Бүгін Қызылордада e-commerce саласындағы отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен G-Global коммуникативтік алаңында электрондық коммерцияны дамытуға арналған тұңғыш халықаралық интернет - форум өтті. Шараны «Атамекен» ҰКП және Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырды, деп хабарлайды egemen.kz облыстық әкімдіктің бапасөз қызметіне сілтеме жасап.
Форум жұмысына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, электрондық коммерцияны дамытудың аймақ экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Электрондық сауданың тиімділігі көп жағдайда мемлекеттің саясатына тікелей байланысты. Өйткені электрондық коммерция оффлайн бизнестің тек қосымшасы ғана. Егер мемлекет тауар өндірушілерге жағдай жасап отырса, ал интернет-дүкендерге мысалы, тауарды кедендік рәсімдеу және салық төлеу кезінде белгілі бір преференциялар жасалуы қажет», - деді әкім.
Қырымбек Көшербаев барлық қатысушыларды өзара тәжірибе алмасуға шақырды және қызылордалық кәсіпкерлер аймақта e-commerce, яғни электрондық коммерцияны дамытуға қатысты барлық ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін айтты.
Форумның мақсаты - e-commerce элементтері арасындағы өзара нақты байланыстарды дамытуға ықпал ету, сондай-ақ, логистикалық тізбекті оңтайландыру, маркетингтік технологияларды ілгерілету және онлайн-сауда компанияларының табыстылығын арттыру. Сонымен қатар форум спикерлері мен қатысушылар интернетте бизнес жүргізу тәжірибелерімен бөлісіп, онлайн сауда жүргізудегі электрондық коммерцияны дамыту арқылы отандық тауар өндірушілерге қолдау жасау, онлайн-сауда жүргізудегі электрондық ақшаның рөлі, көлеңкелі экономиканы азайту және өзге де маңызды мәселелерді талқыға салды.