Ұлттық кітапханада Парламент Мәжілісінің көшпелі отырысы өтті. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің жұмыс тобы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы бойынша тыңдау жасап, маңызды сұрақтарды талқылады.
«Мемлекет үшін мәдени дамуға тұрақты көңіл бөліп отыру – міндет. Бұл бағытта атқарушы үкіметтің де, заң шығарушы парламенттің де бірігіп істейтін жұмыстары баршылық. Әсіресе, бірқатар заңдардың қайта қаралуы мәдени салаға қатысты құжаттардың тез арада жетілдірілуін қажет етуде. Жалпы жұмыстың жемісті болуы – заңдық негіздегі тетіктердің нақты жұмыс істеуіне байланысты. Мәдениетке қатысты да солай. Біздің депутаттық топ мүшелері мәдени мекемелердің статусы, қызметіне қатысты көптеген жаңа нормаларды әзірлеуге қатысып отыр. Ұсыныстарды талқыға салу үшін сала мамандарының ортасынан келдік», деді жиында сөз алған Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева.
Заң жобасы бойынша талқыға түскен тақырыптардың арасында қызу пікірталасқа ұласқан мәселелердің бірі – отандық кітап өндірісінің жайы болды. Өкінішке қарай, біздің еліміз кітапқұмарлар санатынан емес. Оқырманның кітап оқуға деген ынтасын арттыруға қолбайлау болып отырған кем-кетіктер жетіп артылады. Кітап таралымының аздығы бір мысал болса, басылған кітаптың оқырман қолына жетуі екінші мәселе. Мұның сыртында, жаңа сипаттағы әдеби-көркем шығармалардың жазылуы мен авторлар еңбегінің бағаланылуы тағы сын көтермейді.
«Мен әлгінде бейнесюжеттен Олжас Қасым атты жас ақынның сөзін тыңдадым. Жас Олжас, жаңа заманның, тәуелсіз әдебиеттің Олжасы деуге әбден болады! Сол Олжасқа қарап отырып ұялдым... Біз жаңа буынға ештеңе қалдырмадық. Енді ештеңе бере алмай отырмыз. Жас Олжастың кітабы 2000 данамен шығыпты. 5 баспа табақ өлеңдері үшін 25 000 теңге қаламақы алыпты. Тұтас тираждан өзіне 1 дана ғана кітап беріліпті. Қалғанын ақшаңды бересің де, сатып аласың. Осы лайық па? Жас әдебиеттің өкілі осыны көруі керек пе? Мемлекеттің қамқорлығын сезінбеген өнер – өгей бала сияқты өмір сүреді. Мен өзім соншама атақты ақын болсам да, соңғы 25 жылда шыққан кітаптарым үшін 1 теңге қаламақы алмаппын. Сол арқылы мемлекет менің кәсіби шығармашылығымның лайықты бағасын бермеген сияқты болып шығады. Ия, маған басқа қызметім үшін ақша төлейді және аз емес. Бірақ, мен ақындық еңбегімнің жемісі – өлең жинақтарым үшін лайықты қаламақы алғым келеді», деді талқылау барысындағы сөзінде Қазақстанның Еңбек Ері, ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов.
Айтпақшы, көтеріліп отырған қаламақы жайы толықтырылуға ұсынылған заң жобасында кеңінен қарастырылған екен. Мәдениет министрлігі өкілінің айтуынша, бұдан былайғы кезеңде өкілетті орган әлеуметтік маңызды әдебиет түрлеріне берілетін мемлекеттік тапсырыстың шеңберінде, сатып алынатын шығарма үшін төлем көлемін көбейтпек. Мысалға, бұған дейін авторларға бөлінген қаламақы мөлшері өнімнің әр баспа табағы үшін 25 000 теңгеден аспай келсе, ендігі жерде оның ең төменгі мөлшері 150 000 теңгені құрайтын болады.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ