27 Қазан, 2016

Абыройлы жолдағы айшықты іздер

255 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
gerbҚазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық жарқын жолында, бүкіл еліміздегі сияқты, Ақмола облысында да әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы оң өзгерістер орын алды. Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар өңірдің экономикалық әлеуетін еселеп арттырып, халықтың тұрмыс-тіршілігін бұрын болмаған деңгейге көтерді. Осы орайда біз облыс әкімінің орынбасары Нұрлан НҰРКЕНОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Нұрлан Жаңбыршыұлы, астаналық облыс биылғы жартыжылдықтың қоры­тындысында экономиканың бес бағыты бойынша республика көлемінде үздік көрсеткішке қол жеткізді. Бұл, әрине, жұртшылықтың екпінді еңбегінің еселі қайтарымы. Әйткенмен, іргелі істерге екпін қосатын тағы бір ұтқыр ұғым бар сияқты. – Иә, оны өңір тұрғындары облысымыздың астаналық мәртебесімен байланыстырады. Облысымыздың бұрынғы орталығында республикамыздың жаңа астанасы бой көтеріп, әлемді аузына қаратқан өзгерістер орнығуда. Елбасы өзінің Жарлығымен Ақмола облысын Көкшетауға көшіру арқылы тарихи қаланың, тәлімді ортаның бағын ашып қана қоймай, облыстың кешенді дамуына кең мүмкіндіктер жасады. Біз нарықтық экономикада ең тиімді артықшылықтарға ие болдық және жүктелген жауапкершілік те арта түсті. Мұндай жағдайда іргедегі Астана қаласының өнегесімен бірге тыныс­тап, Тәуелсіздігіміздің жарқын беттеріне өзіндік із қалдыру басты парыз саналатыны айқын. Осы орайда, газет оқырмандарына облыс туралы қысқаша мағлұмат бере кеткен жөн сияқты. Республика аумағының 4,2 пайызын алып жатқан өңір құрылымында Көкшетау, Степногор қалаларымен бірге 8 шағын қала, 17 аудан, 228 ауылдық округ бар. Биылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша тұрғындар саны 746,1 мың адамға жетті. Мұнда еліміздегі мойынтіректердің (подшипниктердің) 100 пайызы, жүк автокөліктерінің 40, алтын мен керамикалық кірпіштердің 30, ұнның 10, еттің 20, сүттің 15, жұмыртқаның 16,4 пайызы өндіріледі. Алынған жалпы өнімнің көлемі 2001 жылмен салыстырғанда 11 есеге өсіп, 1,2 триллион теңгені құрады. Осыған сәйкес, жан басына шаққандағы жалпы өнім 28,1 есеге артып отыр. Ал, негізгі капиталға құйылған инвестиция 1991 жылғы 1,3 миллиард теңгемен салыстырғанда 2015 жылы 199 миллиард теңгеге ұлғайды. – Бұл Тәуелсіздік жылдары үлкен әлеуеттік қарымның қалыптасқанын білдіреді. Ендеше, көпсалалы экономиканы ұйымдастыру үстіндегі өңірдің игі қадамдары жөнінде әңгімелей отырсаңыз. – Игі қадамдар дегенде оның астарындағы кедір-бұдыр жолдар да еске түседі. Ізденіс көптеген өзгерістерді алып келгенін айтуға тиіспіз. Мәселе, мемлекеттік ұстанымдардың жүйелілігінде, орындаушылық тәртіптің мықтылығында. Табыс та осыдан құралады. Бүгінгі күні облыс республикамыздың ірі агроөнеркәсіптік өңіріне айналды. Шашыраңқылыққа ұшырамау үшін салалар бойынша мейлінше жинақы сөз қозғасақ деймін. Өңірдің индустриялық әлеуеті көпсалалы өнеркәсіп өндірісімен сипатталады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2001 жылмен салыстырғанда бүгінгі күні 10 есеге өсіп, 350 миллиард теңгеге жетіп отыр. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде сала құрылымындағы қайта өңдеу кәсіпорындарының үлесі 70 пайызға артты. Облыста машина жасау, металлургия, химия және тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы даму үстінде. Заманауи жобаларға ден қоюдың арқасында жаңа кәсіпорындар пайда болып, өңірде бұрын өндірілмеген сирек металдар қоспасы, полипропиленді қаптамалар, төзімділігі жоғары «Корсис» құбырлары, өсімдік майлары мен құйма бұйымдар шығарылуда. Биыл индустрия­ландыру картасына 671,9 миллиард теңгені құрайтын 107 жоба енгізілген. – Сөзіңіздің жалғасы болсын, соңғы күндері Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен қатарға қосылған кәсіпорындар жайлы нақты мысал келтірсеңіз. – Бағдарлама баяндылығымен құнды. Мысал көп қой, екеуі туралы айтайын. Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылы құрылған «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорнының жүзге тарта өнімі Қазақстанның көптеген өңіріне жақсы таныс. Ал, соңғы 15 жыл бойы «TURAN» брендімен Ресей Федерациясына минералды сулар мен алкогольсіз сусындар тұрақты түрде жеткізіліп келеді. Кәсіпорын 25 жылда бюджетке 50 миллиард теңге салық төледі. Қазіргі күні мұнда экологиялық таза аймақтардан бутилденген табиғи минералды су шығару бойынша Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халықаралық маңызы бар ең үздік инновациялық қазақстандық кәсіпорынды құруға арналған жаһандық жаңғырту басталды. 2020 жылға дейін табиғи минералды суды жылына 400 миллион литрге дейін жеткізуге мүмкіндік беретін өндірістік қуатты арттыру жоспарланған. Қыркүйек айында алкогольсіз сусын дайындаудың барлық айналымында кластерлік жүйемен жұмыс істейтін құны 3,7 миллиард теңгелік кезекті жоба іске қосылды. Мұнда германиялық ең соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылған. Жұмыстың бәрі автоматтандырылған, компьютермен басқарылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жасаған жуырдағы жұмыс сапары барысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Еуразиялық эко-номикалық одақ аясындағы тұңғыш бірлескен жоба – Көкшетаудағы «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасы 2012 жылы қолға алынған болатын. Мұндағы мақсат – Беларусьтің коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларының озық техникаларын елімізде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусьтің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрып отыр. Беларусьтік компанияның Ақмола облысымен іскерлік байланысы 2010 жылдан бастау алады. Осы аралықта 7 түрлі техниканың 500 данасы құрастырылды. Ал, жоғарыда аталған жобаны жүзеге асыру үшін 3,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Қазір толыққанды жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жыл сайын 25 түрлі ауыл шаруашылығы және коммуналдық қызметке арналған техникалардың 5 мың данасын шығаратын болады. – Ақмола десе, алтын астық көз алдымызға келеді. Өйткені, бүгінде әлемдегі астықты экспортқа шы­ға­ра­тын үздік он елдің санатына кіретін Қазақстан астығының төрттен бірі осында өндіріледі. Диқан қауымның жүзі нұрлы. Биыл рекордты өнім жиналды. Бұл ұйымдастыру жұмыстарына байланысты деп ұқтық. – Қыркүйектің соңында қар түсті. Ауа райының қолайсыздығы дегеннен аулақпын. Қайта тәуекелшіл өлкенің диқандарын барынша жинақылыққа бастағандай. Күздің берекесі жыл бойғы еңбектің нәтижесінен құралатынын да жақсы біледі аграршыларымыз. Биыл 4,3 миллион гектар егістік алқаптан 5,7 миллион тонна астық алынды. Бұл экспорттық әлеуетті арттыратыны анық. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2001 жылғы деңгейден 4 есе артып, 300 миллиард теңгелік деңгейге жетті. Мұның өзі Ақмола облысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынын айғақтайды. Шаруашылықтардың озық технология­ны пайдалануға ынтасының арта түсуі, алымдылығы жоғары шетелдік техникаларды қолдану, диқандарға жасалған тұрмыстық жағдайлар, еңбекақылық үстеме сияқты шаралардың барлығы егін жинауды неғұрлым қысқа мерзімде әрі шығынсыз өткізуге игі ықпалын тигізді. Осы ретте, облыста ауыл шаруашылығы кешендері машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлгенін атап көрсеткім келеді. Бұл бағытта, соңғы жылдары облыс шаруашылықтары көктемгі және күзгі науқандық жұмыстарға қажетті 976 комбайн, 1034 трактор және 282 тұқым себу кешенін сатып алғанын алға тартуға болады. Ал, биылғы жылдың 8 айында ғана осындай 151 комбайн, 148 трактор қатарға қосылды. Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапты. Ендігі кезекте жұмыстың шешуші ауқымы астық қабылдау кәсіпорындарына ауып отыр. Биылғы науқанға 4 миллион тонна сыйымдылықтағы лицензиясы бар 62 астық сақтау кәсіпорны қатысуда. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өзінде 1,9 миллион тонна көлемінде астық қабылдайтын қоймалар қамдастырылған. dsc_0025-kopiya dsc_0234– Мемлекет басшысы күз басындағы Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде, ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы мәселе көтергенде, сөзін облыс әкімі С.Кулагинге қаратып айтқандай болды... – Елбасы аса маңызды мәселе бойынша Сергей Витальевичті өнеге жоралғы-сымен орнынан көтерді деп ойлаймын. Бұл негізсіз де емес еді. Ақмола облысында аталған жұмыс белсенді түрде жүргізілуде. Бізде республикадағы ең ірі ұйымның бірі – өңірлік астық холдингі құрылған. Оның құрамында 38 озық шаруашылық және фермерлік қожалықтар бар. Мал шаруашылығында өнім өндіруді, қайта өңдеуді және өткізуді қамтамасыз ететін 185 кооператив тыңғылықты істер атқаруда. Талдамалық деректер аталған ұйымдардың қатары өсе түсетінін көрсетеді. – Ата кәсібіміз – мал шаруашылығын дамыту жаңа көзқарасты, заманауи талаптарды алға шығарды. Бұл тараптан не айтар едіңіз? – Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа (фермерлік) қожалықтарда мал шаруашылығын дамытудың оң көрсеткіштеріне қол жеткізілді. Малдың барлық түрлері бойынша сандық өсім 6-25 пайыз аралығында. Еттік бағыттағы мал шаруашылығын және оның экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында облысқа 12 мың бас шетелдік жоғары өнімді ірі қара мал әкелінді. Бұл орайда Астрахан, Ақкөл, Жақсы және Целиноград аудандарының ауыл шаруашылығы құрылымдары белсенді жұмыстар жүргізуде. Еңбекшілдер ауданының «Kaзбиф ЛТД» ЖШС мен Зеренді ауданындағы «Агроэкспорт ЛТД» ЖШС-інде 7 500 басқа арналған 2 арнайы бордақылау алаңы құрылып, жұмыс істеуде. Шаруа және фермерлік қожалықтар еттік мал шаруашылығын дамытуды «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жүзеге асыруда. Өткен екі жылда ауыл тұрғындары жеңілдетілген несиемен 1 160 құнажын мен 356 бұқа сатып алды. Үстіміздегі жылы да табын 10 мың шетелдік өнімділігі жоғары ірі қарамен толықпақ. – Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыруда облыс жетекші орын алады. Сондай-ақ, елорда маңайындағы агломерациялық аймақты құру да үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Абыройлы міндет қай деңгейде атқарылып жатыр? – Жалпы, Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағдарламасы қолға алынғалы 84 миллиард теңгенің 104 жобасы жүзеге асырылса, оның 38-і мал шаруашылығының үлесінде. Ал, 2016 жылы 9,2 миллиард теңгеге бағаланған 11 жоба іске қосылады деп күтілуде. Соңғы бес жылда облыс Астанаға азық-түлік өнімдерін жеткізуді екі есеге өсірді. Үстіміздегі жылы өңір елорда тұрғындарының дастарқан мәзіріндегі ет пен сүт өнімдерінің 50 пайызын, ал жұмыртқа, ұн, картоппен толық көлемде қамтамасыз етуде. Агломерациялық аймаққа қатысты Астанаға жақын орналасқан 20 елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жоспар бекітілген. Қазіргі күні мұнда 196 километрлік электр желілері тартылып, 8 қосалқы трансформаторлық станса орнатылды, 44 шақырымдық жол күрделі жөндеуден өткізілді және ауыз сумен қамту жақсартылды. Жоспардың екінші кезеңін қамтитын 2015-2020 жылдары 34 елді мекенде 105 миллиард теңгенің 194 іс-шарасы жүзеге асырылады. Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың кең көлемді жоспары да талап деңгейінде атқарылып жатқанын айтқым келеді. Қазіргі күні мұнда 700-ге жуық нысан қызмет көрсетеді, оның ішінде 45 санаториялық сауықтыру мекемесі, 59 қонақүй мен отель, 47 туристік база мен қонақжайлар, 14 балалардың сауықтыру орталығы бар. Бұлар бір мезетте 9 мың адамды орналастыра алады. Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңындағы дайындық шаралары да жандана түсуде. – Астаналық облыс экономикалық сенімді тіреніш қана емес, кең көлемді әлеуметтік маңызы бар кәсіпкерлік қозғалысты дамыту барысына ай­рықша екпін түсіреді деп ойлаймыз. – Бүгінгі күні аталмыш салада 50 мыңнан астам нысан жұмыс істейді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы жұртшылықтың жігерін тасытып отыр. Оны өңірлік үйлестіру кеңесі тарапынан 24 миллиард теңгенің 150 жобасы мақұлданғанынан да көруге болады. Өткен жылы шағын және орта бизнестің өкілдері 450 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Бұл өңірлік жиынтық өнімнің 25 пайызы деген сөз. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары жаңа саладағы белсенділікке дем беретіні анық. – Белсенді әлеуметтік саясат пен салалық инфрақұрылымды жаңғырту, әдеттегідей, негізгі ұстаным саналады. – Әрине. Елбасы ұстанымдары мен мемлекеттік қолдаудың арқасында Тәуелсіздік жылдары өңірде 4,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 20,3 мың отбасы тұрмыс жағдайын жақсартты. Осы уақытта 200 мың жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 2001 жылғы 10,8 пайыздан 4,9 пайызға төмендеді. Жерлестеріміздің кірістері де 10,2 есеге өсті. Өңірде мектеп жасына дейінгі 530 жаңа мекеме, 40 мектеп пен 4 қосымша ғимарат, 34 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Қазір балалардың мектеп жасына дейінгі мекемелермен қамтылуы 95 пайыз болса, бұл көрсеткіш осыдан жеті жыл бұрын небәрі 8 пайызды құрағанын айта кеткіміз келеді. Ақмола өңірінде жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті тіршілік кешуде. Бүгінгі күні этностардың саяси мүдделері мемлекеттік деңгейде шешімін тауып, олардың азаматтық белсенділігіне кеңінен қолдау көрсетілуде. Мұндағы бас­ты ұстаным әр ұлттың мәдениетін, тілі мен дәстүрлерін дамыту, қоғамның негізін қалауға бағытталған құндылықтарды қалыптастыру болып табылады. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан»   КӨКШЕТАУ