29 Қазан, 2016

Мансап пен міндет

581 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
үйлескенде ғана мемлекеттік  қызметтің мәртебесі артады Кеше Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің кеңейтілген отырысы өтіп, оның жұмысына Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков пен агенттіктің құрылымдық және аумақтық департамент басшылары қатысты. Жиынға жетекшілік еткен агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров басқосудың бас­ты  мақсаты «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының I бағытын жүзеге асыруды пысықтау екендігін айта келе, арнайы баяндама жасады. Қайрат Қожамжаров баяндамасын елдегі конкурстық негіздегі мансаптық модельге ауысу үдерісі бұл күнде толық аяқталып, соның нәтижесінде мемлекеттік қызмет жүйесі тұтас жетілдірілгенінен бастады. Оның айтуынша, бұл мо­дель­дің маңыздылығы – мемлекеттік қызмет­те мансаптық ілгерілеуге ынталы азаматтарға әлеуметтік серпін бе­ріп, жоғары лауазымдарға тағайын­дау кезінде әділдікті қамтама­сыз ету болып табылады. Сондық­тан да, мемлекеттік қызметке қабыл­дау мен ілгерілетудің ашықтығын ба­қы­лаушылар институты арқы­лы қамтамасыз ету көзделеді. Осы­ны ескерген Агенттік төраға­сы жиынға қатысу­шы­лардың на­зарын бақылаушыларға қойыла­тын талаптарды күшейтуге және «Аза­маттық бақылау» жобасы аясын­да мемлекеттік емес ұйымдар әлеуе­тін кеңінен пайдалануға аударды. «Соңғы жылдары тәжірибе жүзін­де қолданылып жатқан жаңашыл­дықтар непотизмге (қызметті тамыр-таныстықпен бөлуге) қайшы келеді әрі мұндай әдіс әрбір мемлекеттік қыз­меткердің кәсіби білімі мен тәжіри­бесін және адал еңбегін лайық­ты бағалайды деген сенім мол. Ал адалдық, әділдік, халық игілігі үшін қызмет ету, азаматтардың сұраны­сына дер кезінде назар аударып, сапалы әрі кәсіби деңгейде жауап беру барлық мемлекеттік қызметкерге қойылатын басты талаптарға айналады. Осындай талап үдесінен шыға алмағандар қоғам алдында тұтас мемлекеттік аппараттың атына кір келтіреді», – деді Қайрат Қожамжаров агенттік алдында тұрған екі бірдей міндетке тоқталып. Оның біріншісі – құқық қорғау органдарына қызметке тұрам деушілер бұдан былай агенттіктің құрылымдарында заңнаманы білу деңгейін анықтап, жеке қасиеттерін бағалайтын тест сынағынан өтеді. Мұндай тетіктің іске қосылуы нәтижесінде, құқық қорғау қызметінің стандарттары әкімшілік қызметтікіне мейлінше жақындай түсетін болады. Ал екінші маңызды міндет – «қызмет көр­сететін мемлекет» қағидаларын кеңі­­нен қолданысқа енгізу. Бұл жерде, негі­зінен, мемлекет тарапынан көрсеті­летін қызметтердің сапа­сын бағалау арқылы бизнес-үрдіс­терді талдауға, бюрократиялық кедер­гілерді жоюға басымдық берілетін болады. «Міне, біздің бағытымыз – белгілі, мақсатымыз – айқын. Мұндай қадамдар мемлекет атынан әрекет ететін қыз­мет­кер жұмысының шынайылығын паш етуі тиіс. Ал шынайылық билік пен бұқараның арасында риясыз сенім орнауына сеп болады. Оның бірден-бір тетігі, жоғарыда атап өткен, «Азаматтық бақылау» жобасы арқылы қоғам үніне құлақ асу – елмен етене ара­ласудың оң­тайлы тәсілі болмақ» деп тоқтаған төраға баяндамасының ас­та­рында мемлекеттік қызметкердің аза­маттық ар-намысы мен абырой-бедел биіктігіне қатысты терең ой қылаң берді. Жалпы, баяндамашы сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы күреспен қатар, ар-намыс, адамгершілік, адами сапа туралы айтпай кетуі мүмкін емес-тін. Олай дейтін себебіміз, соңғы кездері қо­ғам арасында қызу талқыланып, тіпті, дау­ға айналған бәзбір әкім-қаралардың әре­кеті мен кейбір шенеуніктердің шала­ғайлығы елдің шымбайына батып, көпшіліктің басын шайқатқаны жасырын емес. Бұл сөзімізді жиынға қатысқан Президент Әкімшілігінің Бас­шысы Әділбек Жақсыбековтің өзі растап, нақты мысалдар келтіріп берді. «Еліміздің өсіп-өркендеп, дамып жатқаны секілді қалың бұқараның да ой-өрісі, сауат, талабы жоғарылап келеді. Осыны әрбір мемлекеттік қызметкер біліп, түйсінуі тиіс. Олай болмаған жағ­дайда қасықтап жиған абыройың шелек­теп төгіледі. Қазір шенеуніктің шалт қимылы әлеуметтік желі арқылы әшкере болуы әп-сәтте-ақ. Елдің назары бұған тез ауады. Мәселен, өз қабылдауына келген азаматпен әдепті әңгіме жүргізе алмағаны үшін Қапшағайдың әкімі қандай күйге түсті? Төбелесіп, таяқ жеген Оңтүстіктегі аудан әкімінің әрекеті ше? Осыларды даттаймыз ба, жақтаймыз ба? Халықпен тығыз жұмыс істейтін мұндай лауа­зым­дағы азаматтар мемлекет атынан әрекет ететіндіктен, оларға артылар мін­дет те, жауапкершілік те жоғары. Сол үшін біз Мемлекет бас­шы­сының Жар­лығымен мемлекеттік қыз­мет­кер­лер мен орталық және жергілікті атқарушы органдарда жұмыс істейтін қызметкерлер үшін арнайы Ар-намыс кодексін қабылдадық емес пе? Ал кей­бір есірген әкім-қараларымыз өзін-өзі масқаралап қана қоймай, тұтас мем­лекеттік қызмет жүйесіне күйе жағады. Осындай бассыздықтардың бұдан кейін қайталанбауы үшін және ондайдың алдын алу мақсатында Президент Әкім­шілігі әкімдіктер мен агенттіктің аймақ­тық департаменттері арқылы жоғарыда айтылған оқиғаларға байланысты тиісті деңгейде шара қолданды. Бүгінде кінәлілер қызметтен қуылды. Десек те, бұқараның билікке деген сенімін сейілтетін қадам жасаған кез келген мемлекеттік қызметкер қатаң жазала­нуы керек. Ел ішінде дәрігерлерге қатыс­ты кең таралған мынадай бір тәмсіл бар. «Емдегеннен – ескерткен дұ­рыс». Демек, біз жоғарыдағыдай жай­сыз жағдайларды болдырмау үшін және ақ адал еңбек етуге ықыласты мемле­кеттік қызметкерлер толқынын қалып­тастыруда «ескерту әдісіне» басымдық бергеніміз жөн», – деді Ә.Жақсыбеков. Содан кейін ол кадр даярлау ісі мен министрліктердегі қызметкерлер штатына қатысты мәселелерді сөз етті. «Бүгінгі таңда Президент жанын­дағы Мемлекеттік басқару академия­сынан білімін шыңдап шыққан түлек­тердің мем­лекеттік қызметте қалуы да үлкен мәсе­ле болып тұр. Мәселен, соңғы он жыл ішінде осы академияда 1700-ден астам магистр мен доктор даярланған. Алай­да, олардың қайсысы, қандай мемле­кеттік мекемеде жұмыс істеп жатыр? Оны есепке алып, тексеріп, тіркеп отырған ешкім жоқ. Сондықтан да ака­демия басшылығы бұл мәселені бақы­лауға алып, түлектердің қайда және қай қызметке орналасып жатқанын қадаға­лауы қажет. Сондай-ақ, тағы бір түйін, қазіргі кезде академияда дәріс алатын­дардың ара салмағы дұрыс сақтал­мауында болып тұр. Мысалы, мұнда оқи­тындардың 68 пайызы – Астана қала­сындағы мекемелерден келген шенеу­ніктер болса, «Жергілікті басқару» ма­мандығы бойынша оқуға түскендер­дің ішінде тек алты аймақтың ғана өкіл­дері бар» деген Әділбек Рыскелдіұлы «А» корпусы мәселесіне қатысты мәлі­меттерді де жария етті. Оның айтуынша, бұл күнде бос тұр­ған қызметтерге маман тағайындау ісі дұрыс үйлестірілмейтіндігі белең ала бас­таған көрінеді. «Қазірдің өзінде кадр резервінің жасақталуына қарамастан бірқатар ведомстволарда 16 лауазым орны бос тұр. Сол сияқты, тиісті лауазымға лай­ықты «А» корпусының 39 үміткері бола тұра, төрт айдан бері алты бірдей минис­тр­ліктегі 8 комитетке төраға тағайын­далмаған. Сондай-ақ, Қаржы министр­лігінде 970, Ұлттық экономика министрлігінде 900-ден астам, Ауыл шаруа­шылығы министрлігінде 280 қызмет­ке орын бар да, маман жоқ. Об­лыс­тық және аудандық әкімдіктердің де жағдайы осы тақылеттес. Меніңше, бос тұрған жұмыс орындарының көптігі, басшылардың жиі ауысуымен байланысты секілді. Демек, бұл мәселе жан-жақты зерделеп шығуды қажет етеді. Қазіргі жағдайға не себеп болды? Неге ол орындар бос тұр? Бәлкім, аталған министрліктердегі штатты қысқарту керек шығар. Сонда біраз қаражатты да үнемдеуге болады», – деді Президент Әкімшілігінің Басшысы. Осылайша, мемлекеттілігіміздің айнасы болатын салаларға кадр даяр­лау­дың жай-күйі мен оларды қызметке орна­лас­тырудың мәселесі және қыз­мет көр­сетудің сапалық нәтижелері жан-жақты талқыланған кеңейтілген отырыс соңына қарай, агенттік төр­ағасы Қайрат Қожамжаров қорытынды сөз сөйледі. Ол мінберден айтылған сын-ескертпелер орынды екендігін, олқылықтардың орнын толтыру мақсатында тиісті тапсырмалар берілетіндігін айтты. Сондай-ақ, төраға сапалы қызметке қол жеткізудің бір тетігі – еңбекақы төлеу жүйесімен астасып жатқандығын да атап өтті. «Мемлекеттік қызметкер өзіне жүк­телген міндетті орындауына қарай, жала­қысы әділ төленіп тұрса, ол жұмыс істеуге ықыласты болады. Ынталан­ды­рудың мұндай әдісі қай кезде болса да оң нәтижесін береді. Әсіресе, күнделікті атқарылатын міндет аясындағы әрбір әрекеттің стратегиялық маңызға айнала­тындығын бағалай білгеніміз жөн. Осын­дай оймен біз жыл басында әрбір қызметкерге жеке-жеке жылдық жоспар құру арқылы, олардың жұмыс істеу қабілет-қарымының орташа балдық көрсеткішін шығарған болатынбыз. Онда өзіне жүктелген жос­парды мемлекеттік қызметкерлердің 11 пайызы артығымен, 63 пайызы талапқа сай тиісті деңгейде, ал 26 пайызы қанағаттанарлық жағдайда орындайтындығы айқындалды. Бұл бағыт-бағдарды нақтылау жолындағы бағалау әдісінің болжалдық көрсеткіші болатын. Алайда, бұл әдіс жаппай қолда­нысқа енгізіліп, қызметкердің қабілет-қарымы соның нәтижесіне қарай нақ­тыланып, жалақы да соған сай төленуі тиіс дегенді білдірмейді. Қызметкерді бағалаудың мұндай жүйесі қажет екені сөзсіз десек те, оны осы қалпында қол­данысқа енгізуге ертелеу», – деді Қайрат Пернешұлы. Демек, жүзеге асырылып жатқан жа­­ңа­шыл реформалардың түйінін мем­лекеттік қызметкерлер жете түсінуі тиіс. Себебі, мемлекет енгізген тиімді тетік­­терді қоғамның әрбір азаматына ұқ­ты­­ру – қызметте отырған маманға тіке­­лей байланысты болатындығы белгілі. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»