қазіргі заман талабына тез бейімделді
Қазтұтынуодағы Сауда-экономикалық колледжінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Мырзабек КҮЖІМОВПЕН әңгіме
– Мырзабек Төребекұлы, алдымен өзіңіз басқаратын оқу орнының маман-кадрлар дайындаудағы негізгі бағыт-бағдарына тоқталып өтсеңіз.
– Қазтұтынуодағы Сауда-экономикалық колледжінің білім беру қызметі Мемлекеттік білім беруді 2016-2019 жылдарға арналған дамыту бағдарламасында қойылған мақсат-міндеттер – техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесінің беделін арттыруға, ТжКБ қолжетімділігін және кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз етуге, елдің индустриялық-инновациялық даму сұраныстарын ескере отырып, ТжКБ мазмұнын жаңартуға, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының рухани-адамгершілік құндылықтарын және саламатты өмір салты мәдениетін нығайтуға, сондай-ақ ТжКБ менеджментін және даму мониторингін жетілдіріп, бәсекеге қабілетті кадрларды сапалы даярлауды қамтамасыз етуді жүзеге асыруға бағытталған. Ал техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі оқу мекемесі қызметінің негізгі бағыты – экономика және IT саласында білікті мамандарды дайындау. Сонымен қатар, оқу орнында басты назар әлеуметтік серіктестіктер мен жұмыс берушілерге де аударылған. Айта кету керек, бұл өзара әрекеттестіктің өзіндік сапалық бағыттылығы бар. Сол себептен де колледж ұжымы бұған бар күш-жігерін жұмсап келеді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында біздің колледжге 60 жыл толады. Оның іргетасы сол жылдары қарқынды дамып тұрған тұтынушы кооперация салаларын мамандармен қамтамасыз ету мақсатында 1956 жылы Ақмола кооператив техникумы ретінде қаланған болатын. Алғашқы жылдары колледжде «Бухгалтерлік есеп» және «Тауартану» мамандықтары бойынша барлығы 120 адам білім алған. Осы уақытқа дейін колледж тек Қазақстанның ғана емес, ТМД елдерінің бірқатар кәсіпорындарында да еңбек етіп жүрген мыңдаған түлектер дайындап шығарды. Түлектер арасында министрліктер мен түрлі ведомстволардың жетекшілері, кәсіпкерлер мен ЖОО-ның оқытушылары көптеп кездеседі. Оқу орнының қанат жаюына Ақмола кооператив техникумына әр жылдары басшылық еткен А.Корольченко, М.Харжевский, В.Маслов сияқты тұлғалардың сіңірген еңбектері зор.
Колледж нарықтық экономика талаптарына сәйкес бәсекеге қабілетті 6 бағытта, яғни «Есеп және аудит», «Туризм», «Маркетинг», «Құқықтану», «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету», «Аударма ісі» мамандықтары бойынша мамандар дайындауды жалғастыруда. Ал оқу үдерісі заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Колледжде дербес компьютерлермен жабдықталған 8 компьютерлік сынып және 24 оқу аудиториясы оқудың қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникативтік технологиясының басты құралы – интерактивті тақталармен жабдықталған. Сонымен қатар, білім беру сапасын арттыру мақсатында ақпараттық білім беру орталығы ашылған, онда студенттер мен оқытушылар интернетті еркін пайдалана алады.
– Оқу үдерісінде жаңа оқыту технологияларын пайдаланудың жайы қандай деңгейде?
– Колледжде бұл мәселе ойдағыдай шешілген деп айтуымызға болады. Бүгінде жаңа оқу технологияларында тиімді пайдаланылатын мультимедиялық техника және басқа да әдіс-тәсілдер кеңінен қолданылып келеді. Сабақ кезінде оқытушылар студенттің өз бетінше оқу дағдысын қалыптастыруға бейімделген дәстүрлі оқыту әдістерімен ұштастырылған модульдік технологияларды, дамыту ойындарын, сындарлы оқыту теориясы тұрғысынан ойлау технологияларын да пайдаланады.
«Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасы бойынша колледж оқытушылары «Arta Software» ЖШС, «Kazakhstan Prime Innovation» ЖШС әлеуметтік серіктестермен бірігіп 1304000 «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша модульдік оқыту бағдарламасын әзірледі. Нәтижесінде колледж Астана қаласы Білім басқармасының бұйрығымен модульдік оқыту бағдарламасын енгізу бойынша сынақ алаңы болып есептелінді.
Колледжде сапалы білім алу, кәсіби дағдыны қалыптастыру және болашақ маманның психологиясын дамыту үшін дуалды оқыту элементтері енгізілуде. Еліміздің заңнамасы аясында нақты жұмыс істейтін «Студент» оқу-зертханалық орталығы ашылған. Бұл орталық «Есеп және аудит», «Маркетинг» мамандығы бойынша құзыретті мамандар дайындау үшін қажетті білім мен дағдыны қалыптастыруға ықпал етеді.
Студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында колледжде әлеуметтік серіктестердің білікті қызметкерлері тәжірибелік сабақтар жүргізеді. Мысалы, «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша «Арус Про» ЖШС директоры В.Арешин, «Arta Software» ЖШС бағдарламалау бойынша зертхана жетекшілері С.Коробицин мен Р.Егембердиев әртүрлі бағдарламалау тілдерін үйретуде. Колледждің әлеуметтік серіктестері сабақ беріп қана қоймай, сонымен бірге, тәжірибеден өту кезінде өзінің білімі мен біліктілігін дәлелдеген түлектерді жұмысқа да алады.
– Бүгінде оқу бағдарламалары біраз өзгеріске ұшырады, оқытушыларға деген талап та күшейтілді...
– Жаңа жұмыс талаптарына сәйкес оқытушы рөлі өзгерген, білімді таратушы және тасымалдаушының орнына, ол жоғары құзыреттілікті кеңесшіге, бағыт беруші әрі студенттің көмекшісіне айналған. Ал студенттер оқу үдерісінің басты тұлғасы болып табылады. Білім беру 42 штаттық оқытушылар арқылы жүргізіледі, олардың 14-і жоғары және бірінші санатты мамандар. Колледжде білікті және білімді мамандарды дайындау жолында жылдар бойы ерінбей еңбек етіп жүрген оқытушылар – А.Үстенбеков, С.Құндызбекова, Г.Тілдабаева, Г.Мүсілімова, Е.Петько, Л.Ыбраева, А.Даметова, Н.Жүсіпова, У.Адырбекованы атап өткен жөн.
Білімді реформалау талаптарына сәйкес оқытушылардың біліктіліктерін арттыру мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Оқытушылар Астана қаласы Білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру курстарынан ұдайы өтіп тұрады. Колледж оқытушылары Францияның Севр қаласындағы, Ресей Федерациясының Мәскеу және Том қалаларындағы, Беларусь Республикасының Минск қаласындағы орталықтарда, сонымен қатар, әлеуметтік серіктестердің базаларында біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Биылғы оқу жылында «Кәсіпқор» холдинг ҰАҚ ұйымдастырған біліктілікті арттыру курсына 12 оқытушы қатысты. Оның ішінде екі оқытушы «Кәсіпқор» холдинг ҰАҚ-тың штаттан тыс жаттықтырушысы мәртебесін алды.
– Мырзабек Төребекұлы, колледжде «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» халықаралық жобасы қолға алынып жатқан екен. Енді сол жайында айтып берсеңіз.
– Қазтұтынуодағының Сауда-экономикалық колледжі «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасы бойынша 57 миллион теңге көлемінде грант иесі болып табылады. Жоба Халықаралық қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылды. Халықаралық қайта құру және даму банкі ұсынған бұл займ мамандардың дайындық деңгейін жоғарылатуға, бәсекеге қабілетті техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін құруға бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты – техникалық мамандық бойынша оқитын студенттерді дайындау кезінде жаңа білім беру технологияларын енгізуді көздейді.
Жобаның негізгі шарттарының бірі – модульдік оқыту бағдарламасын әзірлеу. Әзірленіп жатқан модульдік оқыту бағдарламалары дайындалатын маманға тек «техник-бағдарламашы» біліктілігін беріп қоймай, оған қосымша «ЭЕМ операторы» және «ЭЕМ баптаушысы» біліктіліктерін де беруге бағытталған. Жобамен жұмыс істеу нәтижесінде колледж оқытушылары әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, «Есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету» мамандығы бойынша институттық даму жоспарын әзірледі. Институттық даму жоспарында аймақта еңбек нарығының әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктері мен талаптарына сәйкес ІТ мамандарын дайындау бойынша үздік колледж мәртебесіне ие болудың стратегиялық мақсаты айқындалған. Оның даму бағыттары – әлеуметтік серіктестікті, халықаралық ынтымақтастықты және кадрлық әлеуметті дамыту. Сонымен қатар, колледж имиджін жақсарту, білім беру үдерісін жаңғырту, материалдық-техникалық қорды нығайту.
Грантқа бөлінген қаржы Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің келісімшарты бойынша заманауи құрал-жабдықтар мен бағдарламалық өнімдер алуға, интерактивті оқытуға, колледждің педагогикалық қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыруға, оқу-әдістемелік материалдар мен электронды оқулық құралдарын әзірлеуге және басқару жүйесін жетілдіруге бағытталады. Сатып алынған заманауи құрал-жабдықтар 5 компьтерлік сыныпта, 2 зертханалық және серверлік кабинеттерде орнатылған. Жоба аясында колледжге 79 моноблок, 25 дербес компьютер, 28 планшеттік компьютер, 13 қысқа фокусты проектор, 13 интерактивті және көп функциялы интерактивті, сондай-ақ, портативті интерактивті тақталар, теледидар және 3 WI-FI роутер сатып алынды. Бұған қоса, бағдарламалық өнімдерге де қол жеткіздік.
– Алдағы жылдары жүзеге асырылуы тиіс қандай жоба-жоспарларыңыз бар?
– Оқу үдерісін заманауи талаптарға жауап беретін деңгейде ұстап тұру үшін, колледждің инженерлік-педагогикалық құрамы заман талабына сай біліктіліктерін арттырып отыруы тиіс. Осыған орай, үздік қазақстандық және халықаралық тәжірибе негізінде біліктілікті арттыру жүйесінің тиімді моделін әзірлеу, колледждің жұмыс берушілермен ынтымақтастығын нығайту, білім беру қызметінің сапасын қамтамасыз ету, оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу және енгізу, колледждің имиджін жоғарылату және талапкерлердің санын көбейту міндеті алдымызда тұр.
Әңгімелескен
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»