26 Қазан, 2016

Астық тұқымы тозып барады

530 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
bidpyБиыл еліміздің егін алқаптарынан алынған өнім мол болғанымен, оның сапасымен мақтанып жатқандар көп емес. Бұл – үлкен проблема. Қарағанды өсімдік шаруашылығы және селекция ғылыми-зерттеу институтының ға­лым­дары жаңа сорттарды селекциялау мен енгізуді қолдау және тұқым нарығын қалып­тастыру мақсатында мемлекеттік дең­гейдегі шаруаларды шешетін ұлттық тұқым шаруашылығы компаниясын құруды ұсынып отыр. Институттағы ғылыми бөлімнің жетек­шісі Николай Ющенконың ай­туын­ша, Қарағанды облысында отыр­ғы­зылатын жаңа сорттардың сапасы соңғы жылдары айтарлықтай нашарлап кеткен. Бұған негізінен өңірде тұқым өндірудің айқын жоспарының болмауы мен олар­ды климаттық жағдайларға қарай отыр­ғызу мен өсірудің бабы сақталмауы себеп болып отыр. Сапасы төмен тұқымның өнімі қан­дай болатыны айтпаса да түсінікті. «Не ексең – соны орасың». Биылғы жаз­дың тым жаңбырлы болуы мен дәнді дақылдардың бұрын кездеспеген беймәлім ауруы салдарынан күзде алын­ған өнім сапасы да төмен болды. Ғалым­дар дәнді дақылдардың ауа райы мен түр­лі ауруларға шыдас бермеуінің негізгі себебі, қолдан жасалған сорттар мен тұқым­дардың сапасынан деп отыр. Ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, Қарағанды облысында қа­зіргі уақытта жаздық бидайдың 12 сор­тын, арпаның төрт сортын және сұ­лы­ның бір сортын пайдалануға рұқсат берілген. Біраз шаруа жүргізуге жеткілік­ті де сияқты. Алайда, жоғары сапалы тұ­қымды тек арнайы тұқым шаруашы­лық­тарында ғана өсіріп шығаруға бола­тынын естен шығармау керек. Бірақ өңірде оған мән беріп отырғандар аз. Шыны керек, тұқым шаруашылығына кететін шығын аз емес. Қыруар қаржы өз алдына, осы саладағы білікті мамандарды табу мен тарту да оңайға түспейді. Сондықтан,  тұқым шаруашылығынан пайда табу үшін алдымен оны өткізу жолдарын ойластырып, нақты жоспарлап алу қажет. Әйтпеген жағдайда, қымбат тұқымға кеткен шығынды да қайтара алмай қалу қаупі бар. Оның үстіне, жыл асқан сайын, жоғары бағалы тұқымға деген сұраныс та азайып, тұқым өндірушілер оларды мейлінше арзан бағамен сатуға мәжбүр. Шаруа адамын да түсінуге болады: сапалы тұ­қымды оның қалтасы көтермейді. Айна­лып келгенде, тауарын өткізе алмаған тұқым өндіруші де, көңіл көншітер өнім ала алмаған диқан да ұтылады. Ғалымдардың пайымдауынша, сапасы төмен тұқымнан алынатын өнім сапалы тұқым өнімінен үш есеге дейін кем болады екен. – Облысымыздың көптеген шаруа­шы­лықтарында әлі күнге «Сара­товс­кая-29» сорты пайдаланылады, – дейді Николай Ющенко. – Бұл тұқым Қара­ғанды облысында алғаш тың игеру кезінде, сонау 1957 жылы себілген. Ол соң­ғы рет 2005 жылы жаңартылған. Он бір жыл ішінде оның сапасынан не қал­ды дейсіз!? Түк те қалған жоқ! Деген­мен, «Саратовская-29» тұқымы биыл об­лыс көлемінде жалпы ауданы 133,5 мың гектар жерге сіңірілді. Бұл өңірдегі бар­лық егістік аумағының ширегінен асады. Қарағанды облысындағы 753 мың гектар дәнді дақылдар егістігінің 60 пайы­зы 5 мың гектарға дейін егін сала­тын орта және шағын шаруа қожа­лық­тарының иелігінде. Олардың өз тұқым шаруашылығын жүргізуге мүмкін­діктері жоқ. Ал ғылыми-зерттеу инс­титутының мамандары тұқым ша­руа­шылығы жүйесін қалпына келтіру үшін тұқым нарығын реттеуді мемлекет өз қарамағына алып, бұл саланың материалдық базасын нығайту керек деп есептейді. – Біздің ойымызша, сорттарды қор­ғау, тұқым нарығын жоспарлау, сорттарға рұқсат беру мен сертификаттау, саланы ғылыми тұрғыдан дамыту істері­мен шұғылданатын ұлттық тұқым шаруа­шылығы компаниясын құру қажет, – дейді Николай Ющенко. – Бір тұқым­ды ұзақ уақыт бойы пайдаланып, көбейтуден оның сапасы жоғалады. Бұл әлбетте өнім сапасы мен түсім көлеміне де кері әсерін тигізбей қой­майды. Қарағанды өсімдік шару­ашы­лығы және селекция ғылыми-зерт­теу институтының пайымдауынша, Қарағанды облысына жыл сайын бидай­дың 3,5-5 мың тонна, арпаның 800 тонна, сұлының 250 тонна жоғары сапа­лы тұқымдары қажет. Тұқым жетіс­пеу­шілігі қазірдің өзінде орын алып отыр. Әсіресе, арпа тұқымы аз. Егістік көлемдері жыл сайын 10 пайыздан артып, мал шаруашылықтары да қанат жайып келеді. Сондықтан, сапалы тұ­қымға деген сұраныс та тоқтау­сыз арта берері сөзсіз. Қарағанды ғалым­дары ортаға тастаған ұсыныстың жаны бар. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ