29 Қазан, 2016

Тағзым кітабы таныстырылды

1500 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
kniga-1Соғыс қасіреті ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан да «Боздақтар» атты кітапты шығарушылар бұл мақсаттарын 1941-1945 жылдары майдан даласынан оралмаған және елге аман-есен оралған соғыс ардагерлері алдындағы парыз деп санайды. Тағзым етеді. Біреу атасын, біреу әкесін, ағасын, інісін, бауырларын іздегендер қарасы аз емес. Кітап беттерінен іздеу салған туысқандары жайлы жазылған деректерді оқып, суреттерін көріп, аттары жоғалмағанына ұрпақтары қуануда. Көпшілік тілегіне сай, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының мемлекеттік мұрағаты «Боздақтардың» 5-ші соңғы шығарылымының нұсқасымен де таныстырды. Алғашқы жинақ үш том болып 1994-1997 жылдар аралығында жа­рық көрген-ді. Ал 2014 жылы 4-томы  басылып шықты. Бұл кітапта да майдангерлер жайлы барлық мәліметтер жазылып, тағзым жолы ары қарай  жалғасатыны айтылған. Енді соңғы 5-ші томда алдыңғы кітаптарда ескерілмеген кейбір жайлар қайта толық­тырылды. Жалпы, бұл кітап­тарды құрастыруға Ресейдің де іздестіру отрядтары үлкен үлес қосыпты. Мұрағат басшысы Халел Әкімхановтың айтуынша, «Боз­дақтар» кітабының соңғы томын жазуда өлкетанушылар, тарихшылар, іздеушілер болып, барлығы екі жыл еңбектенген көрінеді. – Әрине, «Боздақтар» кітабына мәлі­мет жинау, іздеу оңай болған жоқ. Мысалы, кезінде майданда қаза тапқан, хабарсыз кеткен, тұтқынға түскен 1384 адамның қазір есімі белгілі болды. Және де алдыңғы томдарда жарық көрген 800-ге жуық майдангерлер туралы қайтадан қосымша ақпарат берілді. Бұл кітаптың маңыздылығын бірден аңғаруға болады. Өйткені, бұл бәрімізге ортақ тағдыр. Батыр жауынгерлер рухы алдындағы борыш-міндетіміз,-дейді Х. Әкімханов. Мұрағат қызметкерлері Ресей Қорғаныс министрлігінің Орта­лық мұрағатынан, Беларусь, Финляндия архивтерінен пав­лодарлық жауынгерлер туралы мәліметтер тапты. Құжат­тарды, сондай-ақ, Харьков қоғамдық бірлестігі, Шығыс Прус­сияда мерт болған кеңес сарбаздары ескерт­кіш қоры­ның «Память» – «Ескерткіш» ком­мерциялық емес ұйымы, «Саксон мемориал­дары» (Германия) бір­лес­тігі, ре­сейлік және біздің облыстың іздестіру жасақтары ұсыныпты. Концлагерьлерде тұт­қында бол­ған, партизан жа­сағы және польшалық әскери құрамалар құра­мында соғысқан павлодарлық жауынгерлер туралы бұрын құпия болып келген деректер табылып, бұл мәліметтер кітаптарда жарияланды. Сонымен қатар, жаудың лагерьлерінде тұтқында болған, Қиыр Шығыста Квантун әскерлерін талқандауға қатысқан партизан отрядтары мен поляк әскери құрамаларының сапында соғысқан 5 мыңнан астам павлодарлық жауынгер туралы анықталған деректер, сондай-ақ, бұрын хабарсыз кеткендер қатарында болған және іздестіру жұмыстары нәти­жесінде айқындалған жауынгер туралы мәліметтер де қосылды. – «Боздақтар» естелік кітабы – сұрапыл соғыстың қалдырған өшпес ізін ойша саралауға, жер­лестеріміздің жауынгерлік ерлігіне құрметпен бас июге мүмкіндік береді. Оны соғыс жылдары қаза тапқан жауынгерлерге арналған мәңгілік ескерткіш деуге болады, – дейді Х.Әкімханов. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы