26 Қазан, 2016

Ипотекалық қарыздар қайта қаржыландырылады

225 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Ипотека бойынша борышкерлердің қарыздарын қайта қаржыландыру шарасы күтіп тұр. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті. «Сонымен қатар қаржылық секторға салық салу бойынша 16 түзетуден тұратын тұтас блок қамтылған. Оның ішінде «Қайта қаржыландыру бағдарламасы» аясында ипотекалық тұрғын үй займдары бойынша банктер алдында мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушыларға көмек көрсетуге бағытталған шаралар ескерілген. Бұл өз кезегінде аталған бағдарламаны жүзеге асыруды тежеп отырған проблемаларды шешуге және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарында жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік береді»,-деді Бишімбаев. Мұнымен қоса, осы блокта банктердің ссудалық портфелінде сенімсіз қарыз деңгейін төмендетуге бағытталған түзетулер қарастырылған. Сондай-ақ қаржылық қызметтердің тұтынушыларын қорғау шарасын күшейту ескеріліп отыр. Бұдан бөлек, депозиторлардың мүдделерін қорғау деңгейін арттыруға бағытталған түзетулер де бар. Жалпы отырыс барысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.