Қытай аумағына Қазақстанның 9 өңірінен ет өнімдерін экспорттауға қойылған шектеу алынып тасталды, деп хабарлайды egemen.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған осы аймақтардың аусыл дертінен таза болуы себеп. Жалпы 2013 жылдан бері еліміздің барлық өңірінен Қытай еліне ет және ет өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған еді. Енді отандық шаруалар тауарларын көрші елге шығара алады. Өңірлерде арнайы тексеріс жүргізген қытайлық мамандар еттің сапасына жоғары баға берген. Қазір Қазақстан Қытайға 60 мың тонна сиыр және 300 мың тонна қой етін экспорттауға дайын. ҚР АШМ Ветеринарлық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Олжас Аусабаев "Қазіргі таңда Қытайдан жалпы жылдық есебінде алатын болсақ, 6 млн 800 мың тонна ет өнімдері импортталып, өздерінің ет өндіру қабілеті 5 млн 800 мың тонна болып саналады. Есептесек, 1 млн тоннасы дефицит болып тұр. Сол үшін де олар қазір шет мемлекеттерден ет өнімдерін импорттауға мәжбүр болып отыр", - деді. Қытаймен алыс-беріс жанданып жатқанда Ресейден елімізге ауылшаруашылық өнімдерін енгізуге уақытша тыйым салынды. Аусыл дертінің ушығуына байланысты көрші елден қой, сиыр, доңыз етіне және сүт өнімдерін жеткізуге шектеу қойылды.