әрі демалыс, әрі табыс көзіне айналып отыр
Елбасымыздың Ұлт жоспары – бес институттық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамының 57-қадамында туристік кластерлер құруда үздік тәжірибесі бар стратегиялық инвесторлар тарту жайы атап көрсетілген. Оңтүстікте туризм бағыты, оның ішінде экологиялық туризмнің даму қарқыны қалай? Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың құрылуы, ондағы туризм бағытындағы атқарылып отырған істер мен туристердің келу қарқыны туралы айтпақпыз.
Бұл орайда елімізде 2000 жылдардан бері ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру, оның ішінде экологиялық туризмді дамыту тетіктері қолға алына бастады.
Кезінде алаштың айтулы азаматы Тұрар Рысқұловтың айрықша еңбегі, елге жанашырлығы мен көрегендігінің арқасында 1926 жылдың шілде айында республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы құрылған. Биыл оған 90 жыл толды. Қорық аумағында бүгінгі күні жаяу жүргіншілерге, атқа мініп серуендеушілерге, автокөлікпен жүріп тамашалаушыларға арналған, талай шетелдік туристердің табаны тиген Талдыбұлақ, Жетімсай, Байбарақ, Кіші Қайыңды шатқалы – Үлкен Қайыңды асуы, Кіші Қайыңды шатқалы – Үлкен Қайыңды шатқалы, Үлкен Қайыңды шатқалы – Бойдақсай шатқалы – Қыз өлген көлі – Қасқабұлақ шұқыры, Үлкен Қайыңды шатқалы – Үлкен Қайыңды асуы, Ақсу өзені каньоны – Ақсу өзенінің көпірі, Ақсу өзені каньоны – Таяқсалды шатқалы, Көксай шатқалы – Көксай көлі бағыттарындағы 10 туристік соқпақ отандық және шетелдік туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұл соқпақтар арқылы Талас Алатауы, Қаратау және Боралдай тауларының әсем табиғатын, өсімдіктер дүниесін тамашалап қана қоймай, жабайы жан-жануарлармен жиі ұшырасуға болады. Атап айтқанда Тянь-Шань қоңыр аюы, Сібір тау ешкісі, Тянь-Шань және Қаратау арқарлары сияқты аңдар осы қорық аумағын мекен етеді. Сондай-ақ, қорық кеңсесінде жабайы аң-құстарға арналған музей орналасқан.
Өткен жылы қорық 1 471 турист қабылдап, туристік және рекреациялық қызметтен 5 395 мың теңге көлемінде қаржы түсірген. Туристердің ішінде елімізден өзге АҚШ, Еуропа, Азия құрлықтарының бірнеше мемлекеттерінен туристер келген. Бүгінгі таңда Жабағылы ауылында қорықтың 10 адамға арналған қонақүйі мен жеке кәсіпкерлердің қонақ-үйлері жұмыс істейді.
Қуантарлық жағдай, 2015 жылдың маусым айында ЮНЕСКО тарапынан «Ақсу-Жабағылы» қорығына биосфералық резерват дәрежесі берілді. «Ақсу-Жабағылы» қорығын он жылдан аса басқарған қорық басшысы А.Меңлібековтің айтуы бойынша, көптеген жылдар бойы жоғалып кеткен Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген қар барысы мен Түркістан сілеусіні соңғы жылдары мемлекеттік инспекторларға ұшыраса бастаған.
«Ақсу-Жабағылы» қорығынан кейін 2004 жылға дейінгі сексен жылға жуық уақыт аралығында заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар оңтүстік өлкемізде құрылмаған. Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген Қаратау арқары құрдымға кетіп бара жатқан тұста, осы арқарларды қорғау мақсатында Түркістан өңіріндегі Қаратау тауының 34 300 гектар учаскесіне 2004 жылы «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығы құрылды. Осылай бұл да бір шешімін тапқан іс болды. Себебі, қорық құрылған жылы қорық аумағында арқарлар саны шамамен 38
басты құраса, қорғау және күзету бағытындағы жұмыстарды мекеме басшысы Ж.Әділбаевтың жүйелі жолға қоюы нәтижесінде он шақты жылда 8,5 есеге көбейіп, биылғы жылдың басына 321 басты құрап отыр. Бұл қорықта да Хантағы-Кемпіртас бағытында туристік соқпақ ұйымдастырылып, жұмыстар атқарылуда. 2015 жылы барлығы 86 турист «Қаратау» қорығы аумағында болып, табиғатын тамашалаған. Туристік және рекреациялық қызметтен түскен қаржы көлемі 500 мың теңгеге жетті.
Осыдан кейін 2006 жылдың ақпан айында облыстың Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандарының таулы аумағында «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды. Биылғы жылы бұл парктің құрылғанына он жыл толды. Он жыл көлемінде паркте туризмді дамытуда, ғылыми жұмыстар жасау, қорғау күзету бағыттарында ауқымды істер атқарылды. Бұл паркті сөз еткенде, оның құрылуына мұрындық болып, он жыл көлемінде басқарған Жеңісбек Тұрғановтың елеулі еңбегін атап өту жөн.
Ұлттық парктің қорықтарға қарағанда ерекшелігі: мұнда шектеулі шаруашылық аймақтарында белгілі бір шаруашылықпен айналысу мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда парктің даму жоспарына сәйкес 34 учаске ұзақ мерзімді жалға берілді. Атап айтқанда, «Алтын Дән» ЖШС, «East West company LTD» ЖШС, «Balnur» ЖШС, «Қасқасу Тур» ЖШС демалыс аймақтары, онда тек жергілікті емес шетелдік туристер де келіп таза ауамен тыныстап, демалыстарын өткізіп жатады. Өткен жылғы маусымда барлығы 15 764 адам туристік рекреациялық мақсатта парк аумағында болған. Ақылы қызметтен 15930,7 мың теңге қаржы түсірілген.
Парк аумағында бүгінгі таңда Мақпал көлі, Өгем ауылы – Сусіңген көлі, Сазан ата өзені бойындағы петроглифтер, Сайрамсу көлі, Сарыайғыр өзені – Сусіңген көлі, Бозторғай жылғалары, Сайрамсу өзені – Владислав шыңы – Сайрамсу өзені, Қасқасу өзені – Сусіңген көлі, Сарыайғыр өзені бойындағы шатқал, Құс базары туристік бағыттары жұмыс жасап келеді.
Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан өзге жергілікті маңызға ие Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі 2012 жылы құрылды. Өңірлік парк аумағында да Боралдай шатқалы – Тұра жартасы, Шұқыршақ сарқырамасы, Бұқар бұғылары туристік соқпақтары ашылған. Түркістан қаласы аумағындағы Бұқар бұғылары соқпағымен серуендеу барысында парк филиалының Сырдария өзені жағалауынан бұқар бұғыларын кездестіріп, тамашалауға болады. Бұл бұғылар кезінде Түркістанның 1500 жылдық тойына Елбасы Н.Назарбаевтың тартқан үлкен тартуы болатын. Бүгінгі күні бұғылар саны көбейіп жүзден асып отыр.
Осы жерде тағы бір айта кететін жағдай, Елбасының бастамасымен Астана маңында құрылған «Жасыл аймақ» белдеуі оңтүстік өңірінде де жалғасын тауып, Шымкент қаласы маңындағы «Жасыл аймақ» белдеуі 6 000 гектарға жуықтап келеді. Бұдан бөлек, Қостұра – Тұттыбұлақ қойнауы – Қасқабастау – Мойнақ өткелі – Боралдай шатқалы, Қаражан тауы – Орта Сүңгі шатқалы, Аяқ Сүңгі өзені – Аяқ Сүңгі шатқалы, Шардара су қоймасы маңы – Байырқұм көпірі туристік маршруттары бекітілген.
Өңірлік парк құрылғанға дейінгі осы аумақтарда қызметтерін атқарып келген 13 аңшылық алқап қызметтерін тоқтатып, бүгінгі күнде ол жерлерде туризм бағытында біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, 9 учаске туристік және рекреациялық мақсатта ұзақ мерзімді жалға берілді. Өткен жылы парк аумағында 2 184 азамат болған. Туристік қызметтен түскен қаржы көлемі 1 831 мың теңге.
Жалпы алғанда өткен жылы облыстағы ерекше қорғалатын табиға аумақтарға келушілердің саны 19 505 адамды құрап, туристік және рекреациялық қызметтерден 23 млн теңгеден астам қаржы түсірілген. Биылғы жылдың 9 айында табиғи аумақтарды тамашалауға келген туристер саны 20 470 азаматты құрап, 16 млн-нан астам қаржы бюджетке құйылды.
Әлі де өлкемізде туризмді дамыту мақсатында қыруар жұмыстар жасауды қажет етеді. Сондықтан, оңтүстік өңірінде туризм индустриясымен және рекреациялық қызметтермен айналысатын ұйымдарды бір жерге тоғыстыру, үздік инвесторлар тарта отырып туристік кластерлер құру – сала мамандарының басты міндеті.
Мемлекет басшысының 2013 жылғы 30 мамырдағы №577 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасының экожүйелерді тиімді басқару және сақтау бөлігінде орман, балық шаруашылығымен бірге тірі табиғатты кешенді басқару мен экологиялық туризм мәселелері қаралған болатын. Онда Қазақстанда экологиялық туризмнің, оның ішінде инфрақұрылымның қарқынды дамып келе жатқандығы, сонымен бірге, экотуризм ландшафтарының сақталуына баса көңіл бөлу көрсетілген.
Сөйтіп, біз Оңтүстік Қазақстан облысының ұлттық парктері мен қорықтары жайлы сөз еттік. Отанымыздың осындай байлығы тұрғанда көптеген қалталы азаматтарымыз өзге мемлекеттердің экотуризміне қаржы құйып жатады. Шынтуайтына келгенде, біздің жеріміздің табиғаты әлемдегі мақтаулы елдердің ғажайыптарынан еш кем түспейді. Өзіміздің экотуризмді дамыту – еліміздің келешегіне салынған зор инвестиция екендігін азаматтарымыз ұмытпаса екен.
Мұхиддин АЯЗОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және
жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы
ШЫМКЕНТ