немесе халық фольклорының тағылымы
Еліміз тәуелсіздік алған жиырма бес жылдың ішінде өзге жетістіктерімізбен бірге діліміз бен дініміз де қыспақтан құтылып, тынысы кеңіп, еркін дамуға кең өріс алды. Халқымыз тек ізгілік пен ізеттілікті, мейірім мен шапағатты, имандылық пен инабаттылықты мұрат тұтқан асыл дініміз – исламға бет бұрды. Жер-жерлерде мешіттер ашылып, медреселер жастарға діни ілім негіздерін оқыта бастады. Сондай-ақ, ұлттық дәстүріміз бен салтымыздың одан әрі нығайып, көне рухани, діни, мәдени және фольклорлық мұрамыздың қайта жаңғырып, барша жұртшылықтың игілігіне айналуы үшін мемлекет тарапынан пәрменді қолдау көрсетіліп отыр. Соның бір дәлелі – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүз томдық «Бабалар сөзі» сериясымен телегей-теңіз мол фольклорлық шығармалардың оқырман қолына тиюі.
«Бабалар сөзінің» оныншы томынан бастап 7 кітап діни дастандарға арналыпты. Олардың ішінде ертеректе басылып шыққандары да, сонымен бірге қолжазба қорларында ұзақ сақталып, енді ғана жарық көріп отырғандары да бар. Бұл діни дастандарда ауыз әдебиетіне тән аңыз сарындары, қиялдан туған ғажайып оқиғалар, мифтік сипаттағы әңгімелер, сонымен бірге, нақты өмірде болған жайттар да кең тыныспен жырланады. Әйтсе де, олардың бәріне тән ортақ бір нәрсе бар. Ол – ислам дінінің қағидаларын, Құран Кәрімнің сүрелері мен аяттарын, хадистер мен пайғамбар сүннеттерін насихаттау, халал мен харамды ажырата білуге, күнә мен кінәдан аулақ болуға үйрету, тура жолдан тайғандардың алатын жазасын ұғындыру, адами ізгі құндылықтарды үгіттеу.
Аталған басылымның 15-томында «Қисса Әбушахма» және «Хикая Әбушахма» атты екі дастан берілген. Бұлар – бір шығарманың екі нұсқасы. Сірә, ту баста бір оқиғаны екі жырау жырлаған болу керек. Негізгі мазмұны – біреу, сюжет желісінде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Дастанның көлемі шағын болғанмен, оқырманның сезіміне қатты әсер етіп, үлкен толғаныс тудырады әрі ауыр ойға батырады.
Оқиға былай болған екен. Хазіреті Омар халифаның жасы жиырмаға толған, келбеті көрікті баласы Әбушахманың дауысы Құран оқығанда Мұхаммед пайғамбардың үнінен еш аумайды екен. Сахабалар пайғамбардың дауысын сағынғанда оған Құран оқытып, елти тыңдап жүріпті.
Бірде Әбушахманың басы ауырып сырқаттанады. Оған жолыққан кәпір: «Шарап ішсең, аурудан тез айығасың» деп, шарап береді. Сосын оңаша сарайға жібереді. Артынан өзінің қызын да сонда баруға азғырады. Ондағы мақсаты халифаны елдің алдында масқаралау еді. Кейін жасаған осы үлкен күнәсі үшін қатты өкінеді. Кәпірдің қызы жүкті болып қалып, тоғыз ай өткен соң бала туады. Қыздың әкесі жаңа туған шақалақты халифа Омарға алып келіп, болған жайды баяндайды. Әбушахма шындықты айтып, кінәсін мойындайды. Әкесі баласына ауыр қылмысы үшін жүз дүре соғуға әмір етеді. Көпшіліктің кешу сұрағанына көнбейді. Әбушахма бірнеше дүреден соң әлсіреп, жалғыз балаң едім ғой, кешіріңіз дейді. Әкесі кешірім жасамайды. Сосын сусын сұрайды, кешу сұрайын, анамды шақыр дейді. Бірақ қатаң әке оның бұл ақырғы өтінішін де орындамайды. Шешесін біреулер білдірмей шақырып келеді. Ол еңіреп жылайды, бірақ халифаның кешірім жасамайтынын біліп, сауға сұрауға бата алмайды. Тоқсан дүреден кейін Әбушахма өледі. Одан кейін қалған он дүрені жансыз денесіне соққызады.
Әкесі жүрегі езіліп, жалғыз баласын жоқтап жылайды, бірақ әділ әрі шариғат жолындағы жазаны қолдану өзінің халифалық міндеті санайды. Ол егер мұндай жазаны қолданбаса, ақиреттегі жаза бұдан да ауыр болатынын анық біледі. Сөйтіп, Әбушахма өмірмен жастай қоштасады. Кейін бірнеше күннен соң хазіреті Әли түс көреді. Түсінде Әбушахма Расулдың тізесінде отыр екен дейді. Өңінде Әбушахманың шаһидтігін түсінеді. Ол туралы хазіреті Омар халифаға айтып, сүйіншілейді.
Шығармадан көргеніміздей, хазіреті Омар халифа қанқұмар адам емес, оның жүрегінде мейірім бар. Бұл шешімге ол амалсыздан барып отыр. Өйткені, оның халифа әрі хазірет атағы бар. Ал халифа – орта ғасырлардағы араб елдерінде дін мен үкімет билігін бір қолға ұстаған мемлекет басшысы екені бізге тарихтан белгілі. Құранның «Нұр» сүресінің екінші аятында былай деп жазылған: «Зинашы әйел мен ердің әрбіріне жүз дүре соғыңдар. Егер Аллаға, ақирет күніне сенсеңдер, оларға жұмсақтықтарың ұстамасын. Әрі екеуінің жазасын мүміндердің бір тобы көріп тұрсын». Ол осы мұсылман заңына орай аса қатаң жаза қолдану арқылы өзінің барынша әділдігін, ешқандай жөнсіз бұра тартуға жол бермейтін, ислам дінінің, Құранның қағидасын бұлжытпай орындайтын ел билеушісі екенін дәлелдеді. Өз баласын күнәдан арылту үшін шығарған үкімін көпшіліктің алдында, жариялы түрде орындатады. Онысы мұны көрген халық тура жолдан тайып, шайтанның азғыруына ерудің, нәпсіге ерік берудің ақыры қандай ауыр зардап шегуге алып келетінін білсін дегеннен туған. Соған орай ислам тарихында оның есімі осы күнге дейін ардақталады.
Ал Әбушахма басбұзар, тентек жас емес. Қайта Құранды оқығанда, талай мұсылманды ұйытатын. Ол өмір тәжірибесінің жоқтығынан және аңғал сенгіштіктен қатты опық жеді. Кейін өзінің ағат ісіне жүрегі езіле өкінді, бірақ болар іс болды. Енді қолмен істегенді мойынмен көтеру керек, басқа жол жоқ. Сондықтан, ол ауыр жазаға қарсылық білдірмейді, тағдырдың аса қатаң жазуына мойынсұнады.
Шариғат бойынша, некесіз зина жасалғанда, еркекті де, әйелді де қатаң жазалау керек. Алайда, бұл жағдайда қызды жазғыруға болмайды, себебі, ол залым әкесінің алдауына түсіп қалды және ондай теріс іске нәпсіқұмарлықтан бармады, оған зорлық жасалды.
Ал жауыз жауыздығын жасады: оңтайлы сәтті өзінің арам ісіне пайдаланып, дегеніне жетті. Ол бұл залымдығын ешкім білмейді деп ойлайды, бірақ оның азабын кейін тартатыны санасына жетпеді.
Жүз томнан тұратын қымбат құндылығымызды көпшілікке ойдағыдай насихаттау қажет.
Серік САТЫБАЛДИН
ПАВЛОДАР