01 Қараша, 2016

Әділ өткен сайлаудан сайлаушы ұтады

494 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Түрлі деңгейдегі мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына депутат сайлау Қостанай облысындағы төрт аудан мен бір қалада өтті. Сайлау өткен тоғыз учаскенің барлығы да бұл саяси науқанға тыңғылықты дайындалды. Мұны осы сайлауға арнайы келген Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина да атап өтті. – Мен сайлау болардан бір күн бұрын Қостанай ауданындағы сайлау учаскелерінде болып, сайлаушылардың дауыс беруіне дайындығын көрдім. Сай­лау учаскелеріндегі ұйымдастыру жұ­мыстары қандай дәрежеде, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері заң­намаларды қаншалықты біледі, сайлау учаскелері қалай безендірілген деген көптеген мәселелерге жауап іздедім. Оны ұйымдастырушылардың соншалықты ыж­дағаттылықпен, сауаттылықпен атқа­ра­тынына риза болдым, – деді Сәбила Са­парқызы журналистермен кездесуінде. Мәслихаттардың шығып қалған депутаттар орнына депутаттар сайлауы облыста Қостанай, Сарыкөл, Дени­сов, Таран аудандары мен Арқа­лық қала­сын­дағы сайлау учаскелер­інде өтті. Бар­лық учаскелерде бақылау­шылар қатыс­ты.Орталық сайлау комис­сиясының мү­шесі Сәбила Мұстафина Денисов және Таран аудандарындағы сайлаудың өтуін өз көзімен көріп қайтты. Саяси нау­қанның ірілі-уақтығына қарамай «Қа­зақстан Республикасының сайлау туралы» Заңының толық жүзеге асқанының куәсі болды. – Әрине, мәслихаттардың шығып қалған депутаттары орнына депутаттар сайлауындағы сайлаушылардың бел­сенділігін елімізде саяси науқанға айнал­ған үлкен сайлаулармен салыстыруға болмайды. Сондықтан күндіз тұрғындар шамалап келді де, түстен кейін олардың бел­сенділігі арта түсті. Біз болған Дени­сов, Таран аудандарында кешке қарай сайлаушылардың 60 пайызына жуығы өз қалауларын жасады, – дейді Сәбила Сапарқызы. Сырткөз байқағандай, мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына үміткерлерін ұсынуда «Нұр Отан» партия­сынан басқа партиялар аса белсенділік танытқан жоқ. Дегенмен, жергілікті тұр­ғындар мәслихаттарға кім көрінгеннің баруын қаламайды, халықтың қалаулылары, белсенді, сауатты адамдардың сайланғанын дұрыс көреді. Мәслихаттарға белсенді, халқының, ауылының қамын ойлайтын депутаттар барса, сол өңірде ауыз су, кө­гілдір отын, жайылым, тағы басқа әлеуметтік және экономикалық мәселелер жөнінде оң өзгерістердің болатыны қазір көпшілікке мәлім. Сондықтан сайлауды ұйымдастырушылар да, дауыс беретін сайлаушылар да сайлаудың әділ өткенін мақсат етеді. Өйткені, әділ сайлаудан тек сайлаушылар ұтады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ