27 Қазан, 2016

«Тальгоның» жүруі неге тежелді?

234 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
preview-image-cvКезекті еңбек демалысы кезінде №8 Мәскеу – Алматы жүрдек пойызына отырып, Шымкент темір жол стансасына дейін барған едім. Осы кезде Мәскеуден шығып, Алматыға бағыт ұстаған ұлты орыс мәскеулік азаматтың пойыз бастығына: «Әлі күнге дейін кеңестік кезеңдегі ескі вагондармен жүргендеріңіз қалай? Жоқ, әлде Қазақстанда қазіргі заманға сәйкес жаңа пойыздар мен вагондар шығарылмай ма?» – деп сауал қойғанын құлағым шалып қалғаны бар. Таяу шетелде тұратын азаматқа қазақстандық пойыз бастығының қайтарған жауабы да ұтымды шықты: «Сіздің отырып келе жатқаныңыз – халықаралық сипаты бар пойыз. Сірә, оны бүгінгі заман талабына сәйкес жаңғырту мәселелері бүгін бе, ертең бе, әйтеуір екіжақты келісім шеңберінде шешімін табатын шығар. Ал республиканың өз ішінде, соның ішінде елордасы Астананы өңірлермен байланыстыратын «Тальго» жүрдек пойызы қатынайды. Оның вагондары Қазақстанда құрастырылған», – деді ол. Мәскеулік азамат бұл сауалға «ә, солай ма еді?» деп таңғалған еді. Бұл арада айтайын дегенім, өзге өңірлерді Астанамен байланыстыратын осы «Тальго» пойызы осы кезге дейін Орал стансасына келіп жетпей-ақ қойғаны. Неге? Бәсе, неге? Оның басты себебі – Орал мен Ақтөбе стансалары арасындағы шекаралық бақылаулардың ұзақ уақыт алатындығы деуге болады. Мысалы, Оралдан Астанаға және Алматыға немесе кері бағыт ұстаған пойыздарға отырған жолаушылар Шыңғырлау және Жайсаң темір жол бекеттерінде шекаралық бақылаулардан өткізіледі. Оның әрқайсысы бір сағаттан аса уақыт алады. Оның үстіне Ресей федерация­сы аумағындағы Қазақстанның темір жол учаскелерінің бірі – Соль-Илецкіде бұл по­йыздар тағы да бір сағат кідіреді. Мұндай үдеріс, сөз жоқ, жүрдек пойыздың жүруіне, оның белгіленген кесте бойынша межелі жерге жетуіне үлкен кедергі жасап келді. Сондықтан, екі араға «Тальго» жүрдек пойызын жүргізудің ешқандай мәні жоқ болатын. Дегенмен, бұған дейін орын алып келген осы көңілсіз көрініс алдағы уақытта келмеске кететіні батысқазақстандық жолаушылардың қуанышы мен ризашылық сезімін туғызып отыр. Мәселенің мәнісі мынада. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін арада үш жыл өткен соң, яғни осыдан тұп-тура жиырма жыл бұрын 1996 жылдың 18 қазанында Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасында тиісті хаттамаға қол қойылған еді. Мұнда негізінен екі ел арасындағы темір жол көлігі кәсіпорындарының қызметін құқықтық-заңдық тұрғыдан реттеу туралы мәселелері көрсетілген болатын. Соның ең басты тұтқасы ретінде шекаралық бақылаулар жүргізу тәртібі енгізілді. Осы тәртіп әлі күнге дейін жүргізіліп келеді. Ал мұның өзі жоғарыда айтып өткеніміздей көршілес елдердегі қарапайым адамдар мен жолаушылардың пойызбен қатынауына көптеген кедергілер мен қолайсыздықтар әкелді. Қоғамдық өмір бір орында тұрмайды. Жаңа кезең мен жаңа талаптар оған өзінің түзетуін енгізіп отырады. Жоғарыда айтылған Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жасалған мемлекетаралық хаттамаға тиісті түзетулер енгізілуі алдыңғы пікіріміздің басты бір дәлелі болмақ. Инвестициялар және даму министрлігінің ресми интернет ресурсы (www.mid.gov.kz) осылай деп хабарлады. Алдағы уақытта осы құжатқа сәйкес тараптар Ресей аумағындағы Қазақстан Республикасының темір жол учаскелерінде немесе Қазақстан аумағындағы Ресей Федерациясы темір жол учаскелерінде шекаралық бақылау рәсімдерін жүргізбейтін болады. Бұл тәртіптің жолаушылар пойыздарына тікелей қатысы бар демекпіз. Әсіресе, бұл жағымды жайт республиканың шекаралас өңірлері тұрғындары мен жолаушылары үшін өте қолайлы екендігі анық. Тағы да нақтылап айтқанда халықаралық хаттамаға енгізілген өзгерістер республиканың батыс, орталық, оңтүстік және шығыс өңірлері арасындағы жолаушылар тасымалдау уақытын он сағаттан аса мерзімге қысқартуға мүмкіндік береді екен. Сөйтіп, Астанада өткізілген Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық форумы аясында 1996 жылы 18 қазанда қол қойылған мемлекетаралық хаттамаға өзгерістер енгізу жөніндегі келісімге қол қойылды. Әрине, бұл қол қойылған күннен бастап-ақ шекаралық бақылаулар алынып тасталады деген ұғымды білдірмейді. Яғни, тиісті нормативтік талаптарға сәйкес бұдан кейін хаттамаға енгізілген өзгерістер ратификациялануы қажет. Содан кейін ғана Орал мен Астана және Орал мен Алматы қалалары арасындағы екі бағыттағы «Тальго» жүрдек пойызының қатынауына жол ашылатыны анық. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы