығы кепілдігі, гендерлік теңдік және адам құқығын қорғау салаларында айтарлықтай жұмыстар атқарылды», - деді Мәжіліс спикері. Н.Нығматулин атап өткендей, Қазақстанда адам құқығын қорғау бағытында қарқынды даму жолына түскен ұлттық жүйе қалыптасқан. Оның маңызды элементтерінің бірі – ҚР Президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссия. Мәжіліс төрағасының айтуынша, соңғы жылдары елімізде ұлттық заңнаманы жетілдіру жолында бірқатар маңызды реформа қолға алынды. Ол еліміздің демократия үрдістері мен адам құқын қамтамасыз етуге деген ұстанымын көрсетеді. Айта кетсек, Парламентаралық одақ 1889 жылы құрылған. Ол парламенттердің іс-әрекетін үйлестіру қызметіне арналған халықаралық ұйым. Парламентаралық одақ БҰҰ-да байқаушы мәртебесіне ие. Қазақстан ұйымға 1993 жылы 4 наурызда мүше болды. Қазақстан Парламентінде ПАО ұлттық тобы ретінде Мәжіліс төрағасы басқаратын ҚР Парламентінің делегациясы құрылған.