Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясының Парламент Мәжілісіндегі депутаттық тобының отырысы өткізілді.
Отырысты ашқан депутаттық топтың жетекшісі, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов топтың алтыншы шақырылымдағы екінші сессияға белгіленген жұмыс жоспары туралы хабардар етті. Өзінің кіріспе сөзінде Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығының қызметі туралы әңгімелеп берді. Іс жүзінде елдің этномәдени бірлестіктерінің индустрияландырудың ауқымды бағдарламасына қатысуын қамтамасыз ететін құрылым жасалған. Қауымдастық мемлекеттің, бизнестің, этномәдени бірлестіктердің әріптестігін дамытуға жүйелі негізде септесетін болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығы Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен белсенді түрде ынтымақтаса жұмыс істеуге ниетті.
Тәуелсіздік жылдарының бәрінде Үкімет Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті орнықты дамытудың үлгісін қалыптастыру жөніндегі басты бағытын табанды түрде жүзеге асырып келеді. Мемлекеттің ел үшін ең қиын кездің өзінде жасаған батыл қадамдары аз уақыттың аясында отандық кәсіпкерлердің үлкен тобын қалыптастыруға мүмкіндік ашты, деді депутаттар алдында сөйлеген сөзінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов. Ол кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы туралы жан-жақты айтып берді. Олардың арасында шағын кредиттеуді кеңейту, халықты бизнестің негіздеріне үйрету, ауылшаруашылық кооперациясын дамыту, бәсекеге шыдас берерлік бизнес қалыптастыру, экспортқа есептелген өнім шығару, кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын жасау, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау міндеттерін қайта реттеу, қылмыстық және әкімшілік заңдылықты жұмсарту, барлық ведомстволық және еншілес құрылымдардың нарық қағидаттарын бұзуын тексеру сияқты қадамдар бар.
Отырыста сөз алған халық қалаулылары «Атамекен» ұлттық палатасының қызметін негізінен мақұлдады, кәсіпкерлік белсенділікті одан әрі дамыта түсу жөнінде өздерінің ұсыныстарын айтты.
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»