29 Қазан, 2016

Педагог – орындаушы емес, реформаны жүзеге асырушы

396 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
era_1121-nish-4Қазақ үшін тәңірдей тәу ететін Тәуелсіздіктің 25 жылды­ғына орай, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы елордада халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Мұндай алқалы жиын дәстүрге айналғанын айта кетсек дейміз. Биылғы дидарласудың тақырыбы «Білім берудегі өзгерістер аясын кеңейту: апробация мен тарату» деп аталады. Айтулы іс-шараға 700-ден астам қатысушы тірке­ліпті. Олар­дың ішінде 70-ке жете­қабыл халықаралық мамандар мен сарапшылар бар екен. Оған қоса «Назарбаев зият­кер­лік мектептерінің» стра­тегия­­­лық серіктестері: Кем­бридж уни­верситеті және Кем­бридж мек­тептерінің стра­те­гия­лық серік­тестері орта­лы­ғы (Ұлы­британия), Лон­дон уни­вер­ситеттік колледжі (Ұлы­бри­тания), СіТО Педаго­гикалық өл­шеуіштер инс­титуты және Ха­лықаралық мектептер кеңесі (Ни­дерланд), Джонс Хоп­кинс уни­верситетінің Дарынды балалар орталығы (АҚШ), сонымен қатар, Массачусетс технология институты, Пенсильвания, Мичиган, Аризона штаттары уни­­верситеттерінің профессор­лары мен Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өкілдері, Жа­понияның ин­новациялық мек­тептер жүйесі, СКОЛКОВО инновациялық орта­лығы, «PASCO scientific», «Educational Solutions», CTY International өкіл­дері қатысты. Алғашқы сөзді Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Бақытжан Әбдірайым алып, Отанымыздағы білім мен ғылым жүйесінің заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі туралы жан-жақ­ты айтты. Ал қазақтың айтулы қыздарының бірі, бүкіл саналы өмірін елдік білім ісіне арнаған Шәмшә Беркімбаева тәу­елсіздік берген бақ пен ба­қытты баяндай келіп, ұлт қазы­насын ұрпаққа үйрету жайына тоқталды. Ал «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төр­айымы Күләш Шәмшидинова төр­ткүл дүниедегі озық білім берудің тозығын ысырып, озығын талқыға салып, ұлттық үлгімен үйлестіре отырып оқушыларға жеткізу мәселесіне тереңдеп барып, бұл конференция аясында қазақстандық және халықаралық сарапшылардың 5 пленарлық, 50-ге жуық секциялық отырысы болатынын, бұған қоса 165 баяндама жасалатынын алға тартты. Ол, сонымен бірге, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында жеткен өрелі істерімізге, өрісті жұмыстарымызға тоқталып, жиынның негізгі мақсаты мұға­лімдер мен зерттеушілер, әлеумет пен Қазақстанның білім беру саласына маңызды тәжірибені бейімдеу және тарату, ол үшін осындай тиімді диалогтардың қа­жеттігін тілге тиек етті. Бұрын­ғы конференцияларда орта­ға салынған озық үлгілер қазір Ота­нымызда шешімін тауып жат­қанын, «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйы­мы 2016 жылдан Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымының «Білім беру-2030» жобасының Қазақстандағы үйлестірушісі болып табылатынын, бұл Отанымыздағы білім беру жүйесіне септігін тигізетінін жеткізді. «Назарбаев Университет» дер­бес білім беру ұйымының пре­­зиденті Шигео Катсу ұлттық брендке айналған әрі қазақстандық жоғары білім жүйесінің әлемнің ең үздік тәжірибесін біріктіретін оқу ордасының өткені мен бола­шағына талдау жасаса, Қазақ­станның Еңбек Ері Аягүл Мира­зова ағарту ісінде «Мәңгілік Ел» идеясын ұл-қыздың санасына сіңіру жайын қозғады. Халық­аралық басқосуда бұдан өзге де азаматтар елдік істі еселеп арттыру жолында өздерінің байламдарын ортаға салды. Конференцияға қатысушы­лардың кейбір толғақты ойларына тоқталар болсақ, олар ғылым әлемін білім беру ісіне тартуды, мектепте әркез әділеттілік ор­нату жайын, білім саласына бөлінген қаржыны тиімді пайдалануды қадағалау тұсын  алға тартып, кейде оқыту технологиясы деп айту бар да, оны пайдалану үйлесе бер­мейтінін, оқу мен оқытудың тиімділігін жетілдіру, оқушының білімін тікелей бағалауды да атады. Қазіргі дәуірде Интернеттің рөлі зор екенін, әр оқушыға бер­ген тап­сырма жауабын тіркеп отыруға мүмкіндік молын, пси­хологиялық жағынан бала­ларды қадағалау қапы қалдырылмайтынын еске салды. «ХХІ ғасыр оқушылары қалай болу керек? Оларға нені оқыту қажет? деген сұрақ та талқыға түсті. Айталық, бұл ғасырдың бүгіні ертеңге ұқсамайтын жаға­ласты сәтте оқушыны білім бере отырып тәрбиелеу, қоршаған әлем­мен жете таныстыру, бүгін ба­ла болғанмен ертең есейетінін еске салу да сараланды. Сонымен бірге, академиялық пәндерден өзге пәндер бойынша сабақтар енгізу жөніндегі зерттеулердің қорытындылары алға тартылды. Профессор Колин Маклафлиннің (Ұлы­британияда) мектептегі оқу­шылардың акаде­миялық үлге­ріміне және ұлттық білім беру жүйесінің сапасына әсер ететін аса маңызды фактор білім сапасы екенін атап, ондағы мұғалімнің рөлін ерекше бағалайтынын жет­кізді. Білім жүйесін рефор­малауда немесе мектептегі оқыту тәжірибесін же­тілдіруде мұға­лім­нің атқаратын жұмысын бөліп қарау қажеттігін еске салған ол, педагогті орындаушы деп ұқпай, білім реформасын жүзеге асырушы деп қарап, олардың ұсынысын да ескеріп отырудың нәтижелі болатынын еске салды. Әлемдік білімнің озық үлгіле­рін қазақ топырағына әкеліп, ұлт­тық біліммен ұштастырып жатқан «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының қазіргі жинақтаған тәжірибесі отандық білім беру ұйымдарына біртіндеп таратыла бастады. Мұның оң нәтижелерін алқалы жиынға қатысқандар жан-жақты дәйектермен атады. Ең бастысы, қазақстандық дәс­түрді сақтай отырып, ең мық­ты әлемдік тәжірибе мен жаңа технологияларды ұтымды қолда­нып, білім беру саласының өкіл­дерімен іскерлік диалог құру өз нәтижесін бермей қоймайды. Бұл жұмыстың болашақта ұрпаққа берер тағылымы мол болары сөзсіз. Конференцияның аясында алуан түрлі тақырыптық көр­мелер ұйымдастырылып, жан-жақ­ты қамтылған баяндамаларды алдағы уақытта кітап етіп шығару мәселесі өз шешімін табатын кө­рінеді. Секциялық отырыстарда отандық білім берушілер  мен шет­елдік зерттеуші-ғалымдар оқу ісіндегі өзгерістер мен инновациялар, сала бойынша көшбасшылық, көптілді меңгеру, бастауыш білім, оқу мен оқыту, мұғалімдердің зерттеу жұмыстары, білім сапасын бағалау, балалар тәрбиесі, білім беру ресурс­тары, отбасы қауымдастықтары және қоғам, тағы басқа тақырыптар бойынша пікір алмасып, ой бөлісті. Ендігі жерде, бұл алқалы жиында айтыл­ған мәселелер тәжірибеде қолданыс тауып, ұлттық үлгімен үйлесіп жатса, отандық білімде де өз орнын таппақ. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен  Қазақстан»