Өткен жылғы Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің XXVIII пленарлық отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан шетелдік инвестициялар арқылы қажетті білімге, технологияларға және тәжірибеге ие болады», деп мәлімдегені есімізде. Елбасы инвесторларсыз еліміздің сапалы әртараптандырылған экономикалық өсімін қамтамасыз ету мүмкін еместігін де баса айтқан. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ұжымы Президент бастамасын қолдап, алғашқылардың бірі болып іске көшті. Кеше оқу орнының техникалық факультеті базасында Қазақстан-Германия дәл егіншілік орталығы ашылды.
«Дәл егіншілік» сөзін түсіндіре кетсек, мамандардың айтуынша, бұл – өсімдіктердің тіршілік ортасындағы немесе алқап ішіндегі түрленгіштігін ескеріп, егіннің түсімін басқару. Яғни, егін алқабының әр шаршы метрін оңтайлы күтіп-баптау. Диқандықтың аталған түрі ауыл шаруашылығын соны технологиямен жабдықтап, шаруашылық және табиғат қорларын үнемдеуді, максималды өнім алуды көздейді.
Қазақстан-Германия дәл егіншілік орталығының салтанатты ашылу рәсімінде алдымен университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев сөз сөйледі.
«Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын алғашқылардың қатарында орындағанымызды мақтан тұтамыз. Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетуді, оны бірегей заманауи техникамен қамтамасыз етіп, өнім көрсеткіштерін арттыруды әркез айтып келеді. Аграрлық білім ордасының базасынан ашылған дәл егіншілік орталығы – сондай игі бастаманың жемісі. Германияның ауыл шаруашылығы саласы әлдеқашан жетіліп, дамуға бет бұрған өзге елдерге үлгі болуға айналғанын мойындауға тиіспіз. Сондықтан да осы істі неміс ғалымдарымен бірлесе қолға алып, жүзеге асырудамыз. Дәл егіншілік жүйесі, оның технологиясын дұрыс пайдалану арқылы, біріншіден, тыңайтқыштарды үнемдесек, екіншіден, тұқымдықты, жанар-жағармайды және еңбек күшін азайтамыз. Соның есебінен топырақтың құнарлылығы артып, өнім еселенеді», деді А.Күрішбаев. Оқу орны басшысы статистикалық мәліметтерге де тоқталып, АҚШ фермерлерінің 80 пайызы дәл егіншілік технологиясын осы және өзге деңгейде қолданып, табысқа кенелетіндерін жеткізді.
Басқосуда Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Ажар Қажыбекова сөз сөйлеп, осындай жаңашылдықтар өзгеріске, өркендеуге бастайтынын әңгімеледі.
«Қазақстан астықты мемлекеттердің қатарында аталады. Сол себепті, ауыл шаруашылығындағы нәтижелі жаңалықтарды біз жатсынбауға тиіспіз. Оларды тәжірибемізде қолданып, арнайы мамандарын оқу орындарымызда даярлай алсақ, үлкен жетістік болар еді», деді министрлік өкілі.
Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшісі Рольф Мафаель, Оснабрюк қолданбалы ғылымдар университетінің профессорлары Дитер Трауц пен Хуберт Корте өз сөздерінде қос мемлекеттің ынтымақтастығы жыл санап артып келе жатқанын әңгімелеп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатын, әлемдік бастамаларын қолдайтындарын айтты. Ал жаңа ашылған дәл егіншілік орталығын қажетті техникамен тегін жабдықтаған германиялық «CLAAS» фирмасының Шығыс Еуропа бойынша аймақтық директоры Нильс Ройтч Қазақ агротехникалық университетінің бұл бастамасын қуана қолдайтындарын жеткізді.
«Біздің әріптестігіміз үлкен істерге бастасын деп тілеймін. Қазақстанның кең-байтақ жеріндегі астық өнімділігі дәл егіншілік технологиясын тиімді пайдаланғанда, тіпті арта түсетініне сенімім зор. Қазақ-неміс елдерінің ғылым саласындағы тығыз қарым-қатынасы әлі көптеген белестерге шығады», деген Нильс Ройтч «CLAAS» фирмасының жетістіктерімен, жоспарларымен бөлісті.
Шара барысында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басшылығы мен Оснабрюк қолданбалы ғылымдар университетінің өкілдері ғылым-білім және іскерлік байланысты нығайту жөніндегі меморандумға қол қойды. Содан кейін қонақтар оқу орны базасындағы жаңа орталықты, металл өңдеу және дәнекерлеу, ет өнімдерінің экспериментальді-өндірістік цехтарын, Қазақ-қытай ауыл шаруашылығын механизациялау, Қазақстан-Беларусь инженерлерді дайындау және қайта даярлау орталықтарын, тұқым музейін, Ауыл шаруашылығы биотехнологиясы ғылыми-зерттеу институтын аралады.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»