29 Қазан, 2016

Ұлт көзінің қарашығы

282 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
«Алтын қордың» өзге қажеттілігін өзгелер айта жатар... Мен ондағы сақталған жәдігерлердің келер ұрпақ үшін берері туралы аз ғана айтқым келеді. Бүгінгі сахнада жүрген іні-қарындастарымның өнеріне іштей қуанып жүрем. Бәріне бірдей емес, әрине. Оның ішінде күріш арқасында су ішкен күрмектері қаншама, жібектің даңқымен өтіп кеткен бөздері қаншама. Ал «Алтын қордың» ішінде сақталған дүниелер мың сан сараптамадан өткен құндылықтар ғой.  Техника жетістіктері адам кемшіліктерін түзетіп, жезді алтын етіп көрсетіп жатқан алхимиялық дәуірде кешегі тума дарынымен, жанқияр еңбегімен өз ұлтын әлемге паш еткен туындыларды да, оның иелерін де ұмытуға хақымыз жоқ. Олармен  тыңдарман қауымды жиі-жиі таныстырып, табыстырып отыру қажет-ақ. Мұның бірнеше тиімді жақтары бар. Біріншіден, қазіргі  жас ұрпақ  өз санасына ұлт тарихын ұлттық әуезбен бірге өргені дұрыс. Ұлттық өнер бүгінгі табынып жүрген жұлдыздардан басталады, нағыз өнер осы деген түсінік – өткені мен болашағынан бөлініп алды-артын тұмшалаған мәңгүрттік түсініктің алғышарты. Екіншіден, кешегі алыптарымыздың өнерін сараптап санаға сіңіре отырып жасалған қадам, ұлттық өнеріміздің буынын қатайта түседі. Өнер иелерінің өзіне деген сенімін нығайтады. Өткеннің алдындағы парызын сезініп, оған адал болған өркеннің қай кезде де жолы ашық. Үшіншіден, эфирде қаптап кеткен жаңашыл эстрада өнерді саудаға айналдырып барады. Бұл – қауіпті құбылыс. Соң­ғы кездері бір-бірінен үн ғана емес, қомақты қайырымдарды қай­мық­пай қайталап алып өз атынан ұсына салатын плагиаттардың са­ны көбейді. Кез келген шет ел музыкасының қазақша нұсқасын жасай қойып «композитор» атанатындар өз алдына бір төбе. Мұның орнына халық композиторлары, халық әуендерін санасына сіңіріп, соның басқаша түрін дүниеге келтірсем деген ниет жоқтың қасы. Сын айту оңай, оны түзетер жол қайсы? Міне, осы сұраққа жауап іздегенде ойың ең бірінші, «Алтын қорға» тіреледі. Құдай-ау, бір-біріне ұқсамайтын нағыз асылдарды сақтап отырған өнердің кәусар бұлағы сол емес пе? Техникалық жағынан, орындау мәнері жағынан кездесетін аздаған ақауларды ысырып қойып, ар жағына үңілсең өз еліңнің өткен шағына саяхат жасап қана қоймай, кеуде-басыңды түгел толтырып шығасың ғой жаңа әуездің дәніне. Кезінде үлкен-кішінің көкейіндегісін дөп басып, қырғыз ағайынның, тіпті, жапон жамағайынның сүйікті әніне айналып кеткен «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнінің авторы, Тынышбай ағамыздың өзі «Алтын қорды» аялаған жандардың бірі болатын. Қиял әлемі әсем әуенге толы жаннан қайталанбас дүниенің туылуы үшін бір ғана оқиға жетіп жатыр.  Өзіне дейінгілерді бағалай білген жандардан мәңгілік туынды шығады. Нұрғиса, Әблахат, Әсет, Шәмші, т.с.с. ағаларымыздың қай-қайсысы да қазақтың тарихи саз мұраларына аса ыждағатты болған жандар. «Алтын қор» жөніндегі айтпауға болмайтын тағы бір мәселе – кешегі халқының құрметіне бөленген ардақты аға-апалардың соңында қалған мол мұрасын елімен қауыштырып отыру,  олардың ұрпағын, көзі тірі болса жұбайын да қаржылай демеу қажеттігін ескере жүруіміз қажет. Оның эфирде пайдаланылған шығармасы бүгінгі ұрпағының қолына «қаламақы» болып тигенде, олардың қалай толқитынын біле бермейміз. Өткен жылы Естай ақынның жасы сексен алтыдағы немересі Зекен әжейге атасының қаламақысын табыстағанда, кейуананың қағазға ораулы ақшаны кеудесіне басып отырып егіліп жылағаны туралы Қуат Есімхан ағамыз баспасөзде жазған болатын. Ақшаға қуанып жылады деймісің. Атасы Естайдың әлі де халқы үшін қымбат екенін, оның қалдырған ән мұрасы қазақ барда өмір сүре беретініне сүйсініп егілді де. Тірісінде халқының аялы алақанында болған, қошеметіне бөленген асылдарымызды сөреде көгертіп, өз елінен жырақтату тектінің ісі емес. Мысалы, соңы­нда өшпес із қалдырған сатирик Оспанхан Әубәкіровтің шығар­ма­лары қазіргі кезде өте сирек қол­данылады. Қазақ радиосында қыз­мет атқарған кездерімде бос уа­қыт тауып, жиырмаға жуық қысқа әңгімелерін өз дауысыммен таспаға түсіріп, музыкамен әрлеп, эфирге дайындаған болатынмын. Қай кезде тыңдалса да өзінің маңызын жоймайтын шығармалар. Ол кісінің өмірлік жұбайы Нұрсұлу апай «Қарағым, Оспанхан ағаңның атына ештеңе түспеп пе екен?» – деп сұрағанда қатты қиналамын (қаламақыны айтады). Өйткені, «Ештеңе жоқ, апа» – деген сөзімнің астарында, ендігі жерде ағаның өзі де, шығармасы да ешкімге керексіз, деген ой сезіліп қалатындай көрінеді. Мұндай сұрақпен хабарласатындар өте көп. Солардың көбі кеше ғана әрбір шығармасы ел сусынын қандырып, көзі жұмылар-жұмылмаста керексіз болып қалған дарындардың жақын жандары. Осындайда, Ресей арнасында жүріп жататын еске алу хабарларына сүйсінесің. Ресейдің жаңа бір жобасы шықса айна-қатесіз көшіріп, ұялмай халық назарына ұсына салатындар осыны неге ескермейтініне таңым бар. Біздің елдің барлық көңіл көтеру мекемелерінде 70 пайызға жуық шет ел музыкасы пайдаланылады. Демек, отандық бюджеттің осыған тиесілі 70 пайызы шетелдік авторларға қаламақы ретінде аударылып отыр деген сөз. Шет мемлекеттің біреуі  біздің музыкамызды өз қажетіне пайдаланып отыр ма? Олардан бізге ау­да­рылып жатқан қаламақы бар ма? Болмаса, себебі неде? Міне, бұл – біздің Мәдениет ми­ни­стр­лігін ойландыруға тиіс өте өзекті мәселенің бірі. Бұл өз қымбатымызды өзге емес, өз елі­міз­де дәріптей алмай отырған­ды­ғымыздан болса керек. Ал ол қым­ба­тымыздың қомақты бөлігі «Алтын қордың» сөрелерінде шаң басып сарғайып жатыр... Әрине, жігіт жасына келген еге­менді еліміздің алған асулары, бағын­дырған белестері аз емес. Әйтсе де, алға өңмең деп жүріп асылдарымызды аяқ асты етіп алмасақ екен деген ниет, менікі. Байғали ЕСЕНӘЛИЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан авторлар қоғамының бас директоры