29 Қазан, 2016

Аз жылда әлеуетті әскер жасақтай алдық

307 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
yekrana-ot-2015-06-02-095706-e143331903316525 жыл – адамның даму кезеңінің шарықтау шегі. Ал мемлекет үшін ширек ғасыр дамудың даңғыл жолына түсудің бастапқы кезеңі секілді. Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялау арқылы аталған кезеңнің алғашқы қадамдарын сәтті жүріп өткен мемлекет ретінде тарих қойнауына еніп барады. Жиырма бес жыл бұрынғы мемлекетіміздің жай-күйі қалай еді? Қазір қандай? Ел әскерінің іргетасы қалай қаланды? Сол кезеңдерде елдің ертеңі үшін маңызы жоғары мәселелер қалай шешімін тапты? Міне, осы секілді сан сауалға жауап алу мақсатымен біз Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әскери қызметтің бел ортасында жүріп қана қоймай, жауапкершілігі жоғары міндет атқарған, сол кездегі Министрлер кабинеті мен Президент аппаратының жанындағы Қорғаныс бөлімін басқарған білікті маман – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылымдар докторы, профессор Ким СЕРІКБАЕВПЕН әңгімелескен едік. – Ким Серікбайұлы, ел Тәуелсіздігін алып, әскери құрылымдар қайта жасақталып жатқан тұста саланың бел ор­тасында жүрдіңіз. Кеңес Одағы құлдырап, дүниені аласапыран жайла­ғандай болған сәтте әскерилердің Ант қабылдау тәртібі мен оның мәтінін бекіту­де офицерлік корпусымыз екіұдай күйге түскен көрінеді... – Иә, мен 1991 жылдың қазан айында сол кездегі Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы С.Нұрмағамбетовтің кеңесшісі қызметін атқардым. Арада жарты жыл өткен соң Мемлекет басшысының бекітуімен жаңадан құрылған Министрлер кабинеті мен Президент аппаратының жанындағы Қорғаныс бөлімінің меңгеру­шісі болып тағайындалдым. Біздің құзы­ретімізге саяси жағдайды саралау мен соған сай нақты ұсыныстар әзірлеу, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен күш құрылымдарын біріктіру жағдайларын және олардың құқықтық-құжаттамалық негіздерін жүзеге асыру енді. Алайда, 1992 жылдары біздің алдымызда бұдан да маңызды мәселе тұрды. Ол – «ТМД аясында бірыңғай қорғаныс кеңіс­тігін сақтаудың қажеті бар ма, жоқ па?» деген сұрақ күн тәртібінен түскен жоқ. Әскерилер өмірінен сыр шертетін «Красная звезда» газетінің «Әскерді бөлу – отпен ойнау» деп айқайлатып тақырып қойып, жазатыны да сол кездер ғой. Қалай десек те, бөліну басталып, қайта құрылымдау қарқын алды. Нәтижесінде, әр республиканың Қорғаныс министрліктері құрылып, олар әскери Ант қабылдаудың жаңа үлгісін әзірлеуге жаппай көшкенде, біздегі офицерлік құрамның арасында бұл мәселе сыздауықтай солқыл­дап шыға келді. Мұның түйінін тарқатпай, айналып өту мүмкін емес еді. – Ол қандай мәселе еді? – Әскерилердің әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс-тауқыметтері болатын. Бұл мәселенің өзектілігі соншалық, офицерлік корпус төтенше жағдайға тап болғандай еді. Қайсыбір республикаларда оларды баспанамен қамту мүлдем тоқтатылды. Жалақыларын да уақтылы төлеу мүмкін болмады. Тіпті, азық-түлік пен жанар-жағармаймен қамту да мұңға айналды. «Ер басына күн туған» осындай шақта Ант қабылдауың керек деп қай офицерге қалай айтасың?! Кейіннен, Қазақстан мен Ресей прези­дент­терінің қатысуымен қаңтар айында Мәскеуде өткен жалпыәскерлік офицерлер жиынында сөз алған Президент Н.Назарбаев Бірыңғай қорғаныс кеңістігі туралы ойын салқынқандылықпен салмақ­ты баяндап, Отан қорғаушы офицерлерді сабыр­ға шақырды және былай деді: «ТМД елдері қандай қиын жағдай болса да, әск­ерилердің әлеуметтік қорғалуын кепілдендіруі керек. Бұл әскерилердің өз міндет­терін мінсіз орындауы үшін өте маңызды қадам». Осы жиында Нұрсұлтан Әбішұлы Отан қорғау ісінде ертеректен еңбек етіп келе жатқан офицерлер екінші рет Ант қабылдамайтындығын айтып, бұл мә­селенің де түйінін тарқатып берді. Елба­сының осындай парасатты пайымына өз отандастары тұрмақ, ТМД елдерінің әске­рилері де дән риза болғанын айту парыз. – Мемлекет басшысының сындарлы саясаты мен дана шешімдерінің бірі – ядролық қарудан бүгінгі бейбіт­шілігімізге кепілдік ретінде бас тартуы  дейміз. Сол кездері алпауыт елдермен келіссөздердің қалай өрбігенін көзбен көрген куәгер ретінде өз ойыңызды білдірсеңіз... – Иә, стратегиялық ядролық күш құрылымының Қазақстан аумағында орналасуы жауапкершілігі жоғары әрі күрделі мәселе болды. Сондықтан да күн тәртібінде бір ғана сұрақ тұрды: Қазақстан ядролық қаруға ие мемлекет бола ма, әлде, оны ел аумағынан шығара ма? Осыған қатысты қоғам ішіндегі пікірталас пен көзқарастар қайшылығы қалай өрбігенін көпшілік ұмыта қоймаған шығар. Ал енді келіссөздердің қалай өрбігеніне келер болсақ, оны Елбасының өзінен асырып ешкім айта қоймас. Сондықтан да Мемлекет басшысының АҚШ пен болған келіссөзінен кейін жазылған естелігін еске түсіріп көрелік. «1992 жылы АҚШ біздің ядролық қарусыз қалғанымызды қалайтынын ашық білдіріп, байланысқа шықты. Бірақ, менің бір ғана мақсатым болды – алдымен алып мемлекеттер қауіпсіздігімізге кепілдік берсін. Содан кейін біз өз аумағымызда орналасқан ядролық қарудан бас тартамыз», деп жаз­ған еді Елбасы. Кейіннен Президентіміз мұның мәнісін үш түрлі сатымен былай түсіндірді: біріншісі – Ташкентте өткен Ұжымдық қауіпсіздік келісімшартына қол қойған соң, Қазақстан Ресейдің «ядролық қол­шатыры» астында қалды; екіншіден, АҚШ-пен Ресей біздің елге стратегиялық шабуылдау­шы қаруды қысқарту жөніндегі келісімшарттың қатысушысы ретінде қарады; және үшіншісі, Қазақстан қауіп төндіруші қарудан бас тартқаны үшін БҰҰ Жарғысына сай АҚШ тарапынан сенімге ие болды. Одан бөлек қаншама құжаттар тараптар арасындағы өте өткір мәселенің оң шешімін табу жолында күрделі келіссөздердің жүргендігін айғақтайды. Соның бірі – қарудан бас тарта отырып, оның орнын қайта қалпына келтіру шарасы үшін АҚШ әкімшілігінен материалдық өтемақы алуы Н.Назарбаевтың қиыннан қиыстырып жол таба білетіндігін көрсетті. Бір емес, бақандай бес бірдей алпауыт елдің қауіпсіздікті қамтамасыз ететін кепілдігін алып, Қазақстанның белгілі бір деңгейде қаржылай қолдауға ие болуы сол кезеңдерде тұралаған экономикамызға дем берген еді. parad-34– Енді әңгімені Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарындағы елдің ішкі жағдайына қарай бұрсақ. Жоғарыда айт­қан көзқарастар қайшылығы қызып тұрған шақта, Қазақстанда әскери реформаның қалай жүргізілгенін айтып берсеңіз. – 1992 жылдың 8 сәуірінде Президент Н.Назарбаев қорғаныс пен қауіпсіздік мәселелері жөнінде кезекті жиын өткізді. Оған тиісті деңгейдегі санаулы ғана мамандар шақырылған болатын. Сол кездегі негізгі мәселелер мен оның шешу жолдарын ұсынатын баяндама жасау маған жүктелді. Ол жерде әскери ұйымдар аппаратын қайта құрылымдаудан өткізуге қатысты барлық ұсыныс, пікірлер мен Қарулы Күштер жетекшілігіне үміткерге қойылатын талаптар, әскери әлеуетті сақтап қалу мен оның инфрақұрылымын дамыту, олардың құқықтық, құжат­тамалық дәреже-деңгейлерін нақтылау сынды ірілі-ұсақты мәселелер жан-жақты талқыланды. Осы жиыннан соң біздер үшін жаңа науқан – әскери реформа жүр­гізу қажеттілігі туындап, іске кірістік. Құқықтық-ұйымдастырушылық жұмыстары Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығымен бекітіліп, жүзеге асырылды. Кейіннен, осы Жарлықпен аттас арнайы заң жобасы да қабылданды. – Естуімізше, сол заң жобасының әзірленіп, талқылануына бастамашы­лардың бірі өзіңіз болыпсыз... – Біз онда Елбасының тапсырмасын орындап шықтық. Министрлер кабинеті мен Президент аппараты жанындағы Қорғаныс бөлімінің жетекшісі ретінде «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерін және қорғаныс туралы» заң жобасын Жоғарғы Кеңеске ұсынғанбыз. 36 баптан тұратын заң жобасын депутаттар 1992 жылдың 21-22 желтоқсанында екі күн бойы талқылады. Оның кейбір баптары бойынша қызу пікірталастар болды. Бір қызығы, сол кезде Қазақстанның өз әскерін құруына күмәнмен қараған депутаттарды да көрдік. Ондай оймен жүрген жандарға М.Қозыбаев, Б.Байтасов секілді білікті маман, кәнігі депутаттарымыз дәйекті дәлелдер келтіре отырып, тәуелсіз ел ретінде әскер құра алатындығымызды айшықтап ұқтырып та берді. – 36 баптың ішінде ерекше талқы­ланып, есіңізде қалған қай бап болды? – Ол – 16-бап болатын. Әскерді қаржы­ландыру мәселесін арқау еткен осы бап­қа байланысты көп тартыс, дау-дамай туындады. Бұл өзі қиын-қыстау сол кезең үшін күрделі мәселе болғанымен, өзіміздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде өте-мөте өткір де өзекті еді. Кейіннен есімде қалғаны сол заң Президентіміздің шешімімен қабылданды. Орайы келгенде айта кетейін, «Әкери қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің дәрежесі және әлеуметтік қорғалуы туралы», «Әс­керилерді зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» секілді заңдар қорғаныс саласы­ның білікті мамандары Т.Әубәкіров пен А.Рябцевтің таныстыруымен депутаттар тал­қысынан өтіп, Мемлекет басшысы тара­пынан қолдау тапқан заңдардың бірі болды. Міне, біз осындай кезеңдерді бастан өткеріп өз ішімізден ұлттық кадрлардың өсіп, жетілуіне қолымыздан келгенше үлес қостық. Осылайша, айқын болжау мен нақты шешімдерді шұғыл қабылдай отырып Жоғарғы Бас қолбасшымыздың бастамасымен еліміздің Қарулы Күштерін жасақтау ісіне үлес қостық. Тәуелсіздік жылдарында біздің Отан қорғаушыларымыз өзінің шеберлігін шыңдап, кәсіби біліктілігін де арттырды. Материалдық-техникалық жағынан да әлеуетін заманға сай жетіл­дірді. Осындай зор мүмкіндіктерге ие, күш-жігері мол біздің елдің сарбаздары алғырлығымен байтақ жер, бейбіт еліміздің тыныштығын күн-түн демей қырағылықпен күзететіндігіне сенімдімін. Осылайша олар бейбіт күннің батырлары ретінде өскелең ұрпақ пен бүгінгі жастарымызға үлгі, өнеге болуда. – Әңгімеңізге рахмет, деніңізге саулық тілейміз. Әңгімелескен Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»