Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы
25 жылдың 25 сәті
Ел тәуелсіздігінің 25 жылы ішінде елімізде ауқымы мен жеделдігі жағынан бірнеше онжылдықтарды қамтитын көптеген жұмыстар жүзеге асып, соның нәтижесінде Қазақстан әлемге танымал қуатты мемлекет ретінде қалыптасып үлгерді. Бұған бірінші кезекте біздің экономика саласындағы жетістіктеріміз үлкен ықпал етті деп ойлаймын. Осы жетістіктердің нәтижесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыған елдерге сәйкес жаңа сапаға көтерудің басты құжаты – «Қазақстан-2050» Стратегиясын жария еткені мәлім. Бұл стратегияны жүзеге асыру үшін индустриялық-инновациялық даму мәселесіне ерекше екпін түсіріліп отыр. Осы жөнінде жасалынған мемлекеттік бағдарлама еліміздің экономика саласында жаңа биіктерге көтерілуінің мүмкіндігін қамтамасыз етіп, түбегейлі өзгерістер енгізетіндігінен үміт мол. Бір сөзбен мұны Индустриялық революция деп атасақ та, артық болмас.
Мемлекеттік деңгейдегі осынау маңызды іс Елбасымыздың тікелей тапсырмасы және қолдауымен қолға алынған болатын. Оның жүзеге асу барысы да Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұр. Елбасының қатысуымен елімізде әр жыл сайын Индустрияландыру күнінің өткізіліп, телекөпір арқылы бүкіл республика халқының алдында жаңа жобалардың тұсауы кесілуі берік дәстүрімізге еніп отыр.
«Тарихи уақыт аса жеделдей түсуде. Әлем қарқынды түрде өзгеруде және болып жатқан өзгерістердің жылдамдығы адамды таңғалдырады… Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда. 2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 пайызын өндіруге мүмкіндік береді. Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр», деген еді Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жария еткен Жолдауында.
Елімізде қолға алынған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әлемдік даму көшінде болатын осындай өзгерістерге жауап беруі тиіс. Өйткені, экономикамызды әртараптандыра отырып, шикізат шылауынан шығуымызға индустрияландыру бесжылдықтарында жүзеге асырылған жаңа жобалар көмектесетін болады. Мұндай жобаларды жүзеге асыру, осы үшін оған қажетті қаржы және технологиялық инвестицияларды тартудың сенімді алғышарттарын қамтамасыз ету ісі Инвестициялар және даму министрлігіне сеніп тапсырылып отыр.
Министрлік өзіне жүктелген барлық бағыттар бойынша, оның ішінде негізгі екі бағдарлама: Индустрияландыру және «Нұрлы жол» (көлік инфрақұрылымдарын дамыту) бағдарламаларын жүзеге асыру жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мен осы мақаламда осының біріншісі туралы ғана әңгіме қозғамақпын.
Бесжылдықтар белесі
Елімізде 2010 жылдан бастап қолға алынған индустрияландырудың бірінші бесжылдығы барысында осы істі орнынан қозғап, жүйеге салудың сәті түсті. Істі алға жылжыту үшін құқықтық және қаржы-экономикалық негіз қаланды. Көліктік, энергетикалық және тағы басқа да өнеркәсіптік инфрақұрылымдар үшін қажетті мәселелер толығымен шешілді. Мұнан кейін қажетті жобаларды әзірлеп, олардың құрылысын жүргізу неғұрлым кеңінен сипат алды.
Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде күрделі істің күрмеуі біртіндеп шешіліп сала берді. «Біріншіден, біз өңіріміздің құрылымын өзгерту бойынша шешуші қадам жасадық. Негізі әртараптандыру сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асуда. Өңдеуші өнеркәсіп көлемдерінің өсу қарқыны алғаш рет дәстүрлі өндіруші салаларға қарағанда әлдеқайда жоғары болды», – деді Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудың бірінші бесжылдығында қол жеткізілген нәтижелер туралы телекөпір барысындағы сөзінде.
2005 жылдан бергі Қазақстанның өңдеуші секторына келген барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызы нақ осы бірінші бесжылдық тұсында салынды. Барлығы 770 жаңа кәсіпорын ашылып, онда 75 мыңнан астам адамға жаңа жұмыс берілді.
Иә, біз бірінші бесжылдық барысында едәуір жағымды көрсеткіштерге қол жеткізе алдық. Осы аталған мерзімде өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 60 пайызға артып, әрбір жұмысшы жыл сайын орта есеппен 20 мыңнан астам доллардың өнімін өндіру мүмкіндігіне ие болды.
Елбасымыздың атап көрсеткеніндей, индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында машина жасау саласында темір жол вагондарын шығару 10 есеге, дизель локомотивтерін шығару 2,5 есеге артты. Осы бес жыл ішінде отандық автоөндірісте жеңіл автокөлік шығару 12 есеге, тракторлар 6 есеге көбейді. Ал мұнай қондырғыларын шығару бұған дейінгі көрсеткіштен 3 есеге өсті. Біз химиялық өнеркәсіпте шығарылатын өнімдер аталымын кеңейттік. Индустрияландыру бесжылдығында отандық құрылыс материалдары 2 есеге артты. Қазір құрылыс материалдарының 63,1 пайызы еліміздің өзінде шығарылатын болды. Ал осы жұмыс қолға алынған кезде ол көрсеткіш бар-жоғы 15 пайыз ғана еді. Цемент өндірісі екі есеге артты. Міне, осындай оңды істер құрылыс саласының дамуына едәуір ықпал етті.
Жалпылай айтқанда, индустрияландыру үдерісінің барысында елімізде өңдеу өнеркәсібінің жаңа 26 саласы пайда болды. Атап айтқанда, автоөнеркәсіп, темір жол машиналарын жасау, титан өнеркәсібі, медициналық техника және құрал-жабдықтар өндірісі, күн, жел энергетикасы және тағы да басқа салалар.
Қазақстанда бұған дейін қолға алынбаған жүк және жолаушылар вагоны, электровоз, жүк, жеңіл автокөліктер және автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратуралары, титан құймалары, дәрі-дәрмектер және тағы да басқа 500-ден астам жаңа өнім түрі шығарыла бастады. Ең бастысы, осы жаңа өндірістердің арқасында сапалы жаңа жұмыс орындары құрылды. 2015 жылы және биылғы бірінші жартыжылдықта Индустрияландыру картасы аясында шамамен 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Индустрияландыру саясатын бірізді жүзеге асырудың нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі саласы тұрақтылығын дәлелдеді және неғұрлым тиімді салаға айналып отыр. Мәселен, 2015 жылдың қорытындысы бойынша, өңдеу өнеркәсібінің дамуы 100,2 пайызды құраса, аталған үрдіс биыл да сақталуда. Үстіміздегі жылдың 8 айындағы көрсеткіш 100,7 пайызды құрады. Бұл өсімге негізінен қара және түсті металлургия, химия өнеркәсібі секілді индустрияландыру бағдарламасының басым салаларының арқасында қол жеткізілді.
Индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған жобалар бүгінге дейін шамамен 6,1 трлн теңгенің өнімін, оның ішінде 2016 жылдың 9 айында 1,3 трлн теңгенің өнімін шығарды. Орташа есеппен алғанда, Индустрияландыру картасы бойынша жұмыс істеп жатқан жобалар ай сайын 160 млрд теңгеден астам соманың өнімін шығарады. 2016 жылдың 8 айында индустрияландыру картасы аясында іске қосылған кәсіпорындар шығарған өнімдердің үлес салмағының өзі жалпы өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің 17,5 пайызына дейін жетуі көп нәрсені аңғартса керек.
Индустриялық бағыттағы жобалар еліміздің экспорттық әлеуетінің артуына да лайықты үлес қосуда. Мәселен, 2010-2015 жылдары іске қосылған Индустрияландыру картасының жобалары бойынша экспорттық өнім көлемі 1,5 трлн теңгені құрады.
Экспортқа өнімдер шығарушы елдер рейтингінде Қазақстан 2010 жылдан бері экспорт көлемі бойынша 5 саты алға басып, 43-ші орынға ие болды. 2010-2015 жылдар арасында экспорттағы өңделген тауарлар үлесі 23 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайды. Бұл кезеңде экспортқа шығаратын тауарларымыздың номенклатурасы 777-ден 824-ке дейін арттырылды. Қазақстанның экспортқа шығарылатын өнімдер тізбесінде 47 жаңа тауар пайда болды. Олардың қатарында локомотивтер, жеңіл автомобильдер, ауыл шаруашылығы бұйымдары мен заттары, киім-кешек және басқалар бар. Қазақстан 2015 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің 117 мемлекетіне тауарлар экспорттады.
Көкжиектер көмбесі
Еліміз жаһандық экономикадағы күрделі жағдайға қарамастан индустриялық саясатты жүзеге асыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаһандық нарықтық және технологиялық трендтерді ескере отырып, индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның қайта бір сүзгіден өткізіліп, өзектендірілгендігін, яғни оның кейбір бағыттарын алға жылжыту мәселесіне белсенді сипат берілгендігін айта кетуіміз керек. Мәселен, бағдарлама бойынша енді іске қосылатын жобалардың еңбек өнімділігі мен экспортқа бағытталушылық тұрғыдағы маңызы негізгі көрсеткіштер ретінде айқындалып отыр.
Сонымен, бағдарлама бойынша негізгі басымдықтар қатары 5 сала бойынша мейлінше экспортқа бағытталған 8 секторға дейін қысқарды. Бұл 8 сектор біздің индустрияландыру мәселесінде негізгі назар аударылатын салаларымыз ретінде таңдап алынды. Олар – қара және түсті металлургия, мұнай өңдеу, мұнай-химия және агрохимия, азық-түлік тағамдары өндірісі, автокөлік жасау және электр техникалық машина жасау.
Енді бұл 8 сектордағы индустриялық жобаларды жүзеге асыруға бірқатар артықшылықтар жасалынатын болды. Мәселен, нақты жобалар бойынша инфрақұрылымдық қолдаулар көрсетіліп, ұзақ мерзімді лизингтер беру және Қазақстан даму банкі арқылы несиелендіру, жобалық компаниялардың жарғылық капиталына кіру және т.б. қосымша көмек амалдары ұсынылады.
Жалпы, осындай мемлекеттік қолдау шараларының өзі индустрияландыру ісінің жылдан-жылға нығайып, барған сайын күшейе түсуіне тиімді әсер еткендігін айта кетуіміз керек. Мәселен, бірінші бесжылдықта индустриялық бағдарламаның жобалары барлық өнеркәсіп өндірісінің 10 пайызын берсе, өткен жылы 14 пайызын берді. Ал биылғы 2016 жылдың 1 тоқсанындағы нәтиже бойынша индустрияландыру жобаларының өнеркәсіп өнімдеріндегі үлесі 20 пайызға жетті. 6 жылда шамамен 200 мың жаңа жұмыс орны құрылды. 2015 жылы экономикада ашылған жалпы жұмыс орындарының әрбір үшіншісі индустрияландырудың үлесінде.
Сонымен, индустрияландырудың 2010-2014 жылдарды қамтыған бірінші бесжылдығында оған қажетті базалық жағдайлар қалыптастырылып, заңдар, тиісті шаралар, инфрақұрылымдар әзірленсе, былтырғы жылдан бастап қолға алынған екінші бесжылдықтың міндеттері дайын өнімдер шығаруға көшетін базалық индустрия құру жұмыстарын бір ізге, қалыпты жүйеге салу, яғни қорытындылау болып отыр. Бұл – тек фосфор сату емес, тыңайтқыш сату, тек металл емес, одан бұйымдар жасап сату деген сөз.
Сөйтіп, 2025 жылға қарай Қазақстан аймақтық нарықта берік орнығып, тек тауар ғана емес, оны пайдалану бойынша дайын өнімдерді де экспорттайтын болады. Бұл мәселеге салалар бойынша келсек, қара металлургияда сапасы мен беріктігі жоғары, коррозияға шыдас беретін озық болат түрін шығаратын аз тонналы кәсіпорындарды дамытуға күш саламыз. Сонымен бірге, дайын бұйымдар өндірісін арттырамыз.
2018 жылы болат өндірісі жылына 6 млн тоннаға дейін артады.
Түсті металлургияда 2017 жылы Ақтоғай ТБК құрылысы бойынша жоба қолға алынады.
Агрохимияда өндірілетін өнім түрлерін кеңейтуге күш саламыз. Тыңайтқыштардың азотты, фосфорлы, калийлі және кешенді барлық түрлерін өндіруге кірісеміз.
Қаратау фосфорит бассейні кенішінде минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысының бірінші кезеңі аяқталып, екінші кезеңінің құрылысы жүзеге асырылуда.
2018 жылы минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты қайта жаңғырту басталады.
Сонымен бірге, биыл үштекті фосфор және глифосат өндірісі бойынша жаңа жоба іске қосылады.
Автомобиль жасау бойынша 2025 жылға қарай ірі сериялы автокөлік өндірісін қолға алып, алдағы үш жылда жинақтауды 50 пайызға жеткізу, Орталық Азия мен Ресейге көлік экспорттау жоспарланып отыр. Бұған бізде мүмкіндік мол. Өйткені, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері машина жасау өнеркәсібінің көлемі 17 есеге өсіп отыр.
Ертеңгі күннің экономикасы
Осы жылдар ішінде біздің түпкілікті бетке ұстаған бағытымыз – инновациялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша жаңа жетістіктерге қол жеткізілді. Инновациялық белсенді кәсіпорындар үлесі 2 есе өсті. Кәсіпорындардың технологиялық инновацияларға кеткен шығындары 5,5 есе өсіп, жылына 635 млрд теңгені құрады.
Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекелестіктің жаһандық индексінде Қазақстан соңғы 6 жылда елдің инновациялық сипатын көрсететін екі субфактор бойынша өз орнын айтарлықтай жақсартты. Ал технологиялық дайындық бойынша 26 саты алға басып, 56-орынға табан тіреді. Инновациялық әлеуеті бойынша 42 саты көтеріліп, 59-орынға орнықты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, индустрияландырудың екінші бесжылдығында инновацияны дамытуға басым көңіл бөлінетін болады. Соның ішінде инновациялық-технологиялық саясат шетелдік технологиялық трансфертке бағытталатын болады. Базалық салалардың (ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургия, мұнай-газ химиясы, көлік-логистика кешені және т.б.) технологиялық тұрғыдан артта қалып кетпеуіне айрықша көңіл бөлінеді.
Сондай-ақ, отандық экономикада жаңа салаларды қалыптастыру үшін ғылым, бизнес және мемлекеттік институттар өкілдерін біріктіретін технологиялық платформаларды құруға қолдау көрсетіледі. «Технологиялық даму ұлттық агенттігі» мен «Инновациялық технологиялар паркі» қызметі гранттық қаржыландыру арқылы инновацияны ынталандыруға, венчурлық қорлардың және трансұлттық корпорациялардың инвестицияларын тартуға бағытталады.
Қазақстанға жоғары технологиялы трансұлттық компанияларды тарту шеңберінде «Алатау инновациялық технологиялар паркі» технологияларды дамытудың бес орталығын құру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Жыл соңына дейін оның біреуі іске қосылады. Ол – жер қойнауын пайдаланушы компанияларды автоматтандыру бойынша 2 қанатқақты жобаны жүзеге асыратын ТМК технологиясын дамыту орталығы.
Өткен жылы Дербес кластерлік қор технологиялық даму орталықтарын құрудың стратегиялық бағыттарын айқындады. Мынадай 5 бағытқа басымдық берілетін болды:1.Индустрия; 2.Жаңа материалдар және аддитивті технологиялар; 3. Жаңа энергетика және жасыл технологиялар; 4.Қаржылық технологиялар; 5. Смарт-технологиялар.
Инвестициялар игілігі
Әрине, жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы айтарлықтай ауқымды қаржы шығындарын қажет еткені түсінікті. Бүгінгі әлемде инвестициясыз бір істі бастаймын деудің өзі мүмкін емес. Сондықтан елімізде дайын өнімдер шығарып, қосылған құн көлемін арттыра түсетін өңдеу саласына инвестиция тарту мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Өйткені, салынуы мен жаңартылуы тиіс кәсіпорындардың барлығын мемлекет есебінен салып шығу мүмкін емес, әрі бұл дұрыс саясат та болып табылмайды.
Индустрияландырудың бірінші бесжылдығындағы жобаларды іске асыру кезінде өңдеуші секторға 17,6 млрд АҚШ долларын құрайтын тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Бұл – осының алдындағы 5 жыл көрсеткішінен 2,9 есе көп.
Осы ретте айта кететін бір мәселе, индустриялық бағыттағы жобалардың 93 пайызы жеке бизнес қаржысы есебінен жүзеге асырылса, тек 7 пайызы ғана мемлекет қаржысы арқылы іске қосылды. Соның ішінде жалпы сомасы 277 млрд теңге болатын 26 жоба ғана (инфрақұрылымдық жобалар, АӨК жобалары, ғарыштық қызмет және т.б) мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылды. Мұның өзі елімізде индустрияландыру саясатын жүзеге асырудың неғұрлым тиімді экономикалық тетігінің табылғандығын көрсетсе керек.
Негізгі капиталға салынған инвестицияның оң динамикасы әлемдік инвестициялық ахуал нашарлай бастаған қазіргі күнге дейін сақталып келеді. Мәселен, 2016 жылдың 8 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,8 пайыз өсіп, 4,3 трлн теңгені (12,6 млрд доллар) құрады. Соның ішінде негізгі капиталға салынған инвестицияның үштен бірі, яғни 3,8 млрд доллары немесе 1,3 трлн теңгесі сырттан тартылған инвестициялар болды.
Биыл бірінші жартыжылдықта тікелей шетел инвестициясының келуі артып, 5,7 млрд долларды құрады. Индустрияландыру бағдарламасының арнайы бағытталған салаларына: химия өнеркәсібі, фармацевтика, машина жасауға келетін инвестиция көлемі артты. Шетелдік инвестицияларды тарту бойынша оң динамиканың қалыптасуы еліміздегі инвестициялық ахуалдың жақсаруымен байланысты. 2017 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Инвестициялар комитетіне кіру жөнінде жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл Қазақстанның инвестициялық ахуалы әлемдік стандарттарға сәйкес екенін көрсетеді.
2016 жылдан бастап инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты (300-ден астам мемлекеттік қызмет) енгізілді. 3500-ден астам инвесторға кеңес берілсе, 3300-ден астамына мемлекеттік қызмет көрсетілді. Келесі жылдан бастап «бір терезе» электронды форматқа көшірілмек.
Инвестициялық омбудсмен институты шеңберінде инвесторлардың құқығын қорғау жұмысы жүргізілуде. 2015 жылдан бастап 90-нан астам инвестор омбудсменге жүгінген. Бұл аталған институтқа деген сенімнің артқанын көрсетеді. Сонымен бірге, инвесторлардың көптеген мәселелері шешімін тапқанын айта кетейік.
Трансұлттық компанияларды тарту жұмыстары аясында 2016 жылы италиялық Tenaris компаниясының қатысуымен (жалпы инвестиция көлемі 14 млрд теңге және 90 жаңа жұмыс орны құрылады) құбыр өндірісі бойынша жоба іске қосылды.
«ЕуроХим» трансұлттық компаниясының қатысуымен минералды тыңайтқыштар шығаратын химиялық кешеннің құрылысы басталды. Оған салынатын инвестиция көлемі 300 млрд теңгені құрайды. 1200 жұмыс орны ашылатын болады. Биыл жыл аяғына дейін трансұлттық компаниялардың қатысуымен 2 жоба қолға алынады: Алматы қаласында инвестиция көлемі 17 млрд теңге болатын үлкен диаметрлі болат құбырлар зауытын салу (CNPC, ҚХР) және инвестиция көлемі 50 млрд теңгеден асатын техникалық газ өндірісі (AirLiquid, Франция) жобаларын жүзеге асыру қолға алынды.
Сонымен бірге, кейбір инвесторлармен және трансұлттық компаниялармен белсенді жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Carmeuse Group компаниясымен (Бельгия) жоғары сапалы әктас өндіретін зауыт салу; Hikma компаниясымен (Иордания) Алматы қаласында фармацевтикалық өнімдер өндіретін зауыт салу; Cremonini компаниясымен (Италия) ет өңдеу зауытының құрылысын жүргізу; Renault-Nissan-АвтоВаз компаниясымен (Франция, Жапония, Ресей) - «АЗИЯ АВТО Қазақстан» АҚ негізінде LADA Granta, LADA Kalina Wagon, LADA Vesta, LADA X-Ray автомобильдерін толық циклда шығару; Iluka компаниясымен (Австралия) сирек кездесетін металдарды өңдеу бойынша зауыт салу; Solvay компаниясымен (Бельгия) пероксид сутегінің өндірісін оқшаулау жөніндегі жұмыстар неғұрлым белсенді сипатқа ие болуда.
Осы ретте кейбір проблемалы мәселелерге қарамастан, арнайы экономикалық аймақтар инвестиция тартудың тиімді құралы болып отырғандығын айта кетуіміз керек. Мысалы, Альстом, Дженерал Электрикс, Тенарис сияқты компаниялар өз өндірістерін арнайы экономикалық аймақтарға орналастырды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 10 АЭА құрылған.
Қазіргі уақытта арнайы экономикалық аймақтарда жалпы сомасы 390 млрд теңге болатын 148 жоба жүзеге асты. Олардың 22-сі шетелдіктердің қатысуымен орындалды. Енді жүзеге асатын 2,6 трлн теңгенің 99 жобасы бар. Жалпы, бізде 30 млрд доллардың 220 жобасы әзірленуде. Оның 20-дан астамы трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге аспақ.
Түйін
Мен осы мақаламда экономикамыздың мұнан кейінгі кезеңде дамуына жаңа серпін бере бастаған инфрақұрылымдық жобаларға тоқталған жоқпын. Өйткені, олар жөнінде «Егемен Қазақстан» газетінде жеке мақала жарық көрген екен. Әйтпесе ғасыр жобасы аталып, құрылысы биылғы жылы аяқталып, пайдалануға берілгелі отырған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бір өзі неге тұрады?! Биылғы жылдың соңында толығымен іске қосылатын бұл жобаның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына үлкен тарту болары анық. Өйткені, біз осы арқылы осыдан бірнеше ғасырлар бұрын Қытайдан басталып, біздің өңірімізді көктей өтіп, бір саласы Парсы шығанағы арқылы Еуропа елдеріне жететін көне Жібек жолын қайта жаңғыртқалы отырмыз.
Бұл халықаралық көлік дәлізі Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасын жалғайтын алтын көпір елге айналуына өлшеусіз қызмет ететін болады деп есептеймін. Мұның сыртында ел өңірлерін бір-бірімен жалғастыратын қаншама автокөлік және темір жолдар іске қосылды. Шамасы, соңғы ширек ғасырда посткеңестік елдер арасында автокөлік және темір жолдарды Қазақстаннан көп салған ел жоқ шығар. Өйткені, бұл көрсеткіш алып Ресейдің өзінде бізден артық емес екендігі байқалуда.
Оның сыртында, әлемнің көптеген елімен ұшақ қарым-қатынасын орнықтырып, қызметі халықаралық деңгейде стандартталған әуе компаниясын құрдық. Елімізде ғарыш саласының қызметін қалыптастыра, оның тиісті инфрақұрылымдарын құра және дамыта отырып, осы бойынша әлемдегі санаулы елдердің қатарына қосыла бастадық. Әрине, осылардың әрқайсысы жеке тақырып болуға лайық аса ауқымды жұмыстар, ел Тәуелсіздігінің жетістіктері.
Жалпы, индустрияландыру мен инфрақұрылымдық даму біз үшін қазіргі кезеңде бірінен бірін бөліп алып қарауға болмайтын егіз ұғымға айналды десек, артық айтқандық емес. Біз қазіргі кезеңде экспорттық басымдық берілген индустриялық жобалар арқылы өндіріліп отырған жаңа өнімдерімізді осы инфрақұрылымдық жобалар; жаңа автокөлік жолдары, темір жолдар арқылы сыртқа шығаруды, ел өңірлеріне жеткізуді қолға алдық. Яғни, жаңа индустрияландыру ісін сан қырынан қарастыра отырып, кешенді түрде жалғастырып келеміз. Ал мұның нәтижесі көп өтпей-ақ өз жемісін беретіні күмәнсіз.
Жеңіс ҚАСЫМБЕК,
Инвестициялар және даму министрі