АҚШ-та дауыс беру кезінде селфи жасауға тыйым салынды, деп хабарлайды egemen.kz Associated Press-ке сілтеме жасап. Сайлауда өз-өзін суретке түсіруді 18 штат заңсыз деп тапты. Мысалы, Иллинойс штатында дауыс беру кабинасында суретке түсу ауыр қылмыс саналатын болды. Тіпті, 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Колорадо штатында да мұндай суреттерге түсуге болмайды. Нью-Джерсидің заңы бойынша, дауыс берушіге суретке түсуге рұқсат берілмесе де, ол өз таңдауын әлеуметтік желіде жариялай алады.
Әрине, бұл бюллетеньді ешкімге көрсетпеу керек деген қауіпсіздік шараларынан туындаса да, көпшілік заңға риза еместігін білдіруде. Ал Колумбия округы мен басқа 19 штат селфи жасауға рұқсаттарын берді. Associated Press қалған штаттарда заң әлі анық емес дейді.
Жақында Джастин Тимберлейк Лос-Анджелестен арнайы Мемфис қаласына барып, алдын ала дауыс берген еді. Өзінің суретін жариялаған әнші бұл штат та селфиге тыйым салғандықтан, жазаға тартылуы мүмкін.