Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда, жыл сайын жол-көлік апатынан 1 миллионнан астам адам қаза табады екен. Біздің елімізде де бұл мәселе барынша өзекті. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті-
нің мәліметтеріне сәйкес, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде-ақ еліміздің жолдарында 7901 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 11 038 адам зардап шекен, оның ішінде 910 адам қаза тапса, соның 84-і балалар. Талдау көрсеткеніндей, жол-көлік оқиғаларының 90%-дан астамының себепкері «адам факторы», яғни жол жүру ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің қателіктері болып отыр.
Бүгінгі таңда жаяу жүргіншіден жүргізушіге дейінгі жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдау қажет. Бізде үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап жүргізуші куәлігін беру үшін емтихандар тапсыру тәртібі өзгерді. Қазір тиісті оқыту орталықтары азайды, енді адамдар емтихандарға өз бетінше дайындалып, жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыруына болады. Нақтырақ айтқанда, аталған норма жеңіл автокөліктер мен мотоцикл жүргізу куәлігін алуға қатысты.
Сарапшылар мен мамандардың пікірі бойынша, мұндай жаңалық жол қауіпсіздігіне теріс әсерін тигізді. Кешенді емес, ситуациялық сипатқа ие болатын емтихан дайындығы жоқ жүргізушіні анықтай алмауы мүмкін. Автокөлікті жүргізудің теориялық және тәжірибелік жақтары бар оқыту орталықтарындағы оқу ғана көрсетілген қауіптерді төмендетіп, жолда жүру мәдениетінің деңгейін жоғарылата алады. Бұл көзқарасты ішкі істер органдарының өкілдері де құптайды. Бірақ олар Үкіметке сілтеме жасап, жағдайды түзете алмай отыр. Кез келген көлік – бұл жоғары қауіпті құрал, сол себепті болашақ жүргізушілерді дайындау кезінде әрдайым бақылау болуы қажет.
Осыдан бұрын бір топ Сенат депутаты Үкіметке тиісті оқыту орталықтарындағы оқусыз және емтихан тапсырмай жүргізуші куәліктерін беруді болдырмау, сондай-ақ жүргізушілерді сапалы оқыту және оқу үдерісіне немқұрайлы көзқарасты жою мәселесі бойынша 2016 жылғы 22 сәуірде депутаттық сауалмен жүгінді. Алайда, көрсетілген шараларды қабылдаудың орнына, бұл мәселедегі істің жайын өзгертпейтін мәнердегі жауап алынды, яғни оқу орталығында оқымай-ақ жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру бұрынғысынша жалғасып келеді.
Халықаралық тәжірибе көрсеткеніндей, өз бетімен дайындық тәжірибесі Ресейде 1993 жылы енгізілді, бірақ 2014 жылы көлікті жүргізу құқығын алуға емтихан тапсыру тәртібін қатаңдату шараларын іске асыру үшін емтиханды экстерн түрінде тапсыруды алып тастады. Германияда емтихан тапсыру кезінде автомектептен анықтама көрсету қажет, ал АҚШ, Ұлыбритания және Францияда жол жүру ережесін кәсіби-нұсқаушыдан үйренгендігі туралы құжат талап етіледі.
Бізге де жүргізушінің дайындығы мен жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдау керек. Онсыз жол-көлік апатын азайту мүмкін емес.
Ақан БИЖАНОВ,
Сенат депутаты