29 Қазан, 2016

Ветеринарияда бетбұрыс болар ма екен?

439 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
82578 PMS SmartExam-013722«Егемен Қазақстан» газетінің 21 маусымдағы 117-нөмірінде «Толғандырар тақырып» айдарымен «Ауылыңызда мал дәрігері бар ма?» деген атпен менің мақалам жарияланған болатын. Содан бері менің атыма әр жерден бірнеше хаттар келді. Бірталай мал дәрігерлері телефон арқылы хабарлас­ты. Олар жазылған жайларды негізінен құптап, енді әлі де болса біздер жоғары жаққа айта алмайтын мынадай проблемалар бар. Сіз сол дүниелерді басшылар­дың қаперіне жеткізсеңіз деген тілектерін жазады. Олардың тілектерін жерге тастамай орындау маған парыздай көрінеді. Өйтке­ні, мені ветеринария төңірегіндегі мәселе­лер бейжай қалдыра алмайды. Себебі, мен бар ғұмырымның 50 жылын тек малдәрігерлік жұмысқа арнадым. Сондықтан тағы да «Егемен Қазақстанға» мақала жазып отырмын. Көтерілген кейбір мәселелер дұрыс шешімін табатынына көзіміз жетті. Оған ВБж.ҚК-нің 31мамырдағы шешімімен 20 ақпандағы екі хатын кері қайтарып алғаны, Үржар ауданының мал дәрігерлерінің еңбек- ақысын тамыз айынан бастап 14 мың теңгеге көтергені дәлел. Ветеринарлық-санитарлық алдын алудың іс-шаралар жоспарын, яғни қанша малдан қан алу, қандай ауруларға  егілетіндігі туралы мәселені жергілікті атқару органының құрамындағы ветеринария мамандары біржақты даярлайды. Ветеринарлық шараларды тұяғында тұрған жануарлар санын, елді мекендердің эпизоотиялық, климаттық, жануарлардың физиологиялық жағдайларын ескере отырып аудандар мен қалалардың ветеринарлық өкілетті органдарымен бірлесіп, келісе отырып жасаған дұрыс болар еді. Жоспар жасап отырған осы ЖАО-ның құрамындағы ве­те­ринария мамандары Пре­зи­денттің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 Жарлығының №3 қосымшасына сай вете­ринарлық шаралармен қо­са жергілікті әкімдіктің шаруа­шылық жұмыстарын да атқа­рады. Атап айтқанда, олар жы­л­уға және су шығындарына бере­шек заңды және жеке тұл­ғалардың қарыздарын қай­тару жұмыстарына жұмыл­дырылады. Әкімдіктегі вете­ринарияға қатысты емес басқа да әртүрлі ұйымдастыру ша­­ра­ларын өткізуге қатысады. АШМ-ның 2015 жылғы 29 мамырдағы «Ветеринариялық қағидасын бекіту» туралы №7-1/587 бұйрығына сай бруцеллез ауруына оң таңба берген жан­уарлар оқшауланып 15 күн мерзімінде жойылуға тиіс. Алайда АШМ ВБҚК төрағасы С.Қасеновтің 2016 жылғы 20 ақпандағы №16-04-15/250-И хатына сай егер мал иесі келіспесе бруцеллез ауруына оң таңба берген жануарды қайта тексеруге рұқсат берілген. Бұл дұрыс емес. Бруцеллез ауруы созылмалы індет болғандықтан және әр уақыттағы әрбір тексерудің нәтижесіне малдың иммундық жағдайы, ауа райы секілді көптеген факторлар әсер ететіндіктен бір рет болса да оң таңба берген малды қайта тексеруге болмайды. Бұл ретте мұндай бәсекелестік болып тұрған жағдайда ғана ВБжҚК «Ветеринариядағы ұлттық референттік орталығында» зерттеген жөн болар. Ал иммундалған жануарлардың жоспарлы зерттеулері аудандар мен қалалардағы «Республикалық ветеринариялық зертхана» мемлекеттік кәсіпорындарының өңірлік филиалдарында жүргізілсе дұрыс болар еді. Әңгіме бруцеллезге қарсы РБ-51 вакцинасымен иммундалған жануарлар төңірегінде болғандықтан айта кетейік, бұл вакцина Қазақ еліне қажет емес. Мұхиттың арғы жағынан жеткізілген өте қымбат вакцинаны пайдаланғанша ауасы мен суы, желі мен ұшқан тозаңы араласып жатқан көрші, ежелден етене араласқан Ресейдің вакциналары тиімдірек болмақ. Бертінге дейін бруцеллезді шт-19; шт-82; рев-1 вакциналарымен ауыздықтап келдік. Бұл мәселе төңірегінде Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің ветеринарлық лабораториясының мең­герушісі Ғайса Абсатиров баспасөзге бруцеллез жөнінде берген биылғы жылғы сұхбатында Ресейдің сыннан өткен ескі препараттарының бірі бар болғаны – 30, екіншісі 75 теңге, ал Американың вакцинасы өткен жылы 470 теңге тұрса, биыл 1500 теңгеге дейін көтеріліп кетті дейді. Сондықтан да біз Ресейдің вакцинасымен жұмыс істеуге бет бұруымыз керек. Бүгінгі күні ауылшаруашылық малдарын бруцеллезге зерттеу қолда бар барлық малдарды толық қамтусыз жүргізіледі. Зерттемеуге болады, егер ол жабық режімде жұмыс істейтін шаруашылық болса. Егер тұяғынан тұрған бар мал жыл сайын толық қамтылмаса, бруцеллезге қарсы барлық шаралар бекерге кетеді. Қазір не, бірге жүрген бір табын 200 бас сиырдан қан алса, оны лаборатория қабылдамайды. Неге десең, 50 бас жоспардан артық, бізге 150 ғана сынама керек дейді. Осындай нұсқау беріп отырған басшы біліксіз адам, ол малмен емес цифр­мен жұмыс істейді. АШМ-ның 2014 жылғы 30 қазандағы № 7-1/559 бұйрығына сәйкес бруцеллез ауруына оң таңба берген мүйізді ұсақ малдар санитарлық союға ет комбинаттарына тапсырылуы керек. Жергілікті атқару органдары мал иелеріне нарық бағасымен оның 50 пайыз құнын бюджет есебінен, ал қалған 50 пайыз құнын ет комбинаты қабылдаған мүйізді ұсақ малдарды санитарлық сойылымнан соң ет өнімінің шығу мөлшеріне байланыс­ты мал иелерімен келісімшартқа отырып төлейді делінген. Алайда, ет комбинаттары жеке-меншік болғандықтан бұл бұйрықты орындамай отыр. Сол себепті мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жетіспеген қаржыны төлеу жағын қарастыру керек. Бұрынғыдай мүйізді ұсақ малдардың көзін жойып, толық құнын төлеуді қамтамасыз ете алмаса, бруцеллез малдың да етін жеуге жарайтындай етіп қайта өңдеп зарарсыздандыру қазіргі заманда шешімін табатын мәселе деп ойлаймыз. Ветеринария саласында атқарылған барлық шаралар вебпарталда болу керек деген талап тұғырынан түспей тұрғандықтан, мал дәрігерлерінің қан алу, мал егу сияқты негізгі жұмыстарын істеуге уақыттары жетпей жатады. Оның үстіне вакциналардың 2-3 ай кешігіп келуі әдетке айналып кеткен. Сырғамен қамтамасыз ету де жеткіліксіз, ол әсіресе бруцеллезге қан алғанда қолбайлау болып тұр. Егілген малдарда сырға жоқ болса, бірдейлендіру базасына тіркелінбейді. Әсіресе, жас төлді бірдейлендіру базасына тіркеу үшін сырға жоқ. Сырға тек жоспардағы малға берілетіндіктен, өткен жылы туған малдар да сырғаланбай қалған. Еңбегінің зейнетінен гөрі арқалаған бейнеті мол мал дәрігерлеріне жағдай туғызатын мезгіл жеткен секілді. Олардың еңбекақысын арттырып, әлеуметтік жағдайын көтеріп, денсаулықтарын дұрыстауға көңіл бөлу керек. Сонда ғана мал дәрігерлері марқайып, артына алаңдамай еселі еңбек етіп, халықтың үдесінен шығады деп ойлаймыз. Базарбай САТАЙ Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы