29 Қазан, 2016

Сексеннің бесінде шалқыған шабыт

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орал қаласындағы тілші қосы­нына бір ақсақал хабарласып, меншікті тілшіге қалай барып, жолығуға болатынын сұрады. Қажет десеңіз, біз өзіміз барайық, мекен-жайыңызды айтыңыз дедім мен ол кісіге. Келісті. Көп кешік­пей «Егеменді» іздеген ел ағасы үйі­нің есігін қақтық. Таныс­тық. Аты-жөні Зайдолла Қабесов екен. Жа­сы сексеннің бесеу­іне келіпті. Ұзақ жылдар бойы дәрі­гер болып қызмет жасапты. Біз­ге айтай­ын дегені жеке бастың қамы, тірші­лік­тің түйткілі емес, Елбасы­ның сара­б­дал саясатының арқа­сын­да елімі­зде іске асып жатқан жарқын жобаларға ризашылық сезімін білдіру болып шықты. – Біз кеңестік кезеңнің перзент­іміз ғой, қарағым. Ол кезде біз өз ана тілімізде сөйлей алмадық. Әсіресе, қалада дәрігерлік мамандық бо­йынша істей жүріп, қазақша сөйлеу еш мүмкін емес еді. Сөйлер едің-ау, мұндай орта жоқ. Бәрі орысша сайрайды. Орта кез келген адамды еріксіз өз қалыбына салмай қоймайды. Біздің де сол ортаға көндігуімізге тура келді. Ал Тәуел­сіздік таңы атқанда жасым зейнетке жа­қындап қалған еді. Шын­дығына келгенде, біздің тілі­міз – әлемдегі ең шұрайлы да шырай­лы, құнарлы бай тілдердің бірі. Мен о бастан өз тіліміздің осын­­­дай бай мүмкін­дігіне тәнті бо­­лып келе жатқан адаммын. Қа­дыр ақын менің поэтикалық тілі­м­­­- ді байытқан – фольклор деген екен. Сол айтқандай, бала кезде оқы­ған батырлар жыры мен дас­тан­­дар, халық ертегілері ма­ған кейінірек жыр жазуға қозғау сал­ғанын да жасырып қалғым кел­мейді. Бүгінгі күнге дейін өмірден көргендерім мен көңілге түйген ой-толғамдарымның басын қосып, екі кітап шығардым. Олардың дені – өлеңдер, – дейді Зайдолла аға. Біз дәрігер ақын ақсақалдың баспа­дан шыққан кітаптарын парақ­тай отырып, оның жүрегін тер­беген елге, жерге деген махаб­бат, Елбасымызға деген құр­мет пен ризашылық, жаңа елорда – Астананы мақтан тұту, Тәуел­сіз­діке тәу ету екенін аңғардық. Тіпті, Зайдекең бұл тақырыптарға арнап әндер де шығарыпты. Оның баян мен домбыра аспаптарын еркін меңгергеніне де куә болдық. Оның Елбасы мен жаңа елорда – Астанаға арнаған әндері мен өлеңдері облыс орталығындағы концерт залдары сахналарынан да бірнеше мәрте шырқалыпты. – Менің «Егеменге» айтатын өз­­­ге талап-тілегім жоқ, қара­ғым. Айтай­ын деген ең басты ой-пікірім осы еді. Егер менің осы ағалық ақжар­ма ниетім бір қа­жет­теріңе жарап жатса, маған одан басқа ештеңенің қажеті жоқ. Мен сіздермен хабарла­сып тұруды әр­кез өзіме мәртебе санаймын, деді Зекең. Біз сексеннен асқан шағында еліміздегі ерен еңбек­тер шабытын шалқытуға себепші болған ақынжанды ақсақалдың жоғарыда келтірген кейбір ой-толғамдарын газетімізге жолдағанды жөн көрдік. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ