01 Қараша, 2016

«Ақылды қаланың» адымдары

515 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
astana-khanshatyr«Елорда – Елбасының төл қолтаңбасы» дедік. Өйткені, бұл шаһар Тұңғыш Президенттің бірегей шешімінің жемісі һәм жеңісі. «Астана, пай-пай, шіркін, арман қала!» деп тамсандық. Мұның да себебі айқын: алыс-жақын елдердің «сен тұр, мен атайын» сәулетші-архитекторлары келіп, кеңесіп «пішкен» кескіндерінен, керемет, ғажайып деп танылған туындыларынан туған қала қалай көз сүйсінтпесін, қалай әсем болмасын?! «Астана – айрықша, ғаламдық идеялардың алаңы» дегеніміз бар тағы.   Елді елеңдеткен ЭКСПО Алдымен әлем назарын аударған халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін әңгімелесек. Қозы көш аумақта жүргізіліп жатқан құрылыс жұ­мыс­тары жыл соңына дейін аяқталмақ. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ах­мет­жан Есімовтің айтуынша, байрақты шараға 100 мемлекет қатысады, тағы 18 халықаралық ұйым бар. Көрме кезінде жиырма шақты ел ұлт­тық күндерін өткізеді. Көрме өткізу уақы­ты жақындаған сайын, әлем елдері тарапынан қызығушылық көптеп байқалып жатқан сыңай­лы. Мәселен, жақында Финляндия елі көрмеге қатысатыны туралы келісімшартқа қол қойған. Энергия үнемдеу мен «жасыл технологиялар» саласында алдыңғы қатардағы фин компаниялары ЭКСПО-2017 көрмесіне арнап экспозиция жасауға шешім қабылдаған. Елорда туризмін дамыту – күн тәртібіндегі мәселе. Ал ЭКСПО көрмесі үш айда 5 миллионға тарта қонақ қабылдамақ. Оларға қызмет көрсету үшін дайындық жұмыстары бүгіннен басталып кеткен. Әрине, ең алдымен туристік ақпараттық турлар қолға алынды. Мәселен, 100 шетелдік трэвел-компания үшін жетпістен астам туристік бағдарлар әзірленді. Ақмола туризм басқармасы Астана, Алматы, Ақмола, Павлодар және Сол­түс­тік Қазақстан облыстарының туроператорларына «Щучье-Бурабай» шипажай аймағы бойынша «Бурабай – Қазақстанның қазынасы» ақпараттық-жарнама турын ұсынды. Осылайша, көрмеге келушілер еліміздің көркем жерлерін, мәдени және тарихи нысандарын көруге мүмкіндік алады. Бүгінде 30 жетекші шипажай ны­саны өкілдері және өңірлік туроператорлар ара­сында келісімшарт жасалған. Мамандар көр­меге келетін әрбір шетелдіктің елімізде шамамен төрт күн болатынын әрі 1,5 мың АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсайтынын айтады.   Бұл жүйе жол  жүруді жеңілдетеді Жаздың ортасында ғана «елорда тұрғындары миллионнан асты» деп жар салғанбыз. Мегаполиске айналған шаһар халқының 33 пайызы қоғамдық көліктерді пайдаланады екен. Бұл көрсеткіш аз, әрине. Салыстырып көрелік, «ақылды қалалардың» алғашқы тобынан табылатын Нью-Йорк тұрғындарының 54,3 па­йызы, сингапурлықтардың 63 пайызы, Мәскеу шаһарының 66 пайызы, Лондон халқының 37 пайызы қоғамдық көліктің көмегіне жүгінеді. Десе де, қала басшылығы әлгі санды 45 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Ал ол үшін игілігі мол ілкімді істер үзілмеуі тиіс. Мәселен, «ASTRA PLAT» қоғамдық көліктерде жүру ақысын төлеудің электронды жүйесі – елорданың осы саласын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі. Көлік кешенін жаңғырту жоспарының ажырамас бөлігі десек те қателеспейміз. Жолаушылар тасымалын бұрынғыдан да жайлы етуді мақсат еткен шара қоғамдық көлікті пайдаланушылардың статистикасын оңай қалыптастырып, маршруттық желіні тиімді жоспарлауға мүмкіндік беретін көрінеді. Сонымен қатар, қалтада ақша ұстап жүру қажеттілігінен босатып, қолма-қол ақша ұрлығын төмендетеді екен. Қоғамдық көлік қызметкерлерінің табысты жасырып қалуы, жол жүруге төлем жасау жүйесінің жалпы қолайсыздығы сынды проблемаларды шешетіні тағы бар. Мамандар сөзіне сенсек, жол жүру ақысын төлеудің электронды жүйесі тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсартады, қаржылық айналымдар мен салықтық алымдарды арттырады, жолаушыларды отырғызып, түсіру уақытын қысқартады, «билетсіз жүретіндерді» анықтауға септеспек. Бүгінде жол жүруге арналған көліктік төлем карталарының дизайны мақұлданып, 320-шақты автобусқа арнайы жабдықтар орнатылып үлгерген. Италия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Израиль, Корея, АҚШ сияқты елдердің тәжірибесі пайдаланылған бұл жобаның алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. «Алдын ала жүргізілген бақылаудан жүйенің бірінші кезеңінің жолаушылар тарапынан жақсы қабылданғанын байқадық. Бұл астаналық көлік саласының даму тарихында бірінші рет қала маңына қатынайтын автобустарда қолданылды. Ал жаңа жүйенің оң бағалануы жолақысы орташа есеппен 50 теңгеге, кейбір аймақтарға, мәселен, Бабатайға 120 теңгеге, Аршалыға 100 теңгеге арзандағанымен байланысты. Тарифтер саны 84-тен 5-ке дейін қысқарды. Әлеуметтік жеңілдіктерге ие азаматтар тегін жүреді», дейді «Астана-LRT» ЖШС жолаушылар көлігі бойынша маманы Әбдіхамит Тамабаев. Оның айтуынша, «АSTRA PLAT» электронды жүйесінің екінші кезеңі жүрдек автобустарда көліктік картамен төлем жүргізуге мүмкіндік береді. Осы тұста айта кетерлігі, жүйе толық іске қосылғанша, қала аумағында төлем карталарын сататын отыз автомат пен он касса орнатылмақ.   «SmartAstana» –  «ақылды қаланың» айшығы «Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға қазір зерттеліп жатқан смарт-шешімдердің толық спектрі ықпал етеді. Бұл – жұмыстың ашықтығын арттыру, ТКШ жүйесінің әлдеқайда айқын жұмысын қалыптастыру, қоғамдық көлік, білім, денсаулық сақтау салаларында смарт-шешімдерді енгізу. Бүгінде бірқатар жобалар жүзеге асырылды», дегені бар Астана әкімі Әсет Исекешевтің. Онысы – «Астана Innovations» АҚ қолға алған кәдімгі «SmartAstana» жобасы. Шапағатын көріп, сезініп жүргеніміз де рас. Өткен жылы жобаның бірнеше тармағы инвесторлардың қаржысы есебінен жүзеге асырыла бастаған. Басым бөлігі портал мен «SmartAstana» мобильді қосымшасына біріктірілді. Ол барлық елорда тұрғындары мен қонақтарына қолжетімді. Кез келген адам ұялы байланыс телефонына «Apple Store» және «Play Науket» бағдарламалары арқылы тегін жүктей алады. Мұны қолданушы қалалық автобустардың қозғалысын онлайн режімде оп-оңай бақылап, жол қозғалысы ережелері айыппұлдарын тексере алады. Сонымен қатар, «Интеллектуалдық байланыс орталығына» өтініш білдіріп, халықаралық және ішкі әуе рейстерінің ұшу, ұшып келу уақытын, пойыз, қалааралық автобустардың кестесін қиындықсыз көреді. Қосымшаның «Smart tickets» айдары ар­қылы «Бәйтерек» монументі, «Атамекен Қазақ­стан картасы» этномемориалдық кешені, Жастар сарайы, С.Сейфуллин атындағы музей, Қ.Қуа­нышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры, Мемлекеттік академиялық филармония, Қуыршақ театры сынды мәдени орындарда өтетін іс-шаралар билетін онлайн сатып алуға болады. Жақында спорттық шараларға да билет сатып алу мүмкіндігі тумақ. Қосымша, сондай-ақ, мектептердегі сабақтардың болмауы, тас жолдардың жабылуы мен ашылуы және қаладағы жайсыз ауа райы туралы push-хабарламаларды лезде алу функциясымен ыңғайлы. Бүгінде мұны 60 мыңнан астам адам жүктеп үлгеріпті. «SmartAstana» жобасының бір тармағы – жыл басында іске қосылған «Интеллектуалды байланыс орталығы». «101», «102», «103» секілді жедел қызметтердің қатарына қосылған «109» нөмірі енді қарапайым азаматтарды қаладағы қызмет көрсететін мекемелермен тікелей байланыстырады. Яғни, коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы мәселелерді шешуге барынша көмек бермек. Орталық тек телефон арқылы ғана емес, байланыстың барлық түрлері, атап айтқанда, «SmartAstana» мобильді қосымшасы, «smart.astana.kz» web-порталы және әлеуметтік желілердегі «Astana 109» парақшалары бо­йынша түскен өтініштерге жауап береді. Жоба жүзеге асқаннан бері 150 мыңға жуық өтінім қабылдапты. «Smart мектеп» те оқушылардың қауіп­сіз­дігімен қатар, білім ошағындағы үдерістерді жеңілдетуде. Әзірге қанатқақты бастама елорданың №3 мектеп-гимназиясы мен №15 мектеп-лицейі базасында жүзеге асуда. Мұнда әрбір оқушының ғимаратқа кіріп-шыққан уақыты ата-аналарға SMS-хабарлама арқылы жетеді. «Smart мектептің» ішіндегі «Е-асхана», «Е-кітапхана» айдарлары жеткіншектердің алаңсыз білім алуларына ыңғайландырылған. Сол сияқты, №4 қалалық емханада сынақтан өтіп жатқан «Smart емхана» жобасы медициналық қызмет көрсетудің сапасын жақсартуды көздесе, «Smart көше жарығы» электр энергиясын тиімді пайдалану және көше жарығы шығындарын азайтуға бағытталған. «Smart Payments», «3D тех­но­логиялар орталығы», «Open Wi-Fi», «Қа­у­іп­сіз қала» сияқты жобалардың да алдағы уақыт­та күнделікті өміріміздің қажетіне кеңінен жарары сөзсіз.   Ел игілігін көрген «Экотакси» Үш жыл бұрын ғана таныстырылған «Экотак­си» қызметін бүгінде білмейтіндер кемде-кем. Экологиялық отынмен жүретін көліктердің қызы­ғын қазіргі таңда алматылықтар мен шым­кент­тіктер де көруде. Елордада экологиялық отын­мен жүретін көліктерге арналған ірі такси пар­кін ашуды және келімді-кетімді қонақтарға қоғам­дық қызметтің заманауи түрін ұсынуды мақ­сат еткен жоба бастапқы үдеден шығып та үлгерген. «Astana Mobility» жобасының аясында жүзе­ге асқан «Экотакси» қызметін Президенттің өзі қол­дап, таксопарктің алғашқы жолаушысы атан­ға­ны да көз алдымызда. «Бұл жобаны іске асы­ру ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізуге қала инфра­құрылымын даярлаудағы алғашқы қадам­дардың бірі», деген еді сонда Елбасы риза кейіппен. «Экотакси» қызметі алғаш іске қосылғанда, оңтүстіккореялық «Ssang Yong Kyron» маркалы 100 автокөлік жолға шыққан-тын. Көп ұзамай «Peugeot Partner Tepee» маркалы 70 авто­көлік қатарды толықтырды. Әлем елдерін елеңдеткен ЭКСПО көрмесі кезінде 500-ге жеткізілмек. «Экотакси» жолаушыларының қауіпсіздігін де басты назарға алған. Салонында қажетті жағдай барынша жасалған. Таксидің қайда жүргенін диспетчерлер монитор арқылы бақылап отыратындықтан, жолаушылар көлікті көп күтпейді. Жолақы құнын таксометр есептеп шығарады. Бұл жүрген жолыңыздың қашықтығына байланысты. Негізгі тариф – бес шақырымға дейін – 650-750 теңге. Одан әрі әр шақырымына 140-150 теңге қосылады. Бүгінде экотаксилердің көпшілігіне төлем қабылдау терминалы орнатылған. Оған қоса, «Wi-Fi» ғаламтор желісімен қамтылған. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»