Қазақ үшін тәңірдей тәу ететін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы елордада халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Мұндай алқалы жиын дәстүрге айналғанын айта кетсек дейміз. Биылғы дидарласудың тақырыбы «Білім берудегі өзгерістер аясын кеңейту: апробация мен тарату» деп аталады.
Айтулы іс-шараға 700-ден астам қатысушы тіркеліпті. Олардың ішінде 70-ке жетеқабыл халықаралық мамандар мен сарапшылар бар екен. Оған қоса «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» стратегиялық серіктестері: Кембридж университеті және Кембридж мектептерінің стратегиялық серіктестері орталығы (Ұлыбритания), Лондон университеттік колледжі (Ұлыбритания), СіТО Педагогикалық өлшеуіштер институты және Халықаралық мектептер кеңесі (Нидерланд), Джонс Хопкинс университетінің Дарынды балалар орталығы (АҚШ), сонымен қатар, Массачусетс технология институты, Пенсильвания, Мичиган, Аризона штаттары университеттерінің профессорлары мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өкілдері, Жапонияның инновациялық мектептер жүйесі, СКОЛКОВО инновациялық орталығы, «PASCO scientific», «Educational Solutions», CTY International өкілдері қатысты.
Алғашқы сөзді Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Бақытжан Әбдірайым алып, Отанымыздағы білім мен ғылым жүйесінің заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі туралы жан-жақты айтты. Ал қазақтың айтулы қыздарының бірі, бүкіл саналы өмірін елдік білім ісіне арнаған Шәмшә Беркімбаева тәуелсіздік берген бақ пен бақытты баяндай келіп, ұлт қазынасын ұрпаққа үйрету жайына тоқталды. Ал «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова төрткүл дүниедегі озық білім берудің тозығын ысырып, озығын талқыға салып, ұлттық үлгімен үйлестіре отырып оқушыларға жеткізу мәселесіне тереңдеп барып, бұл конференция аясында қазақстандық және халықаралық сарапшылардың 5 пленарлық, 50-ге жуық секциялық отырысы болатынын, бұған қоса 165 баяндама жасалатынын алға тартты. Ол, сонымен бірге, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында жеткен өрелі істерімізге, өрісті жұмыстарымызға тоқталып, жиынның негізгі мақсаты мұғалімдер мен зерттеушілер, әлеумет пен Қазақстанның білім беру саласына маңызды тәжірибені бейімдеу және тарату, ол үшін осындай тиімді диалогтардың қажеттігін тілге тиек етті. Бұрынғы конференцияларда ортаға салынған озық үлгілер қазір Отанымызда шешімін тауып жатқанын, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2016 жылдан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының «Білім беру-2030» жобасының Қазақстандағы үйлестірушісі болып табылатынын, бұл Отанымыздағы білім беру жүйесіне септігін тигізетінін жеткізді.
«Назарбаев Университет» дербес білім беру ұйымының президенті Шигео Катсу ұлттық брендке айналған әрі қазақстандық жоғары білім жүйесінің әлемнің ең үздік тәжірибесін біріктіретін оқу ордасының өткені мен болашағына талдау жасаса, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова ағарту ісінде «Мәңгілік Ел» идеясын ұл-қыздың санасына сіңіру жайын қозғады. Халықаралық басқосуда бұдан өзге де азаматтар елдік істі еселеп арттыру жолында өздерінің байламдарын ортаға салды.
Конференцияға қатысушылардың кейбір толғақты ойларына тоқталар болсақ, олар ғылым әлемін білім беру ісіне тартуды, мектепте әркез әділеттілік орнату жайын, білім саласына бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды қадағалау тұсын алға тартып, кейде оқыту технологиясы деп айту бар да, оны пайдалану үйлесе бермейтінін, оқу мен оқытудың тиімділігін жетілдіру, оқушының білімін тікелей бағалауды да атады. Қазіргі дәуірде Интернеттің рөлі зор екенін, әр оқушыға берген тапсырма жауабын тіркеп отыруға мүмкіндік молын, психологиялық жағынан балаларды қадағалау қапы қалдырылмайтынын еске салды. «ХХІ ғасыр оқушылары қалай болу керек? Оларға нені оқыту қажет? деген сұрақ та талқыға түсті. Айталық, бұл ғасырдың бүгіні ертеңге ұқсамайтын жағаласты сәтте оқушыны білім бере отырып тәрбиелеу, қоршаған әлеммен жете таныстыру, бүгін бала болғанмен ертең есейетінін еске салу да сараланды.
Сонымен бірге, академиялық пәндерден өзге пәндер бойынша сабақтар енгізу жөніндегі зерттеулердің қорытындылары алға тартылды. Профессор Колин Маклафлиннің (Ұлыбританияда) мектептегі оқушылардың академиялық үлгеріміне және ұлттық білім беру жүйесінің сапасына әсер ететін аса маңызды фактор білім сапасы екенін атап, ондағы мұғалімнің рөлін ерекше бағалайтынын жеткізді. Білім жүйесін реформалауда немесе мектептегі оқыту тәжірибесін жетілдіруде мұғалімнің атқаратын жұмысын бөліп қарау қажеттігін еске салған ол, педагогті орындаушы деп ұқпай, білім реформасын жүзеге асырушы деп қарап, олардың ұсынысын да ескеріп отырудың нәтижелі болатынын еске салды.
Әлемдік білімнің озық үлгілерін қазақ топырағына әкеліп, ұлттық біліммен ұштастырып жатқан «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қазіргі жинақтаған тәжірибесі отандық білім беру ұйымдарына біртіндеп таратыла бастады. Мұның оң нәтижелерін алқалы жиынға қатысқандар жан-жақты дәйектермен атады. Ең бастысы, қазақстандық дәстүрді сақтай отырып, ең мықты әлемдік тәжірибе мен жаңа технологияларды ұтымды қолданып, білім беру саласының өкілдерімен іскерлік диалог құру өз нәтижесін бермей қоймайды. Бұл жұмыстың болашақта ұрпаққа берер тағылымы мол болары сөзсіз.
Конференцияның аясында алуан түрлі тақырыптық көрмелер ұйымдастырылып, жан-жақты қамтылған баяндамаларды алдағы уақытта кітап етіп шығару мәселесі өз шешімін табатын көрінеді. Секциялық отырыстарда отандық білім берушілер мен шетелдік зерттеуші-ғалымдар оқу ісіндегі өзгерістер мен инновациялар, сала бойынша көшбасшылық, көптілді меңгеру, бастауыш білім, оқу мен оқыту, мұғалімдердің зерттеу жұмыстары, білім сапасын бағалау, балалар тәрбиесі, білім беру ресурстары, отбасы қауымдастықтары және қоғам, тағы басқа тақырыптар бойынша пікір алмасып, ой бөлісті.
Ендігі жерде, бұл алқалы жиында айтылған мәселелер тәжірибеде қолданыс тауып, ұлттық үлгімен үйлесіп жатса, отандық білімде де өз орнын таппақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»