Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық режімде өткен Үкімет отырысында биылғы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың және мемлекеттік бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.
Өсім өрледі
Отырыста жарияланған мәліметтерге сүйенсек, ел экономикасының өсімі өрге өрлеген. Алдын ала деректер бойынша, 9 айда тауарлар өндірісінің 0,2 және көрсетілген қызметтер өндірісінің 0,4 пайызға артуы есебінен экономиканың өсу қарқыны 0,3 пайыздан 0,4 пайызға дейін жедел қарқынмен өскен. Азық-түлікке салынатын салықтар нақты мәнде 1,8 пайызға артты. Сонымен қатар, инфляциялық үдерістер бәсеңдеп, валюта нарығындағы ахуал тұрақтанып келеді. Бизнестің инвестициялық белсенділігі мен елдің халықаралық резервтері өсуде. Сондай-ақ, жұмыссыздықтың төмен деңгейі сақталуда. Бұл мәліметтерді отырыста Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев айтты. Министрдің мәлімдеуінше, бұған экономиканы әртараптандыру жөніндегі бағдарламалар мен жоспарларды іске асыру, инфрақұрылымды, кәсіпкерлікті және АӨК-ті дамыту, сондай-ақ жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша шаралар септігін тигізді.
Экономиканың өсуіне негізгі үлесті құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік саласы және өңдеу өнеркәсібіндегі өнімінің ұлғаюы қосқан. Ал кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 4,4 пайызға төмендеген. Мұны баяндамашы мұнай, көмір және темір кенін өндірудің қысқаруымен байланыстырды. Өнеркәсіптің төмендеуі 2,3 пайыздан биылғы жылдың 9 айының қорытындылары бойынша 2 пайызға дейін қысқарған. Сонымен, қаңтар-қыркүйекте өңдеу өнеркәсібінің өсуі 0,6 пайызды құрады. Бұл ретте өңірлік бөліністе өнеркәсіп өнімдерінің шығарылымы 9 өңірде өсіп, 7 өңірде төмендеген.
«Көшбасшы үштікке 5,2 пайыздық өсіммен Қарағанды облысы, 4,9 пайыздық өсіммен Оңтүстік Қазақстан облысы,4,5 пайыздық өсіммен Ақмола облысы кірді. Ең көп төмендеу Қызылорда облысында – 10 пайыз, Маңғыстау облысында – 3,6 пайыз, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 2,5 пайыз байқалып отыр», деді Қ.Бишімбаев.
Инфляция икемді
Инфляция деңгейі елімізде жылдың басынан бері 5,6 пайызды құрады. Ұлттық экономика министрінің мәлімдеуінше, елімізде инфляциялық үдерістердің бәсеңдеуі байқалады. Мәселен, өткен айда инфляция 0,2 пайызға дейін саябырсыған. Азық-түлік емес тауарлардың 6,8 пайызға қымбаттауы инфляцияға 2,2 пайыздық «үлес қосып» отыр екен.
«Азық-түлік тауарларының бағасы 4,9, ақылы қызметтер 5,3, оның ішінде реттелетін қызметтер 7,6 пайыз өсті. Өңірлік бөліністе 7 өңірде инфляцияның орташа республикалық деңгейден асып кетуі байқалды. Ең жоғары инфляция Маңғыстау облысында 7,2 пайыз деңгейінде, Астана қаласында 6,6 және Оңтүстік Қазақстан облысында 6,4 пайыз деңгейінде тіркелді», деді Қ.Бишімбаев.
Инвестиция игерілді
Биылғы 9 айда инвестициялардың көлемі 4,1 пайызға, яғни 5,1 трлн теңгеге өскен. Өсу «Нұрлы жол» және «ҮИИДМБ» бағдарламаларының шеңберінде индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға негізделген. Өткен жылдың осы кезеңінде инвестициялардың өсуі 3,5 пайызды құраған екен. Ал елдің сыртқы сауда айналымы 28 пайызға дейін қысқарған. Экспорт 23 млрд АҚШ долларын және импорт 15,4 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорттың құндық көлемінің төмендеуіне мұнай, алюминий, темір рудасы, мыс, мырыш сияқты шикізат тауарларының бағасының төмендеуі айтарлықтай әсер еткен.
Қорымыз қомақты
Валюта нарығындағы жағдайдың тұрақтануы аясында Ұлттық банктің Алтын-валюта қоры өсуде. Жыл басынан бері Алтын-валюта резерві 12,7 пайызға, яғни 21,4 млрд АҚШ долларына дейін өсті, бұл 2012 жылғы шілдеден бастап соңғы 4 жылдағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Елдің халықаралық резервтері 95,8 млрд АҚШ долларын құрап, жыл басынан бері 4,8 пайызға өсті, оның ішінде Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 1,4 пайызға өсіп, 64,4 млрд АҚШ долларын құраған.
Бюджет берекелі
Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік бюджеттің 9 айдағы орындалу барысын қорытындылады. Министр түсімдердің асыра орындалғанын, ал салық өткен жылды тұтастай есептегендегі көрсеткішпен тең көлемде жиналғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, түсімдер шамамен 1 трлн теңгеге артық орындалды. Бұл макроэкономикалық жағдайдың жақсарғанын көрсетеді. Түсімдерді асыра орындау бюджетті нақтылаудың негізі болды. Жалпы, мемлекеттік бюджеттің түсімдері 126 пайызға, оның ішінде республикалық бюджет 131 пайызға, ал жергілікті бюджеттер 115 пайызға орындалған.
Б.Сұлтанов биылғы жылдың соңына дейінгі бюджеттік міндеттерге де тоқталды. Бірінші кезекте министр 379 млрд теңге сомасына бюджеттің нақтыланғаны туралы айтты. Қайта бөлуді ескергенде, игерілуі тиіс жаңа ақша 589 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражат экономикалық өсім мен әлеуметтік жобаларды күшейтеді.
«Әкімшілердің барлық жоспарлары бекітілді, жаңа қаражаттың 84 пайызы қазан және қараша айларында игерілетін болады. Ол үшін Қаржы министрлігінің порталына бақылау жүйесі енгізілген. Мемлекеттік органдар қараша айында келісімшарттарды тіркеуді аяқтап, толық игеруді қамтамасыз етуі тиіс», деді Б.Сұлтанов. Екіншіден, заңдастыру акциясын аяқтау бойынша жұмыстар жүйелендірілетін болады, қатысушылардың жеделділігі мен сенімі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, бәсекелестік ортаға беру үшін ведомствоға бағынышты ұйымдарды түгендеу бойынша жұмыстар аяқталатын болады. Үшінші кезекте келесі жылдың бюджетін жоспарлау маңызды міндеті тұр.
«Біз жылды толық әрі сапалы аяқтауға әзірміз. Экономикалық тұрақтылық міндеттерін шешу үшін барлық қазыналық шаралар қабылданатын болады», деді министр.
Отырыста, сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау, Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзалиев, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов және бірқатар облыстардың әкімдері сөз алып, биылғы жылдың 9 айының әлеуметтік-экономикалық қорытындылары туралы баяндады. Жиында, сондай-ақ, өңірлерді дамытудың бірқатар мәселелері қаралды. Оған қоса, бірқатар заңнамалық актілер, қосымша заңдар талқыланды.
Түйіндер тарқайды
Өңірлерді дамытудың түйінді мәселелеріне қатысты негізгі баяндаманы Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаев жасады.
«Жергілікті атқарушы органдар 64 проблемалық мәселе енгізді. Оның ішінде 27 мәселе республикалық бюджеттен 222,7 млрд теңге мөлшерінде қаржыландыруды талап етеді. Проблемалық мәселелердің басым көпшілігі көлік инфрақұрылымы саласына қатысты. Сондай-ақ, өңірлер инженерлік инфрақұрылымды, сумен қамту, өнеркәсіпті дамытуды, қоршаған ортаны қорғау және төтенше жағдайларға қарсы іс-қимылды, білім беруді, денсаулық сақтауды, ветеринарияны қаржыландыруды сұрап отыр», деді Бишімбаев. Оның айтуынша, 5 аймақ 78,2 млрд теңгеге қаржыландыруды қажет ететін проблемалық мәселелерді енгізген. Олардың барлығы көлік инфрақұрылымына қатысты.
«Алматы облысының әкімдігі ірі жоба (Алматы қаласының 6 көшесін «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына» кіргізу) ұсынып отыр. Ол – 59 млрд теңге. Бұл жобаны ҮАААЖ құрылысы аяқталғаннан кейін қарауды орынды деп есептейміз. Атырау облысының әкімдігі 2016-2018 жылдары 11,3 млрд теңгеге қаржыландыру үшін тағы бір жоба («Индер–Қарабау–Миялы–Сағыз» облыстық жолын жөндеу, 123 км) ұсынды. Батыс Қазақстан облыстық жолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен жыл сайын 7 млрд теңгеден бөлуді сұрайды. Қызылорда облысы әуежайды жаңғыртуға 0,8 млрд теңге сұрап отыр», деді министр.
Отырысқа онлайн режімде қосылып отырған Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өз кезегінде Үкімет басшысынан өңіріндегі ескі мұнай ұңғымаларынан май ағып, экологияны бүлдіріп жатқанын айтып, көмек сұрады.
«Энергетика министрлігінде бұрын игерілген ескі мұнай кен орындарындағы 89 ұңғыма тіркелген. Олар апатты жағдайда, кей жерлерде сол ұғымалардан май ағып, жерді, суды бүлдіріп, экологиялық зардап әкеліп жатыр. Сондай-ақ, Атырау облысында 180 гидрогеологиялық ұңғыма тіркелген. Олардан да су атқылап, қазіргі таңда бақылаусыз жатыр. Сіздің атыңызға мен осы ақпараттарды жазып, қолдауыңызды сұраған едім. Тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді сұраймын. Бұл өте қауіпті жағдай, қазір шара қолданбасақ, соңынан кеш болуы мүмкін», деді әкім.
Ал Бақытжан Сағынтаев бұл мәселе орынды екенін айтып, назарда ұстайтынын жеткізді.
«Көтеріліп отырған мәселе өте орынды. Энергетика министрлігінен Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, осы мәселені қарастыруды сұраймын», деді Үкімет басшысы. Әрине, бұл – қомақты қаржыны қажет ететін мәселелер. Осы ретте, Үкімет басшысы кейбір әкімдердің жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешу үшін Үкіметтен қаржы сұрауын сынға алды. Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімін мысалға келтірді.
«Сіздер Үкіметке хат жазып, қол қоярдың алдында сәл ойланыңыздар. Кейбір хаттарыңызды қараудың өзі ұят. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі жергілікті әлеуметтік мәселелерді шешу үшін орталықтан 30 млн теңге сұраған. Бұл енді күлкілі ғой. Жергілікті мәселені шешуге 30 млн теңге табуға болады ғой. Сондықтан хатты жолдар алдында дұрыстап ойланып, қарап алыңыздар», деді Б.Сағынтаев.
Міндетті меже
Айтқандай, өткен жолғы Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа ескерту жасаған еді. Өйткені, мұнайлы өлкенің басшысы шағын және орта бизнесті қолдауға Үкімет бөлген 692 миллион теңгенің игерілмегені айтылған. Кешегі отырыста Премьер-Министр әкімнен сол жағдайға байланысты есеп беруін сұрады.
«Бұл конкурстардың кеш өтуіне байланысты болып отыр. Біз мұны жыл соңына дейін шешеміз», деді Н.Ноғаев. Ал Үкімет басшысы бұл мәселеге қатысты жыл соңында тағы да есеп сұрайтынын ескертті. Сонымен қатар, ол барлық әкімдерге бюджеттің әрбір теңгесін дер уақытында игеру бойынша жұмыстар жүргізу қажеттігін қатаң тапсырды.
«Біз 9 қыркүйекте 400 млрд теңгеден астам қаржы бөлдік. Жұмыстарда қандай да бір кемшіліктер бар болуы мүмкін. Бірақ жыл соңына дейін барлық қаржыны игеру қажет», деді Сағынтаев.
Отырыстың қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев Үкімет биыл ішкі жалпы өнім өсімін 0,5 пайыздық межеден асыруды жоспарлап отырғанын атап өтті.
«Көріп отырғанымыздай, 9 айдың қорытындысында экономикалық өсімнің оң үрдісі байқалады. Жыл соңына дейін Мемлекет басшысының өсімді 0,5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындауға барлық мүмкіншілік бар. Жоспарды орындайтындығымызға еш күмән жоқ. Яғни, инфляция дәлізін 6-8 пайыздық межеде ұстап тұруға, сақтауға және онымен жұмыс істеуге тиіспіз. Бірқатар түзетулер болуы мүмкін. Бірақ тапсырма жүктелді және ол орындалуы тиіс», деді Б.Сағынтаев.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»