Қазіргі таңда Қазақстан бойынша әртүрлі деңгейдегі 226 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Олардың іс-әрекеттеріне өткен жылғы 2 қарашада қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заң негізінде бақылау жасалады. Бұл туралы кеше Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жауапты хатшысы Марат Әзілханов «Қоғамдық кеңестер: қызмет тәжірибесі мен өзара іс-қимыл тетіктері» тақырыбында өткен республикалық семинарда мәлімдеді.
Жиынды ашқан министрлік өкілі қоғамдық кеңестердің мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда маңызды құрал болып отырғанын әңгімелеп, құзырлы органдар тарапынан шешім қабылдауда қоғамдық институттар мен азаматтарды кеңінен тартуды қамтамасыз етуге ықпал ететінін жеткізді. Осы уақытқа дейін қоғамдық кеңестермен азаматтардың құқықтары, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің 3800 жобасына шешім беріліп, әкімдер мен барлық деңгейдегі мемлекеттік мекеме басшыларының 600-ден астам есебі тыңдалды. Бұған қоса, өзекті сауалдарды талқылаған 285 қоғамдық тыңдау өтті. Десе де, еліміздегі қоғамдық кеңес мүшелерінің бақылау өткізудегі біліктіліктерін арттыру, жұмыстарында кездесетін проблемалар, халықаралық тәжірибелерді де зерттеп, зерделеу және оларды игілігімізге пайдалану осындай талқылауды қажет етті, деді Марат Алмасұлы. Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Сейдуманов пен БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел кіріспе сөз сөйлеп, семинар жұмысының маңыздылығын, мұнда айтылған ой-пікірлердің барлығы сарапталатынын айтты.
Басқосуда Орталық Азиядағы «INTRAC» бағдарламасының сарапшысы Анара Молдашева Қырғызстандағы қоғамдық кеңестердің құрылу жолдары мен іс-әрекеттеріндегі оң нышандарды сөз етті. Ал Қазақ гуманитарлық заң университеті қылмыстық-процессуалдық және жемқорлыққа қарсы ғылыми-зерттеу институтының директоры Марат Қоғамов, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов, Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жандар Кәрібаев, «Шығыс Қазақстан облыстық Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Олег Чернышов және Қарағанды облыстық қоғамдық кеңесінің хатшысы Наталья Вшивцева баяндамаларында өз өңірлеріндегі ұйымдардың жұмыстарын саралады.
Республикалық семинардың екінші сессиясы ұсыныстарды екшеп, жоспарларды даярлаумен, қаржыландыру көздерін қараумен жалғасты. Сондай-ақ, қатысушылар «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолдап, нормативтік-құқықтық актілердің жобасын бекітті.
Біз шарадан соң Алматы қалалық мәслихатының депутаты, қоғамдық кеңестің төрағасы, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшановқа жолығып, пікірін білген едік. Ол былай деді:
– Халықтың әр сөзі – біздің назарымызда. Үш ай сайын қоғамдық тыңдаулар өткіземіз. Дәл қазіргі кезде жеке пәтер иелерінің жұмыстарын қарап жатырмыз, 60 адамның арызын қабылдадық. Осылардың негізінде 81 ұсыныс түсті. Енді осыларды жан-жақты қарай түсу қажет.
Біздің негізгі мақсатымыз – халықтың сөзін мемлекетке жеткізу, ұсыныс жасау. Бұл үшін тек қоғамдық кеңес мүшелерінің ой-пікірі аздық етуі мүмкін. Соған байланысты 78 қоғамдық ұйыммен келісімшартқа отырдық. Сарапшыларды да бірге жұмыс істеуге шақырып, әр құжатымызды заң аясына сиятындай жасауға тырысудамыз. Онымен қоса, қоғамдық тыңдауларымызға белсенді азаматтарды да шақырамыз. Олар да ел ішіндегі, жұрт көкейіндегі мәселелерді ортаға салып, ұсыныстар әзірленеді.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»