29 Қазан, 2016

Еуропа және Еуро тағдыры

1041 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
gostinaya-spalni-doma-ukrasheniya-stenӘлем оқырмандарына таныс белгілі халықаралық сарапшы әрі «Шиеленіс ошақтары: Еуропаға төніп келе жатқан дағдарыс» (Flashpoints: The Emerging Crisis in ») атты 2015 жылы жарық көрген туындының авторы Джордж Фридманның пікірінше, 1912 жыл Еуропа үшін де, оның ішінде, әсіресе, Батыс Еуропа үшін де мамыражай кезең болған. Өйткені, ол кезде, әлемді билеп тұрған Еуропа колонияларының көлемі 40 миллион шаршы километрді құраған. Оның 25 миллион шаршысы тек Британияға тиесілі болса, Бельгия Конгоны, Нидерланд жүздеген миллион халқы бар сол кездегі Индонезияны, ал Франция болса, Африка мен Үндіқытайға үстемдік еткен. Алайда, 1845 жылдан бастап, бір ғасырға созылған Еуропаның бұл бейбіт болмысын 1914 жылы тұтанған Бірінші дүниежүзілік соғыс бір сәтте ойрандап кеткен. Автор келтірген дәйектердің бәрі де шындық. Тек 1914-1945 жылдар арасындағы 31 жыл ішінде ғана түрлі саяси дүрбелеңдер (шиеленістер, соғыстар, геноцид, дискриминация, қолдан жасалған аштық, холокост, т.с.с.) салдарынан 100 миллион еуропалық жер жастанған әрі мұндай қырғын соғыс адамзат өркениетінде бұрын-соңды болып көрмеген. Сосын, бұл алапат қырғынның осыдан 400 жыл бұрын ғана планетаның басым көпшілігін өзіне бағындырып, мәдени болмысын оңтайлы өркендеткен Еуропада орын алғаны өте таңғалдырады. Шындығында да, Еуропаның ғасырларға созылған әлемді жаулау үдерісі өз ішіндегі азамат соғыстарымен қат-қабат жүріп отырған. Содан соң, Еуропаның өте жоғары мәдениетке ие бола тұрып, концентрациялық лагерьлерге жол бергені шынымен-ақ түсініксіз. Сондай-ақ, Еуропаны 1914 жылға дейін шектеп келген шекаралар, іс жүзінде, мемлекеттер мен мемлекеттерді, діндер мен діндерді және мәдениеттер мен мәдениеттерді тоғыстырып, үнқатыстырған аралық болатын. Өкінішке қарай, 2014 жылғы тамыз айы Еуропаны күтпеген жерден құшханаға айналдырып жіберген. Бірінші дүниежүзілік соғыс бас­талар кездегі Еуропадағы шекаралар шиеленістерді ушықтырып, алапат өртке айналдырып, сол өрттің әрмен қарай күллі әлемге таралуына да тікелей түрткі болған. Адамзат өркениеті бұрын-соңды көрмеген әлгі алапат нәубет бірте-бірте бәсеңдеп барып тоқтағанымен, 1939 жылы қайта тұтанып, Екінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кеткен. Ал мұның соңы, жоғарыда атап өткендей, 100 миллион адамның өмірін жалмап, оның ішінде, еврейлерді қынадай қырған холокостпен тынған болатын. Сонымен, 1945 жылы Еуропа бұрынғы империялық қауһарынан біржолата айырылып, басыбайлы территорияларға айналып шыға келеді. Оккупацияланған Еуропаның бұдан былайғы тағдыр-тәлейі «қырғи-қабақ соғыс» тәсілін ұстанған Мәскеу мен Вашингтонның қас-қабағына тәуелді болып қалды. Сондықтан да, Екінші дүниежүзілік соғыстан сансырап шыққан Еуропаның егемендікке қайта қол жеткізуі тіпті де оңай болмаған. Міне, дәл осы тұрғыдан келгенде, еуропалықтардың 1947 жылы Парижде бас қосып, «Экономикалық ықпалдастық комитетін» құруы еуропалық интеграцияның бастапқы кезеңі еді. Ал нағыз еуропалық интеграция, 1957 жылы қол қойылған Рим келісімінен бастау алады. Бұл келісім алты мемлекеттің, атап айтқанда, Франция, Германия, Нидерланд, Бельгия, Люксембург және Италияның бастарын біріктірді. Ең бастысы, бұл келісім 1871 жылдан бермен қарай дүрдараз Германия мен Францияның арасын жақындатты. Ал Бельгия, Нидерланд және Люксембург болса, алдыңғы екі мемлекетті жалғастырушы аралық елдерге айналған еді. Түптеп келгенде, Рим келісімі, алдымен, Еуропа қауымдастығына және соңыра, Еуропалық одаққа апаратын бірден-бір жол болатын. Алайда, британдықтар Еуропа қауымдастығына енуге мүлде асықпады. Еркін сауда кеңістігінің қажет екенін біле тұра, олар өз экономикасының өз бақылауында болуын қалады. Нақтырақ айтқанда, ортақ өгізден гөрі оңаша бұзау асырағанды артығырақ санады. 1950-жылдардың ортасында Британия бас болып, Еуропа қауымдастығына балама ретінде, Британия, Австрия, Дания, Швеция, Нор­вегия, Финляндия Швейцария, Лих­тенш­тейн және Португалия сынды тоғыз мемлекетті біріктіретін «Еуро­палық еркін сауда қауымдасты­ғын» құрған болатын. Бірақ Бри­танияның бұл тірлігі іске аспай қалады. Өйткені, бұл бастама АҚШ тарапынан қолдау таппаған болатын. Ал Еуропа қауымдастығына енген елдер болса, бір-бірімен ықпалдаса дамып, бір-біріне жақындаса түскенімен, 1973 жылға дейін мүшелерінің санын өсіре алмаған болатын. Алайда, дәл сол жылы бұл Қауымдастыққа Британиямен қоса, Дания және Ирландия келіп қосылып, мүше-мемлекеттердің саны бастапқы алтыдан тоғызға жетеді. 1973 жылы аталған Қауымдастыққа Испания, Португалия және Грекия мемлекеттері де өз еркімен қосылып, одаққа енген елдердің жалпы саны он екі болады. 1991 жылы «қырғи-қабақ соғыс» аяқталып, о бастағы Еуропа қауымдастығының қалыптасуына өз үлесін қосқан Американың ықпалы да азая бастайды. Дәл сол жылы болашақ Еуропалық одаққа іргетас болған Маастрихт келісімі дайын болып, жаңа Еуропалық одақтың құрылымы да жасақталған болатын. Маастрихт – Нидерланд мемлекетінің оңтүстік шебіндегі Бельгиямен шектес аумақтағы Арденнес орманының шетінде орналасқан қала болуымен қатар, географиялық тұрғыдан, Франция мен Германияның шекараларына да, Еуропарламент орналасқан Францияның Страсбург қаласына да, тіпті, Еуропалық Комиссия орналасқан Бельгияның астанасы Брюссельге де тиіп тұрғандықтан, Еуропаның жүрегі іспеттес еді. Сондықтан Маастрихт қаласының мәртебесі мен рөлін Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер өте жоғары бағалайды. Маастрихт келісімімен байланысты Еуропалық одақтың тартымдылығы да қоса өседі. 2015 жылғы мәлімет бойынша, Еуропалық одаққа мүше-мемлекеттердің саны 28-ге жетіп, Одақтың Ішкі жалпы өнімі 16,2 трил­лион долларды құрады және әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орынға көтерілді. Сосын, Маастрихт келісімі бойынша, Еуропа азаматтығы мен еуро­палық куәлік секілді, Одаққа мүше-мемлекеттердің жеке ұлттық азамат­тығы мен ұлттық куәлігі де тең құқылы. Бұл, әрине, үлкен жетістік. Дей тұр­ғанмен, Еуропалық одақта прези­дент, парламент, сол сияқты сот билі­гіне қатысты шешілмеген түйткілдер әлі де баршылық. Мәселен, әр деңгейде қабыл­данатын шешім, кейде тек бірауыздан қабылдануға тиіс болса, кейбір кезде көпшілік дауыспен қабылданады. Содан соң, Маастрихт келі­сі­мі тудырған және бір элемент – Еу­ро­валюта Одаққа мүше-мемле­кеттердің егемендігіне дөп келе бермейді. Өйткені, көп елдердің ақшаларының бетінен белгілі тарихи-саяси тұлғалар мен мәдениет қайраткерлерінің суреттерін көруге болады. Ал Еуровалютаның бетінен ондай суреттерді көру мүмкін емес. Себебі, қай тұлғаның суреті басылуы керек екені туралы ортақ шешім Еуропалық одақта әлі қабылданған жоқ. Өйткені, бұл – дау туғызатын ең өзекті мәселелердің бірі. Мұндай түйткілдер, сонымен қатар, банк жүйесі мен салық және бюджет жүйелерінде де ұшырасады. Оның үстіне, ұзын саны 28-ге жеткен Еуроодаққа мүше мемлекеттердің бәрі бірдей Еуроаймаққа кірмей отыр және ортақ валютаны тек 19 мүше-мемлекет қана пайдаланады. Өзгелер, бұрынғыша, өздерінің ұлттық валютасын қолдануда. Бүгінгі таңда Еуропалық одақтың бірлігіне төніп тұрған ең басты сын-қатер Ұлыбританияның бұл Одақтан бөлініп кетуі болып отыр. Бұл сызат бір елмен ғана тына ма, жоқ па? Бұл жағы белгісіз. Еуроодаққа төніп тұрған өзге де қауіп-қатер жеткілікті. Олардың ішіндегі ең қатерлісі – Таяу Шығыс пен тынышы кеткен өзге елдерден Еуропаға ағылған босқындар тасқыны. Күннен-күнге молая түсіп отырған бұл қиындықтарды жеңе алмаса, Еуроодақтың да, Еуровалютаның да күні бұлыңғыр болары шек келтірмейді. Әділ АХМЕТОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері