Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы серіктестікке соны серпін беретін болады
Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапары болып өтті. Сапары барысында Қазақстан Президенті Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз әл Саудпен келіссөз жүргізді.
Кездесулер мақсаты – әріптестікке қарқын қосу
Араб елдері арасында Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып таныған мемлекет – Сауд Арабиясы Корольдігі. Нақтылай айтқанда, бұл ел бізді дербес мемлекет ретінде 1991 жылдың 30 желтоқсанында таныды. Ал екі тараптың дипломатиялық қарым-қатынасы 1994 жылдың сәуір айынан бастау алады. Осы аралықта түрлі салалар бойынша екі жаққа да аса маңызды, жоғары деңгейлі көптеген құжаттар бекітілді. Бұл мемлекетаралық, үкіметаралық, ведомствоаралық келісімдер, хаттамалар мен меморандумдар тараптардың бүгінгі байланыстарына негіз болуда.
Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясына 1994 жылы жасаған ресми сапары екі жақтың өзара байланыстарына жол ашып берді. Содан бері тараптардың арасында достық рәуіштегі қатынастар үзілген жоқ. Бұл өз кезегінде қос мемлекеттің бір-біріне деген серіктестігінің нығая түсуіне ықпал етіп келеді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне жасаған ресми сапары табысты өтті деп айтуымызға әбден болады. Елбасының Король Салман бен Әбдел Әзиз әл Саудпен кездесуі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Сауд Арабиясы ынтымақтастығының негізгі бағыттарын, атап айтқанда, сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды нығайту жолдарын талқылады. Бұдан бөлек, тараптар өзара іс-қимылдың түрлі салаларында, соның ішінде ауыл шаруашылығында зор әлеуетке қол жеткізілгенін және бұл бағытта қарқынды даму бар екенін атап өтті.
Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы Ияд ибн Әмин Маданимен кездесуінде де маңызды жағдаяттар талқыланды. Нақтылай айтқанда, келіссөз барысында еліміздің Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүшелігі аясындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі тұстары сөз болды. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған, бүгінде құрамына 32 ел кіретін Халықаралық азық-түлік қорының жұмысын уақыт талабына сай дамыту ісі де бұл басқосуда әңгіме өзегіне айналды.
Өз кезегінде Ияд ибн Әмин Мадани Елбасын Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық қақтығыстарды реттеуге бағытталған барлық бастамаларын қолдайтынын жеткізді.
Елбасының Ислам даму банкінің президенті Бандар бен Мұхаммад Хаджармен кездесуінде тараптар Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Қазақстан басшысы еліміздің экономикасын нығайтуға және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға Ислам даму банкі елеулі үлес қосқанын атап өтті. «Қазіргі таңда біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрудамыз. Ислам даму банкі оның қызметіне ат салысатынына сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу барысында аталған банк пен Қазақстанның ортақ жобаларының жалпы құны 1,3 млрд доллардан асқаны атап өтілді. Айта кетейік, 2015 жылы Ислам даму банкі құны 665 млн доллар болатын 4 жобаны қабылдап алған болатын.
Бандар бен Мұхаммад Хаджар біздің республикамен табысты ынтымақтастық одан әрі жалғасып, өзі басқаратын банк Қазақстан экономикасын дамытуға бағытталған жобаларға қатыса береді деп үміттенетінін жеткізді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сапары аясында «Amiantit Group» компаниясының вице-президенті, ханзада Турки бен Мұхаммад бин Фахдпен кездесті. Әңгіме барысында қазіргі өзара іс-қимылдың бірқатар мәселелері қарастырылып, алдағы уақыттағы ынтымақтастықтың болашағы қозғалды.
Ал су инжинирингіне және мұнай-газ саласына арналған құбыр шығаруға маманданған «Amiantit Group» компаниясының басшылығы өз кезегінде Қазақстанда қолайлы инвестициялық жағдай жасалып отырғаны үшін ризашылығын білдірді.
Сонымен бірге, тараптар әріптестік қарым-қатынастың, өзара ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне екпін түсірді.
Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігі аш-Шура Меджлисінің басшысы Абдуллах ибн Мұхаммед Әл-Шейхпен кездесуі кезінде Қазақстан мен Сауд Арабиясының өзара қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру қажеттігі атап өтілді. Елбасы өз сөзінде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асатынына сенім білдірді. Ал Абдуллах ибн Мұхаммед Әл-Шейх өз кезегінде Қазақстан Президентін екі ел арасындағы қатынастарды одан әрі нығайту үшін барынша күш салатынына сендірді.
Саудиялық іскер
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауд Арабиясы Корольдігінің іскер топтары өкілдерімен кездесуі бұл сапардың маңызын одан әрі арттыра түсті. Сауд Арабиясының ірі кәсіпкерлері Елбасының сөздерін ықылас қоя тыңдап, әрі өздерінің де Қазақстанға қатысты көзқарастары мен жоспарларын айтуға асықты.
Сауд Арабиясының әлемдік деңгейде жұмыс жүргізетін жетекші компанияларының басшылары қатысқан бұл басқосуда Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы біздің елдің Таяу Шығыс аймағындағы негізгі серіктесінің бірі екенін жеткізді.
– Екі ел арасындағы 2015 жылы 16,3 млрд долларға жеткен тауар айналымы көлемін бүгінде айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде Корольдік компанияларының қатысуымен Қазақстанда 17 ұйым жұмыс жүргізуде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті екі елдің экономикалық ынтымақтастығының перспективалы бағыттарына да тоқталып өтті. Олардың арасында тау-кен металлургиясы кешені, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, қаржы және ислам банкингі, атом өнеркәсібі бар.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы сияқты Қазақстанның да табиғи ресурстарға бай екеніне назар аударды. «Соған қарамастан, біз экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформаларды іске асырудамыз. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жетудің негізгі жолы елдегі кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырып, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев іскерлік және инвестициялық ортаны жақсарту үшін Қазақстанда қолға алынып жатқан жүйелі шараларға тоқталды. «Дүниежүзілік банктің «Бизнеспен айналысу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 41-ші орынға ие болды. Бизнес үшін әкімшілік кедергілер мейлінше азайтылды. Қазір бізде 10 арнайы экономикалық аймақ құрылып, онда либералды салық режімі қолданыла отырып жұмыс жүргізілуде», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы кәсіпкерлерін Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды. «Өз кезегінде Қазақстан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, инвестор корпоративтік табыстан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазір республикада ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүргізіліп жатқанын айтты. «Жалпы құны 10 миллиард доллар болатын 800-дей мемлекеттік кәсіпорын бәсекелестік ортаға шығарылды. Тізімге мемлекеттің үлесі бар тау-кен металлургиясы, мұнай өңдеу, энергетика, көлік және байланыс саласындағы кәсіпорындар, инфрақұрылым нысандары енгізілген. Сауд Арабиясы компанияларының осы жекешелендіру шарасына қатысуын қолдаймыз», – деді Қазақстан Президенті.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына және келер жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне тоқталды.
Сауд Арабиясы бизнес құрылымдарының жетекшілері Қазақстанда жасалып жатқан қолайлы инвестициялық жағдай үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін жеткізді. Атап айтқанда, олар ауыл шаруашылығы, мұнай өңдеу, металлургия және атом энергетикасы салаларына қызығушылық танытты.
Мәселен, мұнай-химия саласындағы «Әл-Замиль» компаниялар тобы басқармасы кеңесінің төрағасы Абдрахман Абдалла әз-Замиль, құс өсірумен және егін шаруашылығымен шұғылданатын «Әл-Рамзес» компаниясының президенті Шейх Абдулла Заид әл-Мелеихи, «Метал Корнерс» холдингінің президенті Нассер Әли Салман әл-Агел сынды саудиялық ірі компаниялардың жетекшілері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасында Қазақстанның көптеген салаларда үлкен табыстарға жетіп отырғанын, 25 жылдың ішінде тұрақты дамуға қол жеткізген ірі мұсылман елі екенін атап өтті.
Сонымен бірге, олар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы іскерлік байланыстардың келешегі зор екеніне назар аударды. Олардың айтуына қарағанда, Қазақстанда жұмыс істеуге, сауда-саттық жасауға жақсы жағдай жасалған. Әсіресе, Қазақстанның саяси тұрақтылығы, ішкі татулығы кәсіпкерлер үшін еркін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, саудиялық ірі компаниялардың өкілдері Астананың бүгінгі тыныс-тіршілігін, оның қарқынды дамып келе жатқанын, аз ғана уақыттың ішінде әлем көз тіккен орталыққа айналғанын сөз етті.
Соңында Қазақстан Президенті өзара тиімді серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері жасала беретінін және оның перспективасына сенімді екенін айтып, Сауд Арабиясы бизнесінің өкілдеріне табыс тіледі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясына жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді.
Қол қойылған келісімдер құны – 60 млрд теңге
«Сапар аясында энергетика, тау-кен саласы, ауыл шаруашылығы, сауда-саттыққа қатысты жалпы құны 60 млрд теңгеден асатын бірқатар келісімге қол қойылды. Атап айтқанда, олардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысындағы құс фабрикасы, Ақмола облысындағы азық-түлік өндірісі жөніндегі келісімдер бар. Қазіргі таңда Қазақстанда Сауд Арабиясының қатысуымен 17 кәсіпорын жұмыс жүргізуде», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті тауар айналымын ұлғайтуға логистикалық қиындықтар кедергі келтіріп келгенін атап өтті. «Бұл ретте біз болашақта жемісті ынтымақтастық орнату үшін Жол картасын жасап, екіжақты үкіметаралық комиссия, экономиканың жекелеген салалары бойынша жұмыс топтарын құру туралы келісімге келдік. Біздің елде ортақ жобаларды қаржыландыру үшін бірлескен инвестициялық қор құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ, мен саудиялық серіктестерімізді инвестициялық-инновациялық жобаларға, «Нұрлы жол» бағдарламасына ат салысуға шақырдым. Бұл Қазақстанның пайдасы үшін ынтымақтастық орнатуға өте жақсы негіз болады», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Корольдікпен өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарына назар аударды. «Саудиялық серіктестеріміздің күн мен жел энергетикасын пайдалану тәжірибесі бар. Сауд Арабиясы энергетика саласындағы өздерінің жаңа әзірлемелерімен Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне белсене қатысатын болады. Сондай-ақ, келіссөздер барысында біз мұнай мен газ саласындағы жүргізіліп отырған саясатты талқыладық. Жалпы, біз осы өңірдегі маңызды бұл елде өте пайдалы әрі аса қажетті кездесулер өткіздік деп санаймын», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына ресми сапары аясында төмендегідей маңызды құжаттарға қол қойылды:
– Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шарт;
– Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы ұстап беру туралы шарт;
– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
– Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум.
Осылайша, Қазақстан Президентінің Сауд Арабиясына жасаған ресми сапары жоғары деңгейде өтті деп түюге әбден болады және бұл сапардың екі елдің арасындағы түрлі бағыттардағы байланыстарын сапалық жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан» – Эр-Риядтан (Сауд Арабиясы)
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды