Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапары қарсаңында сол елдегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Бақыт БАТЫРШАЕВ «Егемен Қазақстан» газетіне арнайы сұхбат берген еді.
–
Елші мырза, Сауд Арабиясы Корольдігі араб және мұсылман елдерінен алғашқы болып 1991 жылы 30 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Ал бүгінде қос мемлекет арасындағы байланыстардың өзге араб елдерімен салыстырғанда ерекшелігі және нәтижесі қандай?
– Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясына жасап жатқан үшінші ресми сапары. Алдыңғы сапарлар 1994 және 2004 жылдары ұйымдастырылған болатын. Ол сапарлар барысында екі мемлекет арасындағы қатынастардың негіздері мен қағидаттары айқындалып, екі елдің мүдделері қай салаларда тоғысады, қай бағыттар мен қағидаларға сүйенеді, қандай экономикалық жобаларға көңіл аудару керек деген мәселелерде тараптардың ұстанымдары түбегейлі анықталды.
Елбасымыздың әр сапары Корольдікпен байланыстарды жаңа белестерге көтеріп отырды. Бүгінгі күні Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында шынайы достық пен сыйластық орнап, екі ел Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы және басқа да халықаралық және өңірлік бірлестіктер негізінде жемісті әріптестікті қалыптастырды.
Сауд Арабиясы Қазақстанның тәуелсіздігін таныған алғашқы елдердің қатарында болғанымен қоса, сол дәстүрін бұзбай Елбасымыз көтерген барлық бастамаларды – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу, мемлекетіміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшелігіне сайлануы, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу, штаб-пәтері Астанада орналасатын Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құруды қызу қолдағандардың қатарынан табылды.
Бұған қоса, екі мемлекет өзекті саяси және экономикалық проблемалар бойынша әрдайым ақылдасып, өз ұстанымдарын үйлестіріп отырады. Өткен кезеңде Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында парламент төрағалары, министрлер, мемлекеттік мекемелер, сот, құқық қорғау органдары деңгейінде 80-ге жуық сапар ұйымдастырылып, алты ірі Қазақстан-Сауд Арабиясы бизнес-форумы өткізілді. Сондай-ақ, саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты реттейтін 20-дан астам келісімдерге қол қойылды.
Корольдік елордадағы Парламент Сенатының ғимаратын (15 млн доллар), Жүрек аурулары орталығын (12 млн доллар), Осакаров – Вишневка жолын (12 млн доллар), Семейде балаларға арналған туберкулезге қарсы диспансерді (7 млн доллар) салу мен Б.Момышұлы атындағы Кадеттер корпусына материалдық көмек беру (1 млн доллар) секілді жобаларға қайтарымсыз қаржы бөлді. Қазіргі кезде Сауд Арабиясы тарапынан Астанадағы Ана мен бала орталығына 3,5 млн доллар көлемінде құрал-жабдықтар жеткізілуде.
–
Сауд Арабиясының Қазақстанға деген көзқарасы, ұстанымы туралы айтсаңыз.
– Сауд Арабиясы Қазақстанға достас ел ретінде қарайды, ал халқымызды бауырлас халық деп санайды. Жоғарыда айтқанымыздай, екі ел арасында достық, өзара сыйластық қарым-қатынас орнаған. Мұндай жағдайдың қалыптасуына Елбасының жеке беделі, талмас күш-жігері, Корольдік басшылығымен сенімді байланыстары негіз болып отыр. Бүгінгі күнде ресми Эр-Рияд Қазақстанды халықаралық дәрежеде беделі биік, жауапты, сындарлы сыртқы саясат жүргізетін, Орталық Азияның және Еуразия кеңістігінің кіндік елі, мұсылман қауымдастығы аясында іргелі мемлекет ретінде қарастырады.
Астана мен Эр-Рияд түрлі өзекті саяси, экономикалық, гуманитарлық мәселелер бойынша өзара әрекеттесуге мүдделі, оның негізінде халықаралық қауіпсіздікті нығайту, терроризмге қарсы күрес, өзара экономикалық байланыстарды дамыту, халықтарымыздың арасындағы достықты сақтау мүдделері жатыр.
– Қос мемлекеттің халықаралық саясаттағы рөлі туралы не айтасыз?
– Бүгін әлемдік саяси ахуал ушығып тұр, атап айтқанда, жетекші мемлекеттер арасындағы өзара теке-тірестің күшеюі, Таяу Шығыста түрлі әскери қақтығыстардың орын алуы, терроризмнің кең қанат жаюы, мәжбүрлі көші-қонның көбеюі, экономикалық проблемалардың тереңдей түсуі өз өңірлерінде, халықаралық аренада маңызды рөл атқаратын Қазақстан мен Сауд Арабиясы сияқты ірі елдерден бірлескен іс-қимылдарды талап етеді. Мұндай ынтымақтастықтың негізгі мақсаты халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтап қалу, өзекті проблемалардың шешу жолдарын ойластыру, соларды реттеу бағытында ұстанымдарды үйлестіру болып табылады.
–
Екі елдің сауда-экономикалық байланыстары қандай негіздерге сүйенеді?
– Корольдік өзін арзан, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге талпынуда. Осы орайда, Қазақстан секілді әлеуеті зор ел кемде-кем. Керісінше, біз Сауд Арабиясының мұнай-химия кластерін дамыту тәжірибесін пайдалануға ынталымыз. Атом энергетикасы, тау-кен, құрылыс, жаңа технологиялар, бірлескен ғылыми ізденістер – осы салалардың барлығында ынтымақтастық үшін сарқылмаған зор әлеует бар екені белгілі.
Саудтық компаниялар орасан қаржылық мүмкіндіктерге, алдыңғы қатарлы технологиялар мен басқарушылық тәжірибеге ие, біз осы факторларды ұлттық экономиканы дамыту үшін, экспорттық географиямызды кеңейту үшін пайдалана білуіміз керек.
–
Таяу Шығыстағы жағдай саясаттанушы ғалымдарымыздың назарынан тыс қалып жатқандай. Әсіресе, қазіргі заман оқиғаларына қатысты зерттеулер тапшылығы сезіледі. Араб елдері, араб әлеміне қатысты отандық басылымдарда жарияланатын сараптамалық дүниелердің интеллектуалдық деңгейі туралы не айтасыз?
– Өзіңіз айтқандай, ұлттық саясаттану саласында Таяу Шығысқа қатысты зерттеулер көп емес. Ақпарат құралдарында шығып жатқан хабарлар мен мақалалар көбіне түрлі ақпараттық контексте, резонансты оқиғаға байланысты беріледі. Кейбіреулер Таяу Шығыстағы жағдайды құбыжық түрінде жеткізсе, кейбіреулер аса мақтап, тым дәріптеп көрсетеді.
Алайда, Таяу Шығыс, араб әлемі – ғасырлар бойы өзіндік өркениеті, салт-дәстүрі, өмірге көзқарасы қалыптасқан өңір, халықтар мекені. Сондықтан да бұл өркениеттің, өңірдің жетістіктері, жақсы жақтары, шешілмей жатқан түйінді проблемалары, талпыныстары мен жоспарлары да бар. Бұл елдерде де тоқтаусыз реформалар жүргізілуде, даму мен экономикалық проблемаларды шешуді қамтамасыз етудің жолдары қарастырылу үстінде. Осыдан келе, Таяу Шығыстағы жағдайды байыппен, терең зерттейтін, оқырманға объективті шындықты жеткізетін зерттеушілер мен саясаттанушылардың көп болғаны, әрине, көңілге қонымды-ақ.
–
Ислам діні ғасырлар бойына Азия және Африка елдерінің миллиондаған халқы үшін болмыс пен тұрмыс-тіршіліктің бір бөлігіне айналды. Олар үшін ислам – ойлау мен әрекет түрі, әділдікке деген сенім. Қазіргі кезде ислам діні оның негізгі қағидаларынан бейхабар адамдардың сана-сезіміне үрей-фактор ретінде қабылдана бастағанын көріп отырмыз. Араб елдері, соның ішінде Сауд Арабиясындағы ислам факторы туралы не айтасыз?
– Ислам дінінің бүгінгі болып жатқан қылмыстарға, бүлдіргі әрекеттерге қатысы жоқ. Ислам туралы бірнәрсе айтудан бұрын осы діннің негізгі қағидаларын білу, мазмұнымен танысу, оны дұрыс түсіну қажет. Орын алып жатқан қателіктердің, бұрыс ойлардың барлығы адам табиғатынан, оның өмірге көзқарасы, тәрбиесі, өмірде көргенінен бастау алып, бұрыс жолға бастап отыр. Мысалы, ислам діні Ораза айын кешірім, кішіпейілдік, татуласу айы деп айтса, экстремистер оны кек алу, Алла жолында басқа діндерге соғыс ашып, шахид болу айы деп бұрмалап алған. Осы секілді мысалдар көп. Әрине, мұндай теріс құбылыстарды кейбір күштер өзінің саяси есептері, әлемде исламофобияны қоздыру үшін пайдаланады.
Сауд Арабиясына келетін болсақ, ол – Исламның бесігі, ардақты дініміз бастау алып, бүкіл әлемге тараған қасиетті мекен. Корольдік жерінде барлық мұсылмандар үшін қасиетті қос кие – Меккеде әл-Харам мешіті мен Медине қаласында Пайғамбардың мешіті орналасқан. Сауд Арабиясына сол қасиетті жерлерді қамқорлыққа алу, жыл бойы үзілмейтін мұсылмандардың қажылығын қамтамасыз ету секілді үлкен жауапкершілік жүктелген. Сондықтан да мұндай ерекше тарихи жағдайлардың әсерімен қалыптасқан мемлекет ретінде Сауд Арабиясында Исламның алар орны ерекше. Бұл Корольдіктің ерекше тарихи миссиясына байланысты болып отыр.
–
Өткенде Сауд Арабиясы Тақ мұрагерінің мұрагері ханзада Мұхаммед бен Салман мұнай баррелінің құны 30 доллардан төмен болған жағдайдың өзінде, өзге сектор арқылы кіріс көзін арттырамыз деп мемлекетті «мұнай тәуелділігінен» құтқаруға мықтап кіріспек ойы барын айтқан еді. Осы бағытта Сауд Арабиясы нендей талпыныстар жасап жатыр?
– Иә, Сауд Арабиясы бүгінгі күні түбегейлі реформалар жолына түсті. Мұнай бағасының құлауы Корольдіктің экономикасына үлкен әсерін тигізді. 2016 жылғы бюджет ел тарихында бірінші рет 138 млрд доллар көлеміндегі тапшылықпен бекітілді. Мұнай дәуірінің біртіндеп аяқталатынын түсінген Сауд Арабиясы алдағы жылдары өз экономикасын мұнайға тәуелділіктен арылтуды көздейді. Бұл бағытта 2016 жылы «Saudi Vision-2030» стратегиялық бағдарламасы қабылданды. Бұл стратегияның басты мақсаты мұнайдан түскен табысты маңызды салаларға бағыттау болып табылады.
Яғни, Сауд Арабиясының үкіметі өз философиясын өзгертіп, белсенді инвестициялық саясатқа көшті. Жоғарыда аталған стратегиялық құжатқа сәйкес үкімет: инвестициялық мүмкіндіктерді арттыру; экономикада жаңа салаларды қалыптастыру; кең көлемді жекешелендіруді жүргізу; әскери-өндіріс саласын қалыптастыру; тау-кен саласын дамыту; баламалы энергетикаға көшу бағыттарын басты басымдық ретінде белгіледі. Мемлекеттік инвестициялық қорға барлық үкіметтің меншігіндегі активтер беріліп, бұл қорды алдағы жылдары 2 трлн доллар көлеміне жеткізу көзделіп отыр.
Қолға алынып жатқан шаралардың ішінен ұлттық «Арамко» мұнай компаниясын жекешелендіру, байланыс, су, жанармай, электр қуаты бағасын өсіру, ішкі нарықты шетелдік инвесторларға ашу, визалық режімді қайта қарау, салықтар енгізу секілді қадамдарды атауға болады. Осы тұрғыдан Қазақстан бизнесмендеріне де Сауд Арабиясына тиімді инвестициялар салу мүмкіндігі ашылып отырғанын айтқым келеді.
–
Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлбаршын САБАЕВА,
журналист