28 Қазан, 2016

Әкімшілік кедергілерді азайту

387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
арқылы шағын және орта бизнестің жан-жақты дамуына қолайлы мүмкіндіктер тудыруға болатынын тәжірибе көрсетіп отыр Петропавлда «Атамекен» ұлт­­тық кәсіпкерлер палатасы кәсіп­кер­лер құқығын қорғау кеңесінің рес­публикалық көшпелі отырысы ұйым­дастырылды. Алқалы жиынға кеңес жетекшісі Ғани Қасымов төрағалық етіп, шағын және орта бизнес саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Ғ.Қасымов кіріспе сөзінде кә­сіп­керлердің құқығын қорғау жөніндегі Елбасы тапсырмаларын орындау басты бағдар, бұлжымас қағидат болып қала беретінін атап көрсетті. Үш жылдың ішінде 12 мыңға жуық мәселе қаралып, нақты шешімдер алынған. Бизнес саласындағы толғақты проблемаларды еңсеруде өңірлерге ерекше талап жүктелетініне, бірі­гіп жұмыс істегенде ғана нақты нәтиже шығатынына назар аударды. Жасыратыны жоқ, өз кәсібін ашқысы келген адамдарға әкімшілік кедергілер әлі аз кездеспейді. Түрлі сылтаулар айтылып, бөгеттер жасалады. Сондықтан, шағын және орта бизнес өкілдеріне өктемдік жа­сау­шы­лардың аты аталып, түсі түстелуі тиіс. Мемлекеттік қызметші ме әлде құ­қық қорғау органының адамы ма, енді аяушылық болмайды, деді кеңес төрағасы. Облыстық кәсіпкерлер палата­сы­ директорының құқық­тық мә­­­­­се­­­­ле­лер жөніндегі орынбасары Же­­­ңіс Қазиевтің хабарлауынша соң­ғы үш жылда 2761 шағым түс­кен. 380 мил­­лион теңгенің бизнес мүддесі қорғалған. Биыл 34 әкім­шілік кедергі анықталып, 16-ы қанағаттандырылып, 11-і рес­публикалық ведомстволарға жол­дан­ған. 100-ден астам кәсіпкерге түр­лі көмектер көрсетілген, түсін­ді­ру жұмыстары жүргізілген. Де­сек те шағымданушылар қатары сейі­лер емес. Оның басты себептері қа­­ғаз­бастылыққа, бюрократтық ен­жар­лыққа, басқа да бөгесіндерге келіп тіреледі. Жергілікті кәсіпкерлер атынан сөз алған «Казградстрой» құ­ры­­лыс ком­па­ниясының директоры Александр Авдеев бірқатар қи­ғаш­тықтарды жайып салды. Оның айтуынша, облыс әкімі­нің бұ­рынғы орынбасары қызмет бабын пайдаланып, неше түрлі қысымшылық көрсетіп келген. Құрылыс басқармасы тарапы­нан да бұра тартушылықтар аз ұшы­распаған. 2,5 жылда қолжетімді тұр­ғын үйлер салуға 6 миллиард теңге инвестиция құйылғанына қарамастан, коммуникациялық жүйелер тарту, телім жерлер бөлу жағынан қолдау аз. Кеңесте шағын бизнес өкіл­дерінен түс­кен арыздар бойынша тарап иелері тыңдалып, мұқият талдау жүргізілді. «Лесокомплекс» ЖШС-нің директоры Андрей Андреев мемлекет­тік және құқық қорғау орындары­­ның шабандығына шағымданды. Компа­ния бір банкпен 2017 жыл­дың 5 сәуіріне дейін 14 пайыздық үстеме­мен 900 мың АҚШ доллары көлемінде не­сие желісін ашу жайлы келісім жасас­қан. Ондағы мақсат инвестицияны, айналым қаражатын толықтыру болған. Алайда, сыйақы мөлшері аяқасты өсіп кетуі салдарынан тиісті жобалар қар­жы тапшылығына ұшырап, өндіріс­тің құлдырауына соқтырған. Қаржы институттарымен келісім нәтижесіз аяқталған. Ешқандай же­ңілдік түрле­рі қарастырылма­ған. Сөйтіп, банктің пайдасына 92,2 миллион теңге өндірілген. Серіктестік басшылығы кепілде тұр­ған жылжымайтын мүліктерді банк арзан бағамен саттыруға мәжбүрледі, ол үшін алаяқтыққа барды деген уәжбен заң орындарына қайырылған. Бұл әрекет­ті кұқыққа қол сұғушылық деп баға­лап отыр. Осы мәселеге қатысты тиіс­ті орындарға нақты тапсырма бері­ліп, Ғ.Қасымов жеке бақылауына алды. «Атамекен» ҰКП кәсіпкер­лер құ­қы­ғын қорғау кеңесінің төрағасы Ғ. Қасымов қорытынды сөзінде алдағы уақы­тта да іскерлік тал­қылаулар мен ой-пікірлер алма­суға кең жол ашылатынын, әкім­шілік кедер­гілерді жою­ға барлық мүмкіндіктер қара­с­ты­рылатынын жеткізді. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы