27 Қазан, 2016

Көш көлікті болсын, «Қазақконцерт»!

935 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
kazakkoncert-2Елорданың мәдени өміріндегі елеулі жаңалықтың бірі елу жылдан астам уақыттан бері Алматы шаһарымен біте қайнасқан әйгілі «Қазақконцерт» ұйымының Астана төрінде қайта жаңғыруы болды. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» РМҚК директоры Салтанат Сейдімбекке сұрақтар қойған едік. – Салтанат Ақселеуқызы, жуыр­да ғана «Қазақконцерттің» жа­ңа қойылымына, яғни, маман­дандырылған тұңғыш театр мю­зикліне куә болдық. Басы­лы­мымыз «Енді бізде мюзикл де бар!» деп сүйіншілей жа­рия­ла­ды. Одан бөлек, ең бас­ты жа­ңалық сіздердің Астанаға қо­ныс аударуларыңыз десек, қате­лес­пейтін шығармыз. Көштеріңіз көлікті болсын. saltanat-seydimbek– Рахмет. Иә, Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен үстіміздегі жылдың қаңтар айында Астана төрінен орын тепкен «Қазақконцерттің» қадамы сәтті басталды деуге болады. Оған өздеріңіз де куә болдыңыздар. «Қазақконцерттің» елордадағы ашылуында өнер ордасының негізінде құрылған «Астана мюзикл» театры­ның тұсауы кесілді. Көрер­мен назарына ұсынылған «Достар серті» мюзиклі туралы қазір оң пікірлер айтылып жатыр. Бұл бізге үлкен қуаныш, жаңа серпін сыйлады. Ол сондай-ақ жүз пайыз таза қазақ­стандық өнім. Либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, қазақ тілінде сөйлеткен драматург, аудармашы – Әннәс Бағдат, қойылымға арнайы музыка жазған композитор – Артур Оренбургский, қоюшы-режис­сер – Есләм Нұртазин, хорео­графтар Әсем Шарифуллина мен Дәулет Мұратбеков – бәрі де өзіміздің өнер майталмандары. Мюзиклде қазақ­тың көрнекті композиторлары Ш.Қалдаяқов, Е.Хасан­ғалиевтың, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасанның» және халық әндері орындалды. Оған қоса, жаңадан жазылған музыкалық туындылар да көрермен көңілінен шықты. Жалпы, мюзикл – театр, музыка, би, ән, көркемсурет, акробатика, сценография, грим сияқты өнердің барлық түрін қамтитын сан түрлі шығармашылықтың синтезі, озық технологияның қосындысы деу дұрысырақ. «Достар сертіндегі» декоратор, дыбыс және жарық қою­шы режиссерлер, экранға бейне­әзірлеушілер де өзіміздің мамандардың қажырлы еңбегі. Яғни, «Қазақконцерт» – елдор­даның мәдени өміріне жаңаша леп әкелді десек артық болмас. Елордаға көшуге байланысты сұ­рағыңызға келер болсақ, «Қазақ­концерт» – қазақтың ұлттық брен­ді, республикамыздың мәдениет сала­сындағы байырғы ұжымдарының бірі. Тарихы тереңнен басталатын «Қазақконцертке» биылғы жылы қайта жаңғырудың сәті түсті. Жаңа­ша кейіппен Астана төрінен орын алған ұйымға «Қазақстан» орта­лық концерт залының ғимараты берілді. Ал Алматыда кәсіпорынның филиалы жұмыс істейді. Ол жақтағы филиал директоры – танымал композитор, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев. Сөйтіп, Қазақконцерттің Аста­нада жайғасуы еліміздің мәдениет саласында елеулі, ал елорданың мәдени өмірінде атаулы оқиғалардың бірі болды. Міне, осылайша ажары ашылған аталмыш өнер ұжымына екінші мәрте дем-тыныс берілді. – Шығармашылық ұжым туралы әңгімелесеңіз. Қандай топтар, ансамбльдер, театрлар, жеке әншілер бар құрамдарыңызда? – «Қазақконцерт» – қазақ өнері мен музыкасының кешегі мен бүгінгісін үндестірген алтын көпір іспеттес. Ол өзінің елу жылдан астам тарихында өнер жолындағы аса да­рынды ұл-қыздарды күллі елімізге, одан қалса шетелдерге әйгілеп келеді. Бүгінде, мемле­кет­тік концерттік ұйымда Қазақ­станның халық әртісі Айман Мұ­сақожаеваның бастамасымен құ­рылған «Академия солистов» каме­ралық оркестрі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор Секен Тұрысбек жетекшілік ететін фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер көрермен қошеметіне ие. Бұдан бөлек, еліміздің үздік үштігі, мәдениет қайраткері Тимур Урманчеев жетекшілік ететін мемлекеттік «Forte trio» әлемнің көптеген елдеріне жақсы танымал ұжым дер едік. «Қазақконцерттің» құрамына қабылдану өнер биігіне шығуды армандаған әрбір жастың басты мақсаты болған, ол қазір де солай. Бүгінгі өнер ұжымының құрамында көрермен көзайымына айналып үлгерген жас әншілер – Азамат Жылтыркөзов, Әлішер Каримов, Димаш Құдайбергенов, Нұрболат Абдуллин сияқты халықаралық байқаулардың лауреаттары бар. «Қазақконцерт» – тек үздік­тердің үздігі, ең талантты деген өнер иелерінің ортасы. Аталмыш өнер ұжымы республикамыздағы өнермен байланысты ең ірі оқу орда­ларының студенттері арасында іріктеу өткізіп, сол талантты жас­тардың негізінде «Астана мюзикл» театры құрылғаны осының дәлелі. – Ел тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғы қарсаңындағы тыныс-тір­шіліктеріңіз қандай? – «Қазақконцерттің» Астана төріндегі құтты қадамы ел Тәуелсіз­дігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұны Қазақстанның мәдени өміріндегі жаңа бір белес, сахна төрінде жаңа есімдердің жұлдызы жанған сәт деп бағалауға болады. Сондықтан, Тәуелсіздіктің мерейлі тойына орай алдыңғы толқын өнер иелері және жас әншілердің қатысуымен желтоқсан айында үлкен концерт беруді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, қазақ өнерін шет­елде кеңінен таныстыру және алыс-жақын мемлекеттермен мәдени-рухани байланысты одан әрі жақсарту мақсатында әрі Қазақ­станның мәдени күндері аясында қараша айында Италияда мерекелік концерт өткізу жоспарымызда бар. – Қазіргі уақытта шоу-бизнесте демеушісіз даму мүмкін емес қой. «Қазақконцертке» кімдер қолдау көрсетеді? – Біз тікелей Мәдениет және спорт министрлігіне қарас­ты ұйымдар тізіміндеміз. Осы орай­да министрлік тарапынан «Қазақконцерттің» жаңаша тұр­пат­­талуына бастамашылдықпен үлкен көңіл бөлінді. Ең алдымен кәсіби маманданған, талабы таудай талантты жастардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасалды. Өздеріңіз білетіндей, жақында тұ­сауы кесілген «Астана мюзикл» театры әртістерінің бәрі жастар, тіпті, кейбірі енді ғана қолына диплом алатын мамандық иелері. Бүгінгі таңда бұл жас дарындардың барлығын «Қазақконцертке» тұрақты жұмысқа қабылдадық. myuzikl– «Қазақконцерттің» келешегі туралы айтсаңыз. – Қазіргі уақытта «Қазақконцерт» өзінің даму тұжырымдамасын бел­гілеп, бағыттарын айқындап қой­ды. Дәстүрге бай өнер ордасы клас­сикалық, дәстүрлі және эстрадалық жанрдағы музыка­ларды дамыту бойынша ауқымды жұмыстарды жаңа сипатта жалғас­тыра бермек. Елордада орын теуіп, әнсүйер қауыммен қайта қауышқан «Қа­зақ­­концерт» рухани имиджге жағым­ды әсер етіп, мәдениет инфра­құрылымының дамуына септігін тигізері сөзсіз. Себебі, Ас­тана бү­гінде – ғылым мен білімнің ор­дасы, іскерліктің ортасы ғана емес, жастарымызды жарқын бола­шаққа бастайтын мәдениеттің бесігіне айналды. Қазіргі таңда мәдениет пен оның әлеуетін дамыту көптеген әлем мемлекеттерінің маңызды даму басымдықтарының қатарына кіреді. Олай болса, Қазақ­стандық мәдениет те жаһан­дық мәдени үнқатысудың белсенді қатысушысына айналуы тиіс. Ол үшін бәсекеге қабілетті мәдени орта қалыптастырудың маңыз­ды­лы­ғы айтпаса да түсінікті. Алдағы күнге жоспарын жүйелеп алған «Қазақконцерттің» басты бағыты – бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыру. Қазақ өнерінің қара шаңырағы Астананың мәдени өмірін айшықтап, жаңаша серпін береді деп сеніммен айтуға болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»