Еліміз дербестікке ие болған жиырма бес жыл бедерінде жас мемлекет жетіге келгенше жерден таяқ жейтін бала сияқты талай қиындықты бастан кешті. Егемендік алған алғашқы жылдары зарыға күткен жас сәбидің дүниеге келгеніне жүрегі жарыла қуанғандай күйде болсақ, одан кейінгі жылдары баланың былдырлап тілі шыға бастағанына тәубе келтіргендей едік. Енді бір сәтте ай санап, жыл санап емес, ертегілердегідей сағат санап ержеткен шағында тындырған таңғажайып істерімен әлемді таңдандырған берекелі елге куә болып отырмыз.
Егер егемендіктің алғашқы жылдарындағы өндіріс біткен тұралап, жұмыссыздық белең алып, ішкі жалпы өнімнің жылдық көлемінің құлдырау қарқыны 25,4 пайыз болып, инфляция шарықтап (1992 жылы – 3061 пайыз, 1993 жылы – 2265 пайыз), адамдар жаппай сергелдеңге түскен күйзеліс кезеңін еске алсақ және сол кезеңдегі жағдайды халықтың қазіргі тұрмысымен салыстырар болсақ, екеуінің арасындағы жер мен көктей айырма бірден көзге ұрады. Осы көріністерді салыстыру арқылы-ақ еліміздің өсіп-өркендеу жолдарын айқын аңғаруға болады.
Тәуелсіздігіміз енді қолға тиген және жоғарыда айтылғандай қиындықтарды бастан кешіп жатқан ел егемендігінің алмағайып жылдарында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев былай деген еді: «Заман тыныштығын берсе, бүгінгі дағдарыстан да шығармыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден де қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шат тірлік орнар». Көреген басшының айтқаны айнымай келіп, ауыр кезеңдерден сүрінбей өткен еліміз Елбасының басшылығымен 2000 жылдардың басынан тұрақты даму жолына түсті.
Жалпы, республикамыздың тәуелсіздікке бағыт алған жылдарынан бастап, күні бүгінге дейінгі шежіресін түзер болсақ, онда Елбасы мен тәуелсіздіктің ажырамас ұғым екені анық байқалады. Ол шежіре, түптеп келгенде, мәңгі есте қалар небір айтулы оқиғаларға тұнып тұр. Сол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде республика егемендігін бекемдеген талай тарихи шешімдердің куәсі болғанымды бүгінде мақтанышпен еске аламын.
1990 жылы 24 сәуірде балама сайлау барысында алғаш рет демократиялық негізде сайланған Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі өзінің бірінші жұмыс күнінде «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдап, республикада президенттік билік институтын енгізді. Жоғарғы Кеңес өз сессиясында ел Президенті етіп Н.Ә.Назарбаевты сайлады.
Мемлекеттегі жоғары қызметке тағайындалған сәттен бастап
Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның саяси және экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған батыл да белсенді қадамдар жасады. Соның бірі қырық жыл бойы халқымызға сор болып жабысқан, атом қаруын сынақтан өткізетін Семей полигонын жабу мәселесі еді. Президенттік билік қолына тиген беттегі Н.Ә.Назарбаевтың алғашқы пәрмендерінің бірі осы полигонға байланысты болды. 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Әбішұлы Семей маңындағы ядролық полигонды жабу туралы жарлыққа қол қойды.
Алысты болжай отырып, болашақта атқарылар істерді бүгінгі күні орын алып отырған саяси жағдайлармен шебер ұштастыра білетін Президент Н.Ә.Назарбаев қысқа мерзім ішінде тәуелсіз мемлекеттің негізгі құрылымдары мен институттарын қалыптастырып үлгерді. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен Қазақстан тарихындағы алғашқы мемлекет басшысының бүкілхалықтық сайлауы ел мемлекеттілігі жолындағы және бір тарихи маңызды кезең еді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкілхалықтық дауыс беруге қатысқан республикадағы барлық азаматтардың 98,8 пайыз дауысына ие болды. Бұл Президентке деген жоғары сенімнің, өтпелі кезеңнің ауыр жылдарында сыннан өткен жетекшіге өз тағдырын сеніп тапсырған халықтың шынайы таңдауы еді.
Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңды қабылдау кезінде де айтыс-тартыс аз болмады. Заң жобасының кіріспесіндегі «Қазақ халқының өзін-өзі билеу құқын растай отырып» деген сөйлемнен «қазақ» деген сөзді алып тастау керек деген пікірді талқылаудың өзі бір сағатқа созылды. Ақыры ол сөз кіріспеде қалдырылды. Жоғарғы Кеңестің біраз депутаттары мұнан да әріге барып, «ертең Қазақстандағы 17 миллион халықтың жартысына жуық орыс халқы бөтен мемлекетте қалып жүрмей ме? Біздің республикамыздың ерекшеліктеріне орай бұл мәселе референдумға шығарылуы керек. Біз кімнен және неден егемендік алмақпыз? Орыс империясының орнына қазақ империясын орнатқымыз келе ме?» деген сияқты қитұрқы сөздерімен басқа депутаттардың көңілін алаңдатумен болды.
Заң жобасын талқылау үш күнге созылды. 14 желтоқсанда заң жобасы қызу талқыланған түскі үзіліске дейін 30 депутат сөйлеп, Заң жобасының редакциясын толықтыру туралы 16 адамнан комиссия құрылды. 15 желтоқсанда заң жобасын талқылау одан әрі жалғасты. 16 желтоқсандағы кешкі отырыста «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң жобасын дайындайтын комиссия төрағасы депутат С.Сартаев баяндама жасады. Комиссия ұсынған заң жобасы талқыланып, 48 депутат шығып өз ұсыныстарын айтты. Талқылау барысында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 3 рет сөз сөйледі. Осындай ұзаққа созылған пікірталастан кейін Төраға кешкі сағат 18:00-де «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң жобасын дауысқа қойды. Көпшілік дауыспен заң қабылданды. Депутаттар, Үкімет мүшелері, шақырылған шетел елшілері, қонақтар, журналистер, барлық қатысушылар орындарынан тұрып, ұзақ ду қол шапалақтады. Республиканың Әнұраны орындалды. Барлық қатысқандардың көңілі ерекше толқуда болды. Мен өзім жүрегім дүрсілдеп, ерекше толқып, көзім жасқа толып кетті. Жан-жағыма қарасам, барлық депутаттар да толқып, көздерін сүртіп жатқанын байқадым.
Міне, осы тарихи оқиғадан кейін республиканың тәуелсіз елге тән болуға тиіс нышандарына қатысты, Қазақстанның егемендігін бекемдей түсетін және басқа заңдар бірінен кейін бірі қабылданып жатты.
Сөз ретіне қарай тәуелсіздікті, егемендікті баянды ететін заңдар қабылдаудың оңайға түспегенін айта кеткен жөн. Бұған дейін қандай шешім қабылдаса да, алдымен Мәскеуге жалтақтап, солардың ығына жығылып үйренгендіктен болар, республиканың егемендігіне байланысты мәселелер қозғала бастаса-ақ өре түрегеліп, әлдеқандай бір апатқа тап болғандай немесе тап болатындай мінез танытып, өрекпіп кететін депутаттар басым еді. Ондай халық қалаулылары даурықпалыққа салынып, күн тәртібіне қойылған мәселеден қандай да бір астар іздеп, әріптестерін мезі қылатын. Және ондайлар әдетте жалғыз-жарым емес. Сондықтан өздерінше шеп құрып алып, әрбір отырыс сайын бүйректен сирақ шығарумен шұғылданды. Мұның өзі егемендігіміз үшін ауадай қажет заңдардың дер кезінде қабылдануына айтарлықтай кедергі келтірді.
Міне, осындай қиын жағдайда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қандай да бір мәселеге байланысты болмасын, дәлелді де тегеурінді пікірлері депутаттық корпустағы Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Өмірбек Байгелдиев, Оралбай Әбдікәрімов сияқты және басқа үлкен ғалым, білікті мамандардың ойларымен астасып, ортақ іске оң әсерін тигізетін. Өйткені, әлгіндей жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты дейтіндей бөстекі даурықпалықтарға Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің бұлтартпас дәлелді пікірлерін қарсы қойып, буынсыз жерге пышақ ұрушылардың көңілдері су сепкендей басылып отырды. Соның нәтижесінде, республикамыздың егемендігін баянды ететін көптеген заңдар дер кезінде қабылданып, өмірге жолдама алды. Қазір сол кезде осындай заңдардың қабылдануына қарсы дауыс берген депутаттар санының едәуір болғанына көп адамдардың сенбеуі мүмкін. Бірақ ол солай болды. Біз оны көзімізбен көрдік. Қоғамның ала-құлалығы, басым көпшіліктің кеңестік кезеңде бауыр басқан әдеттерден арыла алмай жүргені анық байқалатын.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім – тәуелсіздікті баянды ету кім-кімге де оңай тиген жоқ. Қиналған кезде тығырықтан шығар жол іздеу барысында әртүрлі келіспеушілік орын алды. Ең бастысы, осындай келіспеушіліктерді дағдарысқа ұластырмай, уақтылы шешіп отыру, ел болашағына қатысы бар дұрыс шешімдер қабылдай білу көрегендікті, даму заңдылықтарын ескере отырып дәл шешім қабылдауды талап ететіні сөзсіз. Бұл орайда, Президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси ұпай жинаудан гөрі экономиканы жолға қоюды бірінші орынға шығарып, қандай істі қолға алса да, осы бағытты ұстана отырып іс-қимыл жасауы жасанды кедергілерден ойдағыдай өтуге мүмкіндік туғызды.
Президент не істесе де, нені қолға алса да, ең алдымен оның елге тигізетін пайда-зиянын қатар безбендеп, әбден өлшеп-пішіп, елеп-екшегеннен кейін ғана жұртшылықтың талқысына ұсынады. Мәселен, Астана қаласын алайық. Елорданы мұнда көшірудің астарында, менің ойымша, ресми деректерде айтылатын мәліметтерден де басқа, халқының қамын тереңнен ойлаған кемеңгердің шексіз махаббаты мен асыл арманы жатыр. Солтүстік облыстардағы жергілікті халықтың саны астананы көшірер қарсаңда 15-20 пайыздың ол жақ, бұл жағы ғана болатын. Қазақтың осы бір құйқалы өлкесіне іштен де, сырттан да көз алартушылардың аз болмағанын несіне жасырамыз. Міне, осындай алмағайып сәтте Президент қабылдаған шұғыл шешім бүгінде өз нәтижесін еселей түсіп отыр. Бір кезде тың өлкесінің астанасы атанған Целиноград көшелерінен қазақты кездестіру некен-саяқ болса, бүгінгі елорда тұрғындарының басым көпшілігі – жергілікті ұлт өкілдері.
Бүгінде Сарыарқа төсіндегі алып құрылыс алаңына айналған Астананың келбетіне қарап, сүйсінетіндер де, таңырқап, бас шайқайтындар да жетерлік. Сүйсінетін себебі, айналдырған 17-18 жыл бедерінде қала адам танымастай өзгеріп, ондағы жұпыны ғана тіршілік, көз алдыңда құлпырған ғажап көрініске ұласты. Таңырқайтын себебі, осының бәрі минут, сағат сайын өсіп, ай, жыл өткенде алып болып шыға келетін ертегідегідей қысқа мерзімде жүзеге асты.
Еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстары қомақты. Санамалай бастасақ, көңіл марқаяр сәттер баршылық. Ал 2010 жылдың желтоқсан айында өткізілген ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті ел халқының өмірінде есте қалар айтулы оқиға болды. Түркі тілдес мемлекеттер арасында, мұсылман мемлекеттері арасында тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесіне ие болған Қазақстан ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшыларын Астанада тоқайластырып, он бір жылдан бері өткізілмеген келелі жиынның жоғары дәрежеде өтуіне ұйтқы бола білді. Бұл үлкен мәртебе. Бұл – Қазақстанның жеңісі. Бұл – осындай мәртебелі ұйымға Қазақстанның төрағалық етуін өзінің дүние жүзі мойындаған беделімен қамтамасыз еткен, сонан соң сол беделінің арқасында он бір жыл бойы бастары қосылмаған мемлекет басшыларын елорда төріне жинаған, сөйтіп, Қазақстанды, қазақ деген халықты дүние жүзіне кеңінен таныстырған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісі әрі халқына тартқан сыйы.
Ширек ғасыр ішінде Қазақстанның ішкі жалпы өнімі АҚШ долларымен есептегенде 20 есе, орташа еңбекақы 17 есе өсті. 2 млн жуық жұмыс орны ашылды. Кедейшілік деңгейі қысқарды. Егер 90-жылдары елімізде әрбір үшінші адам кедейшілік деңгейінде өмір сүрсе, бүгін ол 3 пайыз көлемінде ғана. Тәуелсіздік жылдарында 1400 мектеп пен 1300 денсаулық сақтау нысаны салынды. Әлеуметтік сала шығындары жалпы ішкі өнімнің 6 пайызынан 10 пайызына дейін өсті. Қазақстандықтардың орташа өмір жасы 72-ге ұлғайды. 100 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автомобиль жолдары салынды.
Бүгінгі таңда елдің халықаралық резервінің көлемі, Ұлттық қор қаржыларын қоса алғанда, 95 млрд құрап, жалпы ішкі өнімнің 50 пайызына дейін артып отыр. Тәуелсіздік жылдары елімізге 255 млрд шетел инвестициялары тартылды. 180 млн астам халқы бар 5 елді біріктіретін ЕАЭО аясында бірлесіп жұмыс істеудеміз. Еліміз ДСҰ-ға толыққанды мүше болды. Күні кеше және бір тарихи оқиғаның куәсі болдық. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Ендігі жерде республикамыз алдағы екі жыл бойы халықаралық істерге БҰҰ-ның биік мінберінен араласатын болады.
2015 жылдан бастап елімізде аса маңызды 5 институттық реформа жүзеге асырыла бастады. Бұл жаңғыртулар кәсіби мемлекеттік аппарат құруға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге, индустрияландыру мен экономикалық өсімге, қазақстандықтарды болашақтың біртұтас ұлтына топтастыру мен мемлекеттің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етуге бағытталып отыр. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданып, оны жүзеге асыру үшін заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Біздің елдің басты мақсаты – аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу.
Елімізде өмір сүретін сан ұлт өкілдерінің тең дәрежеде дамуына қолайлы жағдай туғыза отырып, қазақ халқының өз жерінде тілінің, дінінің, мәдениетінің өркендеуіне қол жеткіздік. Бір кездері өз еліндегі саны 29 пайызға дейін құлдыраған халқымыздың саны қазіргі кезде республика тұрғындарының 70 пайызына жақындады. Ұлттық мәдениетімізді қайта түлету үшін «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жасалды. Осының бәрі – халқымыз биыл 25 жылдығын көтеріңкі көңіл күйде атап өткелі отырған тәуелсіздіктің арқасы. Түйіп айтқанда, Тәуелсіз Қазақстан Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен небір қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өтіп, толағай табыстарға жетті, қарқынды даму жолына түсті. Ел де, заман да, қоғам да, адам да жаңарды. Н.Ә.Назарбаев қазақ елін, қазақ халқын, Тәуелсіз Қазақстанды бүкіл әлемге танытты.
Бұрын біз кім едік, қазір кімбіз? Әрбір қазақстандық өзіне осы сұрақты қойып, ойланса, біздің елдің бүгінгі жетістіктері көз алдымызға келеді, көкірегіңді өз еліңе деген, Елбасыға деген ризашылық сезім мен мақтаныш кернейді.
Бір сәт Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көп ұлтты, тату, ынтымақты халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы, бүгіннен нұрлы, бүгіннен жемісті болашағы бар», деген сөздері еске түседі. Кеудеңді қуаныш пен шаттық, өз еліңе деген, Елбасыға деген мақтаныш сезімі кернейді. Жаса Қазақстан! Жаса халқының бағы үшін туған Елбасы!
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты