Қарағанды облыстық прокуратурасында Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің 25-ші отырысы болып өтті. Жиын, әлбетте, кәсіпкерлік қызметті ұйымдастырудың қазіргі көкейкесті мәселелеріне арналды. Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, «Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер тобына кіреді және біз бұл үрдісті өрістете түсуге тиіспіз. Шағын және орта бизнес – біздегі Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізі».
Жиынды ашқан облыс прокурорының орынбасары Әспенби Жарылғасов бизнес саласының көптеген проблемалары прокуратура мен Кәсіпкерлер палатасының бірлесе атқарып келе жатқан шараларының арқасында шешіліп отырғанын атап өтті. Жыл басынан бері облыс прокуратурасы Кәсіпкерлер палатасынан 80-нен астам арыз-шағымдар мен өтініштер келіп түссе, құзырлы орган солардың 30 пайызға жуығын қанағаттандырып, басқалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Үш жүзден астам кәсіпкердің құқықтары қорғалған.
– Кәсіпкерлер, көбінесе, жер теліміне қатысты дауға кезігіп жатады. Бұл шаруа қожалықтарында ғана емес, аудан орталықтары мен қалаларда да орын алып отырған жағдай. Әкімдіктер көп ретте жер теліміне қатысты нақты жоспардың болмауын сылтауратады. Яғни, жер бөлуден бас тартудың негізгі себебі, «Жер телімін не істейтіні белгісіз адамға қалай беріп қоямыз?» дегенге саяды. Бірақ, жағдай әрдайым олай емес қой. Сылтаулардың сыртында біреулердің қара басының мүддесі мен сыңарезу пікірі тұруы мүмкін, – дейді кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрағасы Серік Төрегелдин.
Қарағанды облысының прокуратура органдары кәсіпкерлер арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Кәсіпкерлік қызметінде қандай да бір қысым көріп, әділетсіздікке тап болған кез келген бизнесмен кәсіпкерлер палатасына немесе бірден прокуратураға шағымдануына болады. Құқық қорғау органына еш бөгетсіз әрі жедел хабар жеткізу үшін сенім телефондары жұмыс істейді, облыстағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Прокурордың онлайн-кабинеті» жобасы іске қосылған. Сол арқылы кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың тарапынан болған келеңсіздіктер туралы облыс прокуратурасына Skype арқылы онлайн-режімде хабарлай алады.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Бизнесті дамытуға кедергі келтіретін барлық енжар құқықтық нормалардың күшін жою керек», деп кәсіпкерлікке жол ашу қажеттігін ашық айтты. Елбасы бастамасымен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласында құқықтық-нормативтік құжаттар жетілдірілді. 2014 жылы Мемлекет басшысы кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялады. Ол қолданыста болған кезеңде прокуратура органдары елеулі жұмыстар жасады, оның ішінде тексерістерді өткізуді прокуратура органдарымен келісу тәртібі мен тетігі белгіленді. Мемлекеттік органдардың заң талаптарына сай келмейтін іс-әрекеттеріне тыйым салынып, заң бұзушылықтарға қарсы ықпал ету шаралары жасалды.
Айта кету керек, бизнесті тексеруге енгізілген мораторий шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне оң әсерін тигізді. Заңнаманы жетілдіру аясында жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі қабылданып, онда ағымдағы жылдың басынан бері тергеуге дейінгі тексеріс институты және қылмыстық істі қозғау кезеңі жойылды. Бұл жаңашылдықтар қылмыстық процесс шеңберінде кәсіпкерлердің құқықтарына тікелей қатысты болып отыр. Яғни, сотқа дейінгі тергеудің басталу тәртібі және одан әрі өкілетті мемлекеттік органдардың ревизияларды, тексерістерді өткізулері негізгі мәселелердің біріне айналды. Осылайша, жаңа қылмыстық процесс жағдайында, сотқа дейінгі тергеудің басталу институты өзгертіліп, кәсіпкерлерді қылмыстық қудалауға негізсіз тартуға жол бермеу мақсатында, бұл мәселені шешу кезінде мұқият тексеру қажеттігілігі көрсетілді.
Қылмыстық іс жүргізілу барысында кәсіпорынның шоттары, өзара төлемдері, бухгалтериясы жабылып, қызметі толығымен тоқтап қалатындығы белгілі. Соған байланысты жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінде заң шығарушы жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын негізсіз күдіктенуден қорғау үшін қажетті құралдар қарастырды. Бұл тетік арыздар мен хабарламалардың сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелуіне дейін жұмыс істей бастайды.
Мысалы, заң талаптарына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болмаса, сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркемей, өкілетті мемлекеттік органдарға ревизиялар мен тексерістерді өткізуді талап ететін арыздар мен хабарламаларды жолдау талап етіледі. Бұл тәртіп күш құрылымдарының кәсіпорындар қызметіне араласуын елеулі түрде шектейді, өйткені тек қана қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалғанын көрсететін жеткілікті деректер ғана, оның ішінде, мысалы, салық тексерісі нәтижесінде белгіленген қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін жеткілікті материалдық зиян сомасы сотқа дейінгі тергеудің басталуына себеп бола алады.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 260-бабының екінші бөліміне сәйкес қылмыстық қудалау органының жоспардан тыс тексерістерді, құжаттық ревизияларды өткізу туралы талаптары прокурормен келісілгенінен кейін ғана заңды болады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ