немесе мемлекет-жекеменшік серіктестігінің пайдасы неде?
Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстанның мемлекет-жекеменшік серіктестігі орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шолпан Сапарғали мен вице-президенті Айдос Көбетов баспасөз мәслихатын өткізді. «Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестігін дамытудың алғашқы нәтижелері» тақырыбында ұйымдастырылған басқосуда алдымен төраға орынбасары сөз сөйледі.
Жұмыстарының барысын егжей-тегжейлі баяндаған Ш.Сапарғали ынталылықпен және ынтымақтастықпен атқарылған істердің бастапқы нәтижелері көңіл көншітетінін айтты. «Бір қуантарлығы, мемлекет-жекеменшік серіктестігі механизміне соңғы кездері қызығушылық арта түсуде. Сөзіміз дәлелді болу үшін салыстырмалы деректерді ұсынсақ, ағымдағы жылдың ақпан айында әртүрлі дайындықтағы 102 жоба ұсынылса, қазан айында құны 1,1 триллион теңге болатын 274 жоба дайындалды. Бұлардың 253-і аймақтық, 21-і республикалық дәрежедегі жоба. Бірқатарын әлі де әзірлеу үстіндеміз. Аталған жобалар негізінен мектепке дейінгі мекеме, емхана, дәрігерлік амбулатория, спорт және мәдениет орталықтары секілді еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сеп болатын нысандарды қамтиды», деді басқарма төрағасының орынбасары Шолпан Сапарғали. Ол мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында қыркүйек айында Ақтөбе облысында үш, Солтүстік Қазақстан облысында бір жоба бойынша келісім жасалғаны туралы да мәлімдеді. Мұның бәрі мемлекет пен жеке бизнес арасындағы түсіністіктің, іскерлік байланыстың нәтижесі.
Жиында «Қазақстанның мемлекет-жекеменшік әріптестігі орталығы» АҚ вице-президенті Айдос Оралханұлы қос тараптың әріптестігі аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 11 миллиард теңгені құрайтын 15 келісімшартқа қол қойылғанын жеткізді. «Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Айта кетерлігі, мемлекет пен жекеменшік әріптестігі әлі де ауқымын кеңейте алады. Бұған жергілікті әкімдіктерде жеке жобаларды жоспарлау, шағын жобалардың пайда болуы, оларды іске асыру мүмкіндіктерінің берілуі, келісім жасау кезінде қойылатын талаптың жеңілдетілуі, уақыттың қысқаруы, келісім жасаудың жаңа жүйесі, нысанға кететін шығыннан бөлек, қызмет шығыны да өтелетіндігі себеп бола алады», деді вице-президент.
«Яғни, жеке тарап өз қаражаты есебінен көше шамдарын энергетикалық тиімді, жарық диодты шамдарға ауыстырып, шығындарын азайтып, қолданылу мерзімін ұзартып, операциялық шығындарды 40-60 пайызға дейін төмендетіп, пайда көздерін табады. Ал мемлекет бастапқы үш-төрт жыл бойы әуелгі қаражатты төлей тұра, келесі жеті-сегіз жыл қатарынан екі есе төмендетілген бағаны тағы береді, тиісінше қазына қаржысын үнемдеуге қол жеткізеді. Көріп отырғанымыздай, мемлекет-жекеменшік әріптестігінің негізінде екі тарапқа да пайдалы болады. Жеке тарап ұзақ мерзімді бизнес көзіне қол жеткізеді», деді А.Оралханұлы.
Қазіргі таңда осындай әріптестік аясында 32 жобаға конкурс жарияланды. Оның төртеуіне қараша айының соңына дейін қол қойылады деп күтудеміз. Ал мұндай біріге жұмыс істеуді кез келген салада жүзеге асыруға әбден болады. Тіпті, үй салу мәселесін де мемлекет-жекеменшік әріптестігі негізінде қолға алуды қарастырудамыз. Мұнда мемлекет өз тарапынан жер беріп, электр, су желілерін тартып береді, ал жеке тарап ол жерге үй тұрғызып, есесіне дайын пәтерлер ұсынады. Мемлекет ол баспаналарды жалға немесе тұрғын үй қорынан пәтер алуға кезекке тұрған тұрғындарға бөліп береді, деді Айдос Оралханұлы.
Шара барысында «Қазақстанның мемлекет-жекеменшік серіктестігі орталығы» АҚ өкілдері журналистердің сауалдарына жан-жақты жауап берді.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»