29 Қазан, 2016

Көрікті Көкшеден – еңселі елордаға

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына орай өтіп жатқан облыстардың елордадағы күндерін Ақмола облысы қорытындыламақ. Арқа төріндегі аймақ қараша айының соңғы күндері Астанада түрлі мәдени, рухани және спорттық шаралар, ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесін өткізеді. «Қуатты өңір – қуатты Қа­зақ­стан» акциясының аясында бас қалаға ат басын бұрған облыс делегациясы елорда тұрғындарына ай­мақтың соңғы 25 жыл ішінде әр салада қол жеткізген жетістіктерін паш етуге ниетті. Ол туралы облыс әкімінің орынбасарлары ке­ше орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте де баяндап берген еді. Ақмола облысындағы өңірлік жалпы өнім көлемі соңғы 10 жылда 11 есеге өсіп, 1,2 триллион тең­геге жетіпті. Өнеркәсіп өнімдері­нің үлесі де 10 есеге ұлғайып, 335 миллиард теңгені құраған. Об­лыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың айтуын­ша, облыста сонау кеңестік кезеңде ашылған ірі-ірі жиырма өндіріс орнының тоқсаныншы жылдардағы қиын уақытта да, одан кейінгі болған дағдарыстар ке­зін­де де жабылып қалуына жол беріл­меген. Соның арқасында бүгінде Ақмоланың экономикалық әлеуеті әр саланы қамтиды деуге болады. – Индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру аясында 174 миллиард теңгеге 70 жоба іске қосылды. Заманауи техникамен жарақталған, өндіріс барысы да, өнім сапасы да әлемдік стан­дарт­тарға сай келетін зауыт-фабри­калар ашылды. Сирек кезде­сетін металл концентраттары, құй­ма бұйымдар, полипропилен­нен жасалған заттар, соя майы сын­ды бұрын өндірілмеген жаңа дү­ниелер шығарыла бастады. Соның арқа­сында өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 3 есеге ұлғайды, – деді Қ.Отаров. Оның айтуынша, «Қазақалтын», «Алтынтау Көкшетау» сынды ал­тын өндіруші кәсіпорындар экс­портқа шығарылатын өнімдердің көлемін жыл сайын арт­тырып, об­лыстың ғана емес, респуб­лика­ның металлургия өнеркәсібінің дамуына серпін беруде. Аталған кәсіп­орындар 2015 жылы 20 тонна алтын өндіріп, 2009 жылғы көрсет­кішті 10 есеге артығымен орын­дапты. Осылайша, Ақмола облысын­дағы алтын өндіруші компания­лардың үлесі республика бойын­ша өндірілген өнімнің 35 пайызын құраған. Баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің басшылық өкілдері өңірдің жеткен жетістіктерін баяндап қана қоймай, журналистердің сауалдарына жауап берді. Соңғы бірер айдың ішінде Целиноград ауданы Қосшы ауылындағы көп қабатты тұрғын үйлердің сусыз қалғаны туралы республикалық БАҚ-тар хабарлаған болатын. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің айтуынша, қазір тұрғын үйлерге су жеткізілген. Бұл мәселе 2017 жылдың басында түбегейлі шешімін таппақ. – Қазір 18 ұңғы қазылатын жерде жұмыс басталып кетті. Осы ұңғылардың арқасында алдағы жыл­дың бірінші тоқсанында Қос­шы ауылының халқын жылдың бар­лық мезгілінде сумен қамту мә­се­лесі шешіледі, – деді ол. Осы брифингте айтылғандай, 29-30 қараша күндері «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының алдындағы сауда алаңында Ақмола облысынан әкелінген азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өтеді. Аймақтан осы шара үшін 784 миллион теңгенің 2 мың тоннадан астам тауар жеткізіліпті. Сондай-ақ, жәрмеңкеде «Бауырсақ мейрамы», «Айран шоу» сынды ойын-сауық шаралары, спорттық жарыстар өтпек. Бұдан бөлек, аптаның соңғы күндері ақмолалық өнерпаздардың, қаламгерлердің қатысуымен көрмелер, шығармашылық кештер өтеді. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»