Оқырман
...жаңалығын жеткізеді
Тігін фирмасы ашылды
Мұнайлы ауданына қарасты Басқұдық ауылы күн санап көркейіп, ауыл көлемінде кәсіпкерлік қанатын кеңге жайып келеді. 30 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда 165 шағын кәсіп иелері тұрақты жұмыс жасап, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Олардың қатары енді тігін фирмасымен толықты. Қазақы ою-өрнекпен безендірілген көрпе-төсек, қоржын мен ыдыс-аяқ қаптары, құрақ жастықтар дайындайтын тігін фирмасы 12 адамды жұмыспен қамтыды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында несие алып мемле-кеттің қолдауына ие болып отырған тігін фирмасы заманауи технологиямен жабдықталған. Құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен шетелдерден алынған. Айына 20-25 қыз жасауын дайындайтын фирма алдағы уақытта мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс iстеуге де ниетті.
– 2011 жылы жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бет бұрып, кәсібімді аштым. Басқұдық ауылдық округінен сатып алған жерге ғимарат тұрғыздым, ішіне заманауи тігін құрал-жабдықтарын сатып алдым. Бүгінгі таңда өзіміздің облысымыздан бөлек Атырау, Ақтөбе облыстарынан тапсырыс берушілеріміз бар. Алдағы уақытта Ақтөбе, Құлсары қалаларынан өзіміздің орталықтарымызды ашуды жоспарлап отырмыз, – деді тігін фирмасының директоры Баян Абдуллаева.
Венера МИРЛАН
Маңғыстау облысы
...өтінішін білдіреді
Үлгі етерлеріміз қайда?
Алматыдағы Абылай хан мен Әйтеке би көшелерінің қиылысында шағын ғана бақ бар. Бұл жер жұрт үшін бұрыннан аптап ыстықта бой тасалап, балаларын ойнататын алаң. Өкінішке қарай, жасыл-желек аясында жүрген бүлдіршіндер түгіл ересек ұл-қыздар да осында ұзақ жылдардан бері мызғымай тұрған тастарға томсырая қарайды. Себебі, «тілден айырылған» тастардағы жазулар олар үшін түсініксіз. Айталық, бір таста: «Бұл жерде Қазақстан тың игерушілердің құрметіне монумент орнатылатын болады» деп жазылса, күтімсіз қалған екінші таста: «1918 жылдың 3 мартына қараған түнде большевиктердің басшылығымен Верный қаласында (қазіргі Алматы қаласы) Совет өкіметі жарияланды. Осы жерде революциялық соғыс комитетінің үйі орналасқан болатын» деген жазу бар.
Екі тасқа да телмірген кез келген бала қалың ойдың құшағында қалады. Өйткені, тың түгіл тракторды да көрмеген қала баласына тың туралы түсіндіріп көр. Екінші тастың тарихын айтып беру үшін, ең алдымен, өткен ғасырға шолу жасау керек... Ал осы маңда тас тұғырға орнатылған монументтер туралы да үнсіз қалуға болмайды. Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға атсалысқан революционерлердің қатарынан М.Фрунзе, Д.Фурманов, В.Куйбышев секілді көсемдерді көресіз де, тағы да ойға қаласыз. Олардың орнында әу баста-ақ азаттықты аңсаған Алаштың ардақтылары неге тұрмайды? Қазақтың қадірлі ұрпағын жастарға үлгі етер ескерткіштер неге қойылмайды?
Д.ЖОЛДАСБЕК
АЛМАТЫ
...ұсыныс жасайды
Атқа міну бізге ұнады
Атқа жайдақ мінудің пайдасы мол екенін тиісті әдебиеттен оқып білгенмін. Жылқымен жай аяңдағанның өзінде оған мінген адамның ағзасында түрлі тербеліс туады екен. Яғни, барлық буын қозғалысқа көшіп, мұның өзі ағзаға оң ықпал етеді деп жазылыпты мен оқыған кітапта. «Буындарың әлі қатқан жоқ. Сондықтан сендерге атқа міну өте пайдалы», деген болатын денешынықтыру пәнінен беретін ұстазымыз.
Сонымен бірге, ол кісі медицина тілінде иппотерапия деп аталатын ем түрі де бар екенін айтып берген еді. Ауданымызда осы иппотерапия тәсілі жолға қойыла бастапты. Соның басты бір мысалы, Көшанкөл ауылындағы «Алау» жазғы лагеріндегі демалған біздер үш сағатқа жуық уақытты аттың үстінде өткізген едік. Салт мініп, серуендеп қайтқаннан кейін біздер бұдан алған алғашқы әсерлерімізбен бөліскен болатынбыз.
Атқа отыру бізге керемет ұнап, бойымызға қосымша күш қосылғандай болды. Ауылға барған соң атқа салт мінуді әдетке айналдырдық.
Диас ҚАЛИОЛЛИН,
Талдыапан орта мектебінің оқушысы
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы
...мәселе көтереді
Отандық телехикаялар қажет
Қазақ көрермені қашанғы шетелдiк телехикая кейiпкерлерi үшiн күйiп-пiсiп, бөгде мәдениеттiң жырымен жұбанады? Кейiнгi уақытта отандық телеарналар эфирiн толықтай жаулаған сол телехикаяларға санасын сарғайтқаны соншалық, елiмiздiң жасы да, кәрiсi де үндiнiң, түрiк пен кәрiстiң салт-санасын, мәдени құндылықтарын өзiнiң төл мәдениетiнен, ұлттық салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпынан әлдеқайда терең бiлетiндей халге жеттi. Бұдан шығатын бiр жол – көрермен көңiлiнен шыққан сол шетел сериалдарымен терезе теңестiре алатындай ұлттық дүниелердi түсiру. Ең бастысы, қазаққа жақын тақырыптарға құрылатын хикаяларды түсiруге көңiл бөлген абзал.
Шындап келгенде, мексикалық, бразилиялық атышулы сериалдарға өзек болып отырған махаббат пен зұлымдықтың, достық пен қастықтың, әдiлет пен әдiлетсiздiктiң, жалпы, ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың тайталасын өз қоғамымыздан-ақ күнiне сан мәрте көрiп, бiлiп жүрмiз. Демек, ынта-ықылас болған жағдайда осы жайттардың бәрiн өз мәдениетiмiзге, дәстүрiмiз бен ұлттық құндылықтарымызға орайластырып, қазақы мазмұндағы тағылымды дүние түсiруге әбден болады. Әрі-беріден соң ұлттық мәдениеттi дамытуға әрқайсымыз мiндеттiмiз. Қазiр iргемiздегi елдердiң бәрi де шетелдiк телесериалдарды өздерiнiң iшкi өнiмдерiмен алмастыруға барынша күш салып жатыр. Мұның барлығы – сырттан болатын рухани экспансияға тосқауыл қоюға тырысушылықтан туындаған әрекеттер.
Мақсат ОРАЛБЕК
Оңтүстiк Қазақстан облысы