Денсаулық сақтау саласы – елімізді жаңғырту жолындағы маңызды шаруалардың бірі. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың стратегиялық міндеттері қатарына медициналық қызметтің сапасын арттыру мен халықтың денсаулығын нығайту ісі де енеді.
Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында айтарлықтай ілгерілеулер болды. Дегенмен, әлі де шешілмеген мәселелер бар. Соның ішінде осы заманғы басқару технологияларын енгізу, медициналық мекемелерді жеткілікті дәрежеде жабдықтау, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және ақылы медициналық көмектердің тиімділігін жетілдіру секілді міндеттер кезең-кезеңмен жүзеге асыруды қажет етеді.
Үстіміздегі жылдың басынан бері саланы дамытуды мақсат еткен «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Оның басты басымдығы – қазақстандықтардың жеке және қоғамдық денсаулығын жақсартуды сапалық жаңа деңгейге көтеру. Бұл бағдарлама ведомствоішілік құжат емес, оның алға қойған мақсаты тек бүкіл қоғам күш салғанда ғана іске асады. Бүгінгі күні адамның денсаулығын жақсарту мен сақтау тек осы саланың жүйесінде ғана орындалатын іс емес, ол көптеген себептерге қатысты және солардың бәрін кешенді түрде шешкенде ғана жүзеге асатын болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) мәліметіне қарағанда, адам денсаулығының 50 пайызы саламатты өмір сүруге және тұрғындардың оған сауаттылығына тәуелді екен. Адамдардың өз хал-ахуалына немқұрайлы қарауы – олардың денсаулық сақтау проблемасынан алған ақпаратының әлсіздігінен болады. Сонымен бірге, сектораралық және ведомствоаралық әріптестіктің тетіктері де жетілдірілмегенін атап өту керек. Осыдан келіп мемлекеттік органдар мен ведомстволардың ғана емес, қоғамдық сектордың алдындағы миссия мен жауапкершілікті сезінбеу туады.
Осынау, жалпыұлттық міндетті орындаудың ендігі мақсатының өзгелерден айырмашылығы сол, жаңа бағдарлама заңдық, инвестициялық, құрылымдық және экономикалық тетіктермен бекітілген. Сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жаңа үлгісін іске асыру бюджеттік бағдарламаның біртұтас шығынында қарастырылған. Сондай-ақ, бизнестің де әлеуметтік жауапкершілігі арттырылып, жергілікті жерлердегі денсаулық сақтау бағдарламалары солардың қаржыландыруымен жүзеге асатын болады.
Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алу жөн деген қағидатты басшылыққа алып, жаңа бағдарлама профилактикалық шараларды іске асыруды да қарастырған. Соның ішінде әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды ерте бастан анықтауды мақсат еткен Ұлттық скриннинг бағдарламасы жүргізілетін болады.
Ауылдағы медициналық көмекті жақсарту мәселесі де бағдарламадан тыс қалмаған. Былтыр «Денсаулық» емдеу-сауықтыру пойызының арқасында алыс ауылдардың тұрғындары әлеуметтік жоба шеңберінде тексерістен өтіп және көп жағдайда ем қабылдады. Биыл да сондай бір пойыз, елу шақты жылжымалы медициналық кешендер жіберілетін болады. Мұның үстіне жаңа медициналық нысандар салынады. Ал төтенше жағдайларда жедел медициналық көмек беретін санитарлық авиация дамытыла түседі. Алматы – Көкшетау трассасының бойында 2011 жылы ғана 12 жедел көмек беру бекеттері ашылатын болады.
Биыл кепілдендірілген тегін медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 70 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ, бүгінгі күні алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі өсіп келеді. Мұның өзі осы істі атқара алатын әлеуметтік қызметкерлер институтын енгізуді қажет етеді. Сонда дәрігерлер бұл қызметтен босап, өзінің негізгі міндеттерін атқаруға кірісіп, кадрлар жетіспеушілігін азайтар еді. 2011 жылдың басында дәрігерлер жетіспеушілігі 4672 орын болды. Соның ішінде ауылды жерлерге 1352 адам жетпейді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін медициналық жоо-ларға мемлекеттік тапсырыспен қабылдаулардың саны арттырылды. Ал оқу бітірген соң үш жыл бойы ауылды жерлерде жұмыс істеу міндеттемесін алғандар үшін 30 пайыздық квота белгіленді.
Былтыр Ұлттық біртұтас денсаулық сақтау жүйесі енгізілгені мәлім. Соның шеңберінде аймақтарға жоғары мамандандырылған медициналық көмек жетті. Бүгінгі күні облыстарда бұрын тек республикалық орталықта жасалатын кардиохирургиялық және нейрохирургиялық оталар жасала беретін болды.
Әрине, бізге «денсаулық сақтау саласы тек медицина қызметкерлерінің қолында» деп қалыптасқан пікірді жою үшін әлі де қыруар жұмыстар атқару керек. Сөз жоқ, дәрігердің біліктілігіне денсаулық қана емес, адамның өмірі де кейде тәуелді болады. Бірақ, денсаулық сақтау саласын экономиканың басқа салаларынан бөліп қарауға болмайды. Тек фармацевтика индустриясы, био және нанотехнологиялар, т.б. салалармен интеграциялану арқылы ғана денсаулық сақтау саласы дамитын болады.
Серік АЯҒАНОВ, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің хатшысы.